Іске асыру әркімнің міндеті болуы керек

Бүгінде әлем көрпесін кеңге салып, болмыс-бітімін де өзгерту үстінде. Кімнің өрісі кең, өресі биік, соның айы оңынан туылары хақ. Қазақстан жас мемлекет болса да, алар асу ауқымды, көтерілер биігі еңселі ел деп білеміз.

Отыз жыл тәуелсіздігімізде осы мақсат біздің  басты мұратымызға айналды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауын оқып отырып, көп ойға қалдым. Бізге экономикада да, қоғамдық даму үдерістерінде де серпінді жандану керек екені айқын айтылды. Себебі, әлем қол қусырып отырған жоқ.

Президент сөзімен айтсақ: «Әрине, басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қарай ұмтылып, дамуда. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды.

Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс.

Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады» деді.

Шынында, бізге көштің тізгінін жаңа арнаға бұрмасақ, соқпағымыздағы бұралаң жолдар аяғымызды орары хақ. Сондықтан елдегі экономикалық өрлеудің жаңа тетіктері жасалса, халықтың әл-ауқаты да көтеріледі. Мемлекеттің іргесі бекитін басты қағидаттың бірі – осы экономика екенін ешкім жоққа шығармаса керек.

Мемлекет басшысы тағы бір сөзінде еліміздің мықты өнеркәсіп негізін қалыптастыру арқылы өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жетудің жолын ұсынды. Біз шетке көп иек арта бергеніміздің де кейде өрісімізді кеңейтпейтіні бар. Ал, барлық халықтың мұқтажы өзімізде өндірілсе, бұл көш-керуенімізді алға сүйрейтіні анық.

Қазір әлемдегі экономикалық тепе-теңдік те күрт өзгеру үстінде. Ешкім қазақтың қамы үшін бас ауыртпайды. Қайта осы елді мекен еткен әр адам Ұлы даланың қам-қаракеті үшін тынбай еңбек етуі маңызды. «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың “Толық адам” ілімінен бастау алатын “Адал азамат” тұжырымдамасының түпкі мәні – осы» деді ғой Президент.

Біздер, ардагерлер, елдегі ақсақалдар кеңестері атынан үн қатып, осы Жолдауда айтылған маңызды міндеттерді шешу ісінде ешкім тасада қалмауы керек деп ойлаймыз. Елдің үлкені де, кішісі де, ең алдымен мемлекет мүддесін бәрінен биік қойса, алынбайтын қамал жоқ. Жеке бастың күйбеңімен кете берсек, кедергілерге де жолығамыз. Ал, үніміз бір, сөзіміз ортақ, ойымыз бір жерден шықса, алдағы жылдарда жаңа белестерді бағындырарымызға еш күмән жоқ. Ең бастысы, ертеңгі күнге деген семімізді жоғалтпайық. Ал, ақсақалдар кеңестері осы келелі әңгіменің түйінін тарқатып,  жастардың да санасына құя алса, ісіміздің алға басқаны деп білеміз. Ендеше, елдік істерден сырт қалмайық, ағайын дегім келеді.

 Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облысы ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар