Бір атаның балалары Көкшетауда футбол ойнады

Өткен жексенбіде елімізде Отбасы күні аталып өтті. Тағылымды мерекегеорай, болашақ ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялата отырып, оларды татулыққа баулу, отбасында ынтымақ-бірлікті нығайту мақсатында облыс орталығында «Бір атаның балалары футбол ойнайды» аймақтық жарысы өткізілді. Сайысқа Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының  командалары қатысты.

Отбасылық командалар арасында «Бір атаның балалары футбол ойнайды» жарысын өткізу идеясының авторы елімізге белгілі спорт журналисі, ұлттық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбаев ағамыз екенін айта кеткен жөн. Аталмыш жарыстың өзге отбасылық турнирлерден басты айырмашылығы, онда  бір атадан тараған ұрпақтар ғана осы сайысқа қатыса алады. Ал, жиендердің атасы басқа болғандықтан, олар командаға алынбайды.

«Қазақстан әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің Көкшетау қалалық филиалы қаламыздың ішкі саясат және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің қолдауымен ұйымдастырған турнир «А-студио арена» шағын футбол алаңында  өтті.  Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан «Қызылжар-Ақпарат» серіктестігінің директоры, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ербақыт Амантайұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

−Бектұр әулеті командасының капитанымын. «Бір атаның балалары футбол ойнайды» деген жарысқа келетін болсақ, бұл жарыс сонау 1990 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатыр. Оны республикалық деңгейде белгілі жазушы-журналист Несіп Жүнісбай ағамыз қолға алған еді. Біз республикалық жарысқа 2010 жылдан бері үнемі қатысып келеміз. Енді өзіміз ғана емес, солтүстік өңірлердің басқа отбасылары да қатыссын деген ниетпен екі жыл бұрын осындай жарыс ұйымдастырдық. Одан кейін пандемияға байланысты бір азырақ үзіліс болды да, биылбұл ойындықайтадан жалғастырып отырмыз,−деді ол.

Сондай-ақ, «АMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлібекова, Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ерік Мұратбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың Отбасы күніне орай өткізіліп отырғанының маңыздылығына тоқталды. Жарыстың ең егде қатысушысы, 84 жастағы Аманбай Ақпаленов ойыншыларға өзінің ақ батасын берді. «Сәтиев» командасынан Серік Сәтиев  те іс-шараның маңыздылығына тоқталып,  алған әсерімен бөлісті.

− Осы команданың ең үлкенімін. Әулеттегі барлық ағайын-туыстар ойнап жатырмыз. Мұндай жарысқа бірінші рет қатысуымыз. Бүкіл Қазақстан жұртшылығын Отбасы күнімен құттықтаймын! Жарыстың маған бергені көп. Шеберлігім де өсті, отбасымызбен тату болуға да үндейді. Әрине, намысты жыртудың нағыз сәті осы жарыста туды. Маған қуаныш сыйлаған жай, осы жарысқа қатысқан қазақ отбасыларының көптігі. Яғни, бұл – қатарымызда ұлттыңнағыз футбол жанашырлары, тілеулестері мен жанкүйерлері қалыптасып келе жатыр деген сөз, −деп ағынан жарылды Секең.

Турнирге Көкшетау қаласынан, Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов және Тайынша аудандарынан, Ақмола облысының Атбасар ауданынан келген командалар жарыс көрігін қыздырды. Бес команда бір-бірімен өзара кездесіп, жинаған ұпайларына байланысты жүлделі орындарды бөлісті. Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Айыртау ауданынан келген жоғарыдағы «Сәтиев» командасы еншіледі. Екінші орынды Атбасар ауданының «Ақпаленов», үшінші орынды көкшетаулық «Қаппасов» командалары иеленді. Жеңімпаз бен жүлдегер командалар және үздік ойыншылардың бәрі сый-сияпатсыз қалған жоқ.

Жылдан-жылға мұндай отбасы мәртебесін биіктететін, ата салтымызды өркен жайғызатын ұлттық дәстүрдегі әсерлі жарыстар өмірімізді жарасымды етіп қана қоймай, отбасы институтын нығайту, ағайын-туыс арасын жақындастыру, салауатты өмір салтына мән бергізіп, жастарды спортқа тарту тұрғысында да маңызды рөл атқарады деп сенеміз. Сондықтан, сіздер де құрметті ақмолалық және көкшетаулық  ағайын, қызылжарлық көршілеріміз сияқты келешекте «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты жарысқа қатысушылар қатарын көбейте түссеңіздер, нұр үстіне нұр.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар