Алғашқы қоңырау сыңғырлап…

Қыркүйектің таңы неткен арайлы,
Қоңырау үні жаңғыртады маңайды.
Ұстазымен сапқа тұрған бүлдіршін,
Қызықтырар талабымен талайды.

1 қыркүйек – Білім күні! Бұл күн – кітап мерекесі, гүлдер мерекесі, сыныптастар мерекесі. Дәл осы күні еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, салтанатты жиындар ұйымдастырылды.  №6 мектеп-лицейінде де Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті.  Биыл бұл білім ордасының іргесі қаланғанына 80 жыл толып отыр.

Салтанатты жиын мемлекеттік Әнұраннан бастау алды. Дәстүр бойынша бірінші болып бірінші сынып оқушылары мен сынып жетекшілері таныстырылды. Биылғы оқу жылында 231 оқушы мектеп табалдырығын аттады. Олардың арасында осы күні туған Алёна Кайсина да бар. Оған мектеп-лицей директоры Гүлнәр Әбдіқасымова салтанатты түрде сыйлық табыстады. Мектеп директоры Салтанатты жиын қонағы – еңбек ардагері, тура жарты ғасыр бұрын мектеп құрылысына қатысқан құрметті құрылысшы Юрий Феоктистов, оқушы болу күрделі әрі қызықты үдеріс екендігін айта кетіп, жас ұрпақты жаңа оқу жылымен құттықтады. Музыка пәнінің мұғалімі Ержан Есімов «Қазақстан» әнін орындады, келесі кезекте бірінші сынып оқушылары мәнерлеп өлең оқыды. Содан кейін он бірінші сынып оқушылары, жүзуден спорт шеберлігіне кандидат Адият Ермеков, қалалық, республикалық шахмат сайыстарының жеңімпазы Илья Роголев, «Гармония звуков и слов» қалалық оқырмандар байқауының жүлдегері, «Arte Italiana» халықаралық өнер фестивалінің лауреаты Анастасия Пивнева мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға жылы лебіздерін білдірді. Ұрпақтар сабақтастығы ретінде 11 сынып оқушылары мен мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер би биледі. Алғашқы қоңырау соғу құрметі 1 сынып оқушысы Злана Морина мен республикалық ғылыми жобалар конкурсының гран-при иегері Дамир Қайырға берілді.

Сондай-ақ, биыл жазда мектеп-лицейінің ескі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өткен жөн. Оның барысында білім ордасының шатыры ауыстырылып, қасбеті жаңартылды. Қазіргі уақытта мектептің ескі ғимараты 2020 жылы салынған жаңа ғимараттан кем түспейді. Барлық терезелер пластик терезелерге ауыстырылды. Жөндеу жұмыстарынан кейін мектептің ішінде жылылық пен жайлылық лебі еседі. Сонымен қатар, құрылыс ұйымы мектеп әкімшілігінің өтініші бойынша ескі ғимаратта бірінші спорт залды жөндеп, екінші спорт залды жөндеуді аяқтауға жақын қалды. Жазғы кезеңде жаңа ғимаратта сыныптан тыс жұмыстар мен қосымша сабақтарға арналған екі жаңа оқу кабинеті, бастауыш мектепке арналған жаңа буфет, директордың кабинеті және қабылдау бөлмесі ашылды. Мердігермен күрделі жөндеу барысында пайда болған үнем есебінен жеті әжетхананы қалпына келтіру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жұмыстардың барлығы авторлық, техникалық қадағалау өкілдерімен және жоғарыда тұрған органдармен келісіліп барып атқарылуда.

Жазда мектептің оқу-материалдық базасын нығайту бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Екі ғимарат сыныптарында, жеке кабинеттерінде жалюздер ауыстырылды.  Ескі ғимараттың бірнеше кабинеттерінде линолеум жаңартылып, спорт залы мен акт залдарына және мектеп сыртына баннерлер сатып алынды. Орта мектептің фойесінде 5-11 сынып аралығындағы үздік оқушылардың суреттері орналастырылған, ал, ескі ғимаратта буккроссинг және бастауыш мектеп ғимаратында коворкинг бұрыштары жабдықталған. Мектеп қабырғалары көркемөнер мектебі оқушыларының қолынан шыққан туындыларымен безендірілгенін де айта кеткен жөн. Осы күндері көңілде мақтаныш сезімін туғызатын білім ордамыз өз шәкірттерін қуана қарсы алып, жаңа оқу жылын тың серпінмен бастап кетті.

Мәдина ҚАДЫРБЕК,
мектеп тілшісі.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар