Дамыған экономика – тұрақтылық кепілі

2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады

Президенттің жылдағы дәстүрлі Жолдауы еліміздің алдағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының стратегиялық жоспары нақты бағдарламасы болып табылады. Жолдауда айқындалып айтылған мәселелер мемлекеттік органдардың орта мерзімдік жұмыстарының бағыт-бағдарын айқындап, мемлекеттік аппараттың үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі үшін маңызды құжат.

Мемлекет басшысы «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда», – деп өнеркәсіптегі терең өңдеу механизмдеріндегі мәселелерге тоқталып нақты тапсырмалар берді.

Мәселен, қазір біз көп жағдайда металл, бидай сияқты экспортқа шикізат шығарудамыз, ал, осы металдан шетелдік кәсіпорындармен бірлесіп автокөліктің қосалқы бөлшектерін, құрылысқа қажетті металл өнімдерін, бидайдан ұн және ұннан жасалған соңғы өнім, яғни пайдалануға дайын өнім шығарылса нақты сол салада еңбек етуші жұмысшылардың әл-ауқатының және жалпы ел экономикасының дамуына өзіндік серпінді әсерін тигізер еді.

Президент сонымен қатар, елдегі мемлекеттік сатып алулар жүйесі сияқты мәселелі салаларға тоқталып, барлығы да еліміздің дамуына қызмет ету керек деп, ондағы сапа мен бағаның қайшылықтары мен басқа да олқылықтарды атап өтті. Су тапшылығы жағдайында суды рационалды пайдаланып, басқару үшін елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатын болды, осы министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.

Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер.

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады.

Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы.

Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды.

Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды.

Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз.

Марат ӨТЕГЕНОВ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ҒСТ төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар