Жыл сайын дәстүрге айналған театрлар маусымының ашылуы келе жатыр. Күзде қоштасып, көктемде қайта оралған жыл құстарындай, бұл да театр сүйер қауымның көңіліне ізгі әсер қалдыратын айтулы мереке. Осыған орай, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық музыкалық-драма театрының танысып қайттық.
Театр, биыл 27-ші маусымын ашпақ. Актерлер мен режиссерлерді, жалпы ұжым театр маусымына қызу дайындықта екен. Айтулы күнге, театр ұжымының ұсынары да өзгеше. Көп театрлардың қолы жете бермейтін Орталық Азияның әйгілі театр режиссерлерінің бірі, Тәжікстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Кирил Лавров атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы және драматург Барзу Абдуразақовтың режиссерлігімен театр маусымында жаңа қойылым қойылмақшы. Аталған танымал режиссердің, Орта Азия мен Ресей театрларында 50-ден астам қойылымдары іске асырылған. Және де қазақ театрлары, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында Сирия драматургі Саадала Ваннустың «Сұлтанның аты – сұлтан» комедиясы (2021), Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Ләйлі-Мәжнүн» пьесасы, тағы басқа көптеген қойылымдары қойылған. Осы жолы Көкшетау жұртшылығына жақсы көңіл-күй сыйлау үшін тәжік режиссері облыстық театрмен қоян-қолтық жұмыс атқарып жатқанын байқадық.
Ш.Құсайынов театры, жас бүлдіршіндерге арналған «Қуыршақ» театры труппасында «Қасқыр мен жеті лақ» ертегісін даярлап, жаңа маусымнан бастап көрермен назарына ұсынбақ. Ертегінің сахналық нұсқасын жазған Манарбек Қыдырбай, қоюшы режиссер Болат Абдрахманов, қоюшы суретшісі Маймұра Топанбаева. Және де пандемия салдарынан көрермен назарына онлайн ғана ұсынылған жаңа қойылымдардың бірі А.Цагарелидің «Ханума» музыкалық комедиясы, жаңа маусымнан бастап өзгеше сипатта жаңа құраммен толықтырылып, көрермен назарына ұсынылмақ. Қойылым режиссері Болат Абдрахманов.
Сонымен бірге, аталмыш театр жаңа маусымда жаңа музыкалық оркестрді қатарға қоспақ. Жаңа оркестрге музыкалық аспапта шебер ойнайтын кәсіби мамандар алу үшін 18 тамызда арнайы кастинг өткен. Нәтижелі көрсеткішке ие болған түрлі аспап иелері, алдағы уақытта музыкалық оркестрдің белді мүшелеріне айналады. Қосымша, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры, ағымдағы жылы қыркүйек айының 19-24 аралығында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында өтетін Қ.Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған «Сын – шын болсын» атты республикалық театр фестиваліне жолдама алған. Ал, театр маусымының ашылуы қазан айына жоспарланып отыр.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.