Шарапаты мол «Күміс жас»

Егде адамдардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеулі. Әйтсе де, зейнетке жасы таяп қалған адамдар мемлекеттік бағдарламаның арқасында екі қолға бір күрек тауып отыр.

Биыл өңірдегі 200-ге жуық адам жұмысқа орналасты. Бұл орайда, жасы елуден асқан адамдардың тиімді жұмыспен қамтылуына айрықша назар аударылуда. Қазіргі күні аға буын өздерінің қолынан келетін жұмыспен қамтылып, зейнет демалысына шыққанда толымды зейнетақы алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

–«Күміс жас» жобасы бойынша мүмкіндіктің бәрі екшеліп, таразы басына тартылғаннан кейін 189 адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлаған болатынбыз, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Асыл Молдиярова, – бұл жоспар 104,2 пайызға орындалды. Бір жақсысы, 33 адам лайықты жұмыс істеп, зейнет демалысына сәтті шықты. Біздің орталық арқылы жұмысқа орналасқан адамның 13-і таяу арада еңбек демалысына шықпақ. Олар мемлекеттік бағдарлама аясында жасалып жатқан қамқорлыққа дән разы.

«Күміс жас» жобасына қатысушылар үшін төленетін еңбекақының 70 пайызын орталық субсидиялайды. Ақыл таразысына салып қарасаңыз, бұл тәсіл жұмыс беруші үшін де көп-көрім демеу. Әсіресе, зейнетке шығуға жастары таяп қалған адамдар үшін тиімді.

Шындығын айтқанда, күш кеміп, қуат қашып, егде тартқан адамдардың жұмысқа орналасуы да шырғалаң екендігі шындық. Міне, осы сәтте екі иінінен басқан жүктің салмағын жеңілдетіп, орайын келтіру қоғамды ізгілендіре түсері даусыз.

–Алпыстан жасым асқан соң қарап қалғаным салымды суға кетіріп еді, – дейді Атбасар қаласының тұрғыны Серікбай Қараноғаев. – Аудандық орталыққа жүгінуге тура келді. Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы бос жұмыс орындарын ұсынды. Сондай-ақ, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» жаңа бағдарламасына қатысуға ұсыныс жасады. Несі бар, біз жұмыстан қашпаймыз ғой. Сөйтіп, құрылыс саласынан қолымнан келетін жұмыс табылды.

Адамдардың бойында болашаққа деген сенім оты осындай қамқорлықтың ұшқынымен лаулайды.

–Масыл болғаннан өз наныңды адал еңбегіңмен тапқан жақсы емес пе? – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Алпысбай Көшімбаев, – осы уақытқа дейін жұмыс іздеп табанымнан таусылдым. «Күміс жас» бағдарламасы туралы кездейсоқ естіген болатынмын. Жанашырлығы мол жақсы бағдарлама екен. Ел қамын жеген осындай қамқорлық бар жерде біз өзімізді дәрменсіз санамайтын боламыз.

«Күміс жас» бағдарламасының жан жадыратарлық шарапаты егде адамдардың үміт отын тұтатып, көкіректерін сәулелендіріп тұр.

Б.ҚАЙЫРЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар