Жолың болсын, шахмат керуені!

Өткен сейсенбі күні Көкшетауға еліміздің барлық аймақтарында шахмат спортын дамытуды және насихаттауды мақсат еткен «Шахмат керуені» республикалық жобасының өкілдері келді.

Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында Көкше жұртшылығы ақсүйек өнердің ақсұңқарларын құшақ жая қарсы алып, кездесу рәсімі өткізілді. Ақыл-ойдың керуені еліміздің барлық өңірін аралап шықпақ. Бұл жолғы сапар Петропавл, Қостанай, Қарағанды қалалары арқылы жалғаспақ. Сүмбіленің ақ жауыны құйып тұрса да,  кездесуге келушілер қатары көп. Осыған қарап-ақ, жерлестеріміздің шахмат спортына деген ыстық ықыласын аңғаруға болады. Аға буынның айтуына қарағанда, осы өнерге ынтық жастардың қатары күн сайын өсіп келеді.

Дәл осы жерде елді елең еткізген жағымды жаңалық көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады. Қазақстанның қыздар командасы Польшада өткен әлем чемпионатында командалық есеп бойынша күміс медальға ие болған. Құрамында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабанова, Алуа Нұрманова, Әсел Серікбай, Әмина Қайырбекова тәрізді шахматшыларды бастап барған Павел Коцура және Александра Моисеенко жеңіспен елге оралып келе жатыр. Осы бір табыстан-ақ Қазақстан шахматшыларының әлеуетін тануға болады.

–Шахмат ойынына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мейлінше назар аударып отыр, – деді облыстық мәслихаттың әрі облыстық шахмат федерациясының төрағасы Бейбіт Жүсіпов, – бүгінгі күні елімізде 200 мыңнан астам адам спорттың осы түрімен айналысса, олардың төрттен бірі балалар. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап өңірдегі жалпы білім беретін мектептерде шахмат факультативтік сабақ ретінде өткізіле бастады. Қазір облыстағы 753 үйірмеде жеті мыңға жуық оқушы шахмат спортымен шұғылданады.

Керуенді қарсы алып, көзайым болған көпшілік шахмат жарысын ұйымдастырды. Жеңімпаз болып танылғандар қарашаның 10-ы күні Түркістан қаласында өтетін ақтық сынға жолдама алады.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар