Әлеуметтік сала ұдайы басты назарда

Жолдауда еліміздің өркендеу жолындағы бірқатар реформалар мен тұжырымдамалар айтылды. Осының ішінде әлеуметтік бағыттағы, жалақы мөлшерінің өсуі бар.

1 қыркүйек халқымыз үшін аса маңызды әрі айтулы күн болды. Дәстүрлі Білім күнімен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-шы бабына сәйкес VIIІ шақырылымдағы, Парламенттің екінші сессиясында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Бұл туралы, Жолдауда президентіміз:

– Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді, – деді.

Бұл тәуір көрсеткіш деп ойлаймын. Жалақы мөлшері, әр жыл сайын осылай өсе берсе, алдағы жылдарда халқымыздың экономикасы жақсаратынына сенімім зор.  Мемлекет басшысы «Өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек» деп еңбек қауіпсіздігіне де баса назар аударды. Сонымен бірге, жолдау барысында көптен бері шешімі табылмаған, неше түрлі пікірлер айтылып, талқыға түсіп келе жатқан Атом электр станциясы туралы түпкі шешім қалай қабылданатынын айтты:

– Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан, оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз, – деді Президент. Еліміз уран өндіруден алдыңғы қатарда екенін ойласақ, атом станциясын салу дұрыс деп ойлаймын. Бірақ, халқымыздың есінде қалған Семей полигонының қасіретін ескерсек, егжей-тегжейлі талқылаған да жөн. Және де интернет-платформаларды немесе платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, қызметтер көрсету немесе жұмыстарды орындау жөніндегі қызмет түрі туралы «Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Онда цифрлы экономиканың рөлі арта түспек. Платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келеді. Осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда, олардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан, осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Биылғы Жолдау Әділетті Қазақстан мен адал азаматтың өзара бірлігі үйлесім табатын экономикалық бағдары айқын зайырлы мемлекетіміздің болашағына деген нық қадам. Жаңа реформалар мен бағдарламалар алдағы үмітімізге жол ашпақ. Ел Президенті Жолдау соңында «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын» деді. Барлығымыз да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарының» аясында жұмыс істеп, елімізді бірге көркейтейік!

Алмагүл ИСАХМЕТОВА,
Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік
бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының
орынбасарының міндетін атқарушы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар