Болашақты бағдарлап, баянды етудің нақты бағдары

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы  Жолдауымен алғаш танысқан сәттен бастап,оның негізгі мағынасы елдің экономикалық әлеуетін реформалауға және жетілдіруге бағытталғанын байқаймыз. Осы орайда, Президенттің кезекті Жолдауы алдымызға нақты жоспар мен мығым мақсаттарды бағдарлап беріп отыр.

Бұл ең алдымен, халықтың әлеуметтік   жағдайын күшейтуге ықпал етеді. Жоспар нақтыланбай, мақсат айқындалмайды. Өткенге көз жүгіртпей, болашаққа бет бұру да мүмкін емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы әр Жолдауында дамудың жаңа  бағыттарын  белгілеп, елдің жағдайын көтеруге ерекше көңіл бөліп келеді.Осы күнге дейінгі Мемлекет басшысының белгілеп берген бағыттарының басым көпшілігі жүзеге асты деуге болады.

Мәселен, 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы екі есеге артса, дәрігерлердің жалақысы да айтарлықтай өсті. Халыққа зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік берілді. Бала күтімі бойынша демалыс 1,5 жасқа дейін ұзартылды және әйелдердің зейнеткерлік жасы 61 жасқа дейін төмендеді. Сонымен қатар, республика бойыншаигерілмеген немесе заңсыз берілген8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағытта «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер Аманаты» комиссиясының жұмысын атап өту қажет. Біздің өңірде осы комиссияның күшімен өткен жылы мемлекет меншігіне 302 мың гектар, ағымдағы жылдың басынан бері тағы 142мың гектар жер қайтарылды.

Президент ел экономикасын ілгерілетуде ауылдық өңірлерді дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта Үкіметке «Ауыл аманаты»жобасын одан әрі жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Жаңа бастамажақсы жүзеге асырылуда деп айтуға болады. Бүгінгі таңда Ақмола облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1,2 миллиард теңге бөлініп, осы күні 150 өтінім мақұлданды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «AMANAT»партиясының «Қарызсыз қоғам»жобасын ерекше атап өтті. Ол Үкіметке партиямен ынтымақтастық аясын кеңейтуді тапсырды және бүкіл ел жобадан пайда көруі тиіс екендігін айтты. Бұл жобаға оқыту барысында біздің азаматтар қаржылық мәселелерді шешуді, ағымдағы несиелерді қысқартуды, ақша қаражатын басқаруды және шығындарды оңтайландыруды қоса алғанда, қаржыны кешенді басқаруды үйренеді.

Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі мәселелердің бірі.  Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіні белгілі. Президент Жолдауында бұл мәселеге тектен-тек тоқталған жоқ. Себебі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет.

Жолдауда мемлекет басшысы су реформасына да баса назар аударып, 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керектігін жеткізді. Бұл Егіндікөл ауданында соңғы бірнеше жыл бойы халыққа судың берілмей, Нұра су құбырының қайта-қайта істен шыға беруіне де қатысты. Бұл мәселе партия алаңдарында бірнеше рет көтерілген болатын.

Сондай-ақ, Президент өзінің Жолдауында мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңның қабылдануына ерекше назар аударды. Білім беру және денсаулық сақтау объектілерін аралау, халықпен кездесулер барысында мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығы және мердігер ұйымдардың жұмыс мерзімдері мен сапасының сақталуына жауапкершілігі жөнінде халықтан өтініштер келіп түсуде.

Президент өз Жолдауында автомобиль жолдарын салу саласындағы мәселелерді шешуді тапсырды. Бүгінгі таңда автомобиль жолдарының сапасы сынға төтеп бере алмайды. Қ.Тоқаев бұл саланың негізгі себептерін атап өтті, бұл жұмыстарды кешіктіріп және сапасыз орындау, сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі, бәсекелестіктің төмендігі. Президент бұл мәселеге ерекше назар аударып, бақылауды күшейту, жаңа нормативтік құжаттарды қабылдау қажеттігін атап өтті. Аршалы, Целиноград, Зеренді аудандары мен Қосшы қаласында жол төсемін бұзатын ауыр салмақты автомобильдер проблемасы өзекті күйінде қалуда. «AMANAT» партиясынан мәслихат депутаттары мен тұрғындар кездесуінде бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Жаңа министрлік көліктік бақылау саласындағы жұмысты қайта қарап, күшейтуі қажет.

Жолдау – бұл жай ғана тапсырмалар жиынтығы емес, бұл идеологиялық мәні зор құжат. Егер Президенттің Жолдауын мұқият оқып шықсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемшілдік, тәртіп, жауапкершілік қағидаттарына қаншалықты мән беретіні туралы қорытынды жасауға болады. Құжаттағы Абайдың әділ мемлекет пен біртұтас қоғамның берік негізі болып табылатын «толық адам» туралы ілімінен бастау алатын «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» тұжырымдамасы да кездейсоқ емес. Мұның бәрі қайтсек іргелі ел, озық ұлт боламыз деген Мемлекет басшысының ұмтылысы. Сол ұмтылысқа сай болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару біздің, халықтың, соның ішінде «AMANAT» партиясының да абыройлы парыз-міндеті.

Берген БЕСПАЛИНОВ,
«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық
филиалының
атқарушы хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар