Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт БАҚТЫГЕРЕЕВ: «Бізді шақырған фестивальдардың бәріне бара бермей, таңдап баратын болдық»

Өткен жылды жемісті аяқтаған Ақмола облыстық орыс драма театры жаңа 47-ші маусымын Ресейдің ГИТИС өнер институтымен бірлесіп қолға алған «Голоса в темноте» жобасы және Н.Гогольдің «Өлі жандар» поэмасының желісі бойынша жазылған «Чичиков» спектаклімен ашты. Осы ретте, ақмолалық көрермендерді өздерінің жаңашыл идеяларымен және ілкімді ізденістерімен тәнті етіп келе жатқан шығармашылық ұжымның қазіргі тыныс-тіршілігі туралы тілші материалын оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

1977 жылы негізі қаланған театрдың жоғарыдағы жаңа қойылымы қазіргі заманның тынысын танытып, жастар арасындағы өзекті мәселенікөтеріп отыр. Спектакльге қатысып жатқан ГИТИС-тің актерлары өте мықты, атақты режиссерлер Евгений Каменкович пен Дмитрий Крымовтың шәкірттері екен. Қойылым мектептердегі буллинг тақырыбын қамтиды. Бұл бүгінгі күннің өте өзекті тақырыбы. Сонымен, театр күні кеше көрерменнің көңілінен шыққан, халықаралық байқауларда бірнеше рет лауреат атанған, түрлі фестивальдерде «Ең үздік актер», «Ең үздік ансамбль» аталымдарына ие болған «Чичиков» спектаклімен биылғы жаңа маусымның шымылдығын ашты. Биыл сонымен бірге,былтырғы маусымның жабылуында премьерасы өткен «Зверь. Post-Apokalypse» туындысы да көкшелік көрерменнің назарына ұсынылады. Қойылымның қоюшы режиссері – Ольга Луцива.

Театр директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бейбіт Бақтыгереевтің айтуынша, шығарма өткен ғасырда жазылғанымен, қазіргі заманда да өзектілігін жоймаған соғыс, адамдардың соғыс кезіндегі және одан кейінгі өзара қарым-қатынасы, адамгершілікті сақтау тақырыбын қаузайды. «Кейде адамдар хайуаннан да бетер қылықтарға жол береді, керісінше төрт аяқтылар бізге қарағанда адал, мейірімді, қамқор болып жатады. Басты идеямыз – осындай моральдық тақырыптарды қозғай отырып, әлемде бейбітшілікті сақтауды қоғам санасына сіңіру» дейді өнер ұжымының басшысы.

Өткен маусымда облыстық орыс драма театрының ұжымы 9 халықаралық фестивальге қатысқан. Байқау түрінде өткен фестивальдердің 7-еуінде жақсы нәтижелерге, бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Театр репертуарындағы классик жазушы, драматург М.Әуезовтің «Көксерек» шығармасының орыс тіліндегі «Лютый» спектаклі «Ең үздік ансамбль», «Ең үздік ер адам рөлі», «Ең үздік режиссура», «Ең үздік суретші» аталымдарын жеңіп алса, «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі халықаралық байқауда бірінші орынды және «Ең үздік режиссура» аталымын иеленіпті.

– Өткен маусымда моно-спектакль жанрында «Письма к папеньке» шығармасын қайта сахналап көрдік. Аталмыш шығарма біздің театрда 2018 жылдан бері қойылып келеді. Ресей Федерациясының Владимир қаласында камералық және моно-спектакльдер жанрындағы қойылымдар арасында өткен ІІІ халықаралық «Театр. Территория единения» фестивалінде тастанды балалардың тағдыры суреттелетін осы шығарма театртанушылар тарапынан оң бағасын алды. Дәл осы қойылымды жуырда Ресейдің Кинешма қаласында камералық театрлар арасында өткен «Островский – Fest»халықаралық фестивалінде де көрсеттік. Қойылымғажәне оның басты рөлін сомдаған актрисаның жұмысына сыншылар жоғары баға берді. Жалпы, моно-спектакль өте ауыр жанр. Көрерменді бір немесе бір жарым сағат бойы спектакльге ұйытып ұстап отыру оңай-оспақ іс емес. Алайда, актрисамыз, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Анна Бронникованың жан-жақты ізденісі мен еңбегінің арқасында жақсы бағаға ие болдық. Сөйтіп, «Қазіргі заманғы адам бейнесін көркем бергені үшін» аталымын жеңіп алдық, – дейді Бейбіт Салауатұлы.

Орыс драма театрларындағы келелі мәселелердің бірі –  актер табу жайы.

– Актерлерге келсек, біздің елдегі екі өнер университетінде орыс тілді мамандар даярланбайды. Біздің облысты алар болсақ, биыл Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінде оқу орнының директоры Құралай Ыдырысованың қолдауымен орыс тілді актерлар даярлау үшін курс ашылды. Актер жетіспегеннен кейін спектакль қою барысында  кейіпкерлермен қиындықтар туындап жатады. Көбіне Ресеймен әріптестік орнатып, сол жақтан алуға тырысамыз. Өткен жылы Алексей Фицнердеген жас актерді шақырдық. Қазір ол театрда қойылып жатқан барлық сахналық қойылымдарда ойнайды. Оның таланты мен қарым-қабілетін бүкіл фестивальдерде сыншылар мен театртанушылар да жақсы бағалады. Театрымызда бұрыннан істеп келе жатқан басқа да мықты,тәжірибелі актерларымыз бар, – деді театрдың директоры әңгіме барысында.

Жалпы, театр саласына мемлекеттен қаржы аз бөлінетіндіктен, әрі мұнда жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы төмен болғандықтан, жастар көп келе бермейді. Бүгінде өнерді жан-тәнімен сүйетін, өнерге саналы түрде келген азаматтар ғана театрда қалуда. Бұл тек орыс театрында ғана емес, облыс орталығындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында да көпке танылып қалған актер қыз-жігіттер нарықтық қоғамдағы қазіргі тұрмыс жағдайына байланысты басқа салаларға кетіп қалғанын жақсы білеміз. «Актер былай тұрсын, қарапайым монтаждаушыға (монтировщик) да адам келгісі келмейді, себебі, еңбекақылары төмен. Бүгінгі сананы тұрмыс билеген заманда, қымбатшылық өршіп тұрғанда отбасын ойлаған да дұрыс шығар» дейді театр басшысы.

– Біз театрға сырттан режиссерлер шақырғанда олардың тәжірибесіне және біздің ұжыммен етене жұмыс істей ала ма деген мәселеге мән береміз. Ресейдің бірқатар мықты режиссерлерімен бірлесіп еңбек етіп, біраз шыңдарды бағындырдық. Театрдың материалдық базасы біртіндеп қазіргі заманға сай жақсарып келеді. Бұрынғы облыс әкімі Ермек Маржықпаев театрға материалдық жағынан қолынан келгенше көмектесті. Бүгінде бізге әлі де болса, дыбыс құрылғылары қажет, – дейді Бейбіт Салауатұлы.

Театрда төрт шығармашылық алаң бар. Біреуі – театрдың негізгі сахнасы, екіншісі осыдан 10 шақты жыл бұрын ашылған 5 жасқа дейінгі балаларға арналған «Киндер-театр» алаңы. Мұнда балалардың өздері де спектакльге қатыстырылып, өнер көрсетеді. Алаң дүйсенбі, жұма, сенбі, жексенбі күндері жұмыс істейді. Сонымен бірге, театрдың ең алғашқы басшысы, белгілі режиссер, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Я.Куклинский атындағы эксперименттік студия және Көкшетаудың мәдениет кеңістігінде өзіндік орны бар жертөледегі АРТ-кеңістік. Соңғысы Қазақстан бойынша біздің облыста ғана бар, әрі барша елімізге және шетелдерге аты шыққан белгілі алаң.

Театр ұжымы гастрольдік сапарларға жиі шығып, үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүреді. Ондағы мақсат – басқа театрлардың тыныс-тіршілігімен танысу, әрі тәжірибе алмасу. Бұрын іссапарларына негізінен облыстық әкімдік қолдау көрсеткен болса, қазіргі таңда шақырушы тарап қаржыландыратын болыпты.

– Соңғы жылдары халықаралық фестивальдерге шақыру келгенде біз бұрынғыдай шақырды екен деп бара бермейміз. Қазір біз фестивальдердің ауқымына, маңызына қарап, бізге пайдасы бар ма, жоқ па дегендей, таңдайтын болдық. Бүгінде кейбір фестиваль ұйымдастырушылары, біздің қатысқанымыз маңызды болса, гастрольдік сапарымыздың ақысын төлеп береді, – деп атап өтті өнер ұжымының басшысы. – Жоспарларымызға келер болсақ, Зеренді ауданында биыл 5-ші рет ұйымдастырылғалы отырған «ТЕ-АRТ Кokshe» халықаралық фестивалі жанынан форум-лаборатория өткізіп жатырмыз. Онда 11 мемлекеттен келген қатысушылар тәжірибе алмасуда. Ал, енді фестивальдің спектакльдер қойылып, байқау түрінде өтетін негізгі бөліміне 9 мемлекеттің және еліміздің бірқатар театр ұжымдары қатысады. Атап айтар болсақ, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Теміртау қалалары және  Армения, Грузия, Қырғызстан мемлекеттері мен Татарстан, Саха секілді республикаларданөнер ұжымдары келмекші. Байқау-фестиваль қыркүйектің 29-ы мен қазанның 4-і аралығында өтеді. Бұл фестивальден біздің қаламыздың тұрғындары мен қонақтары түрлі бағыттағы, түрлі жанрдағы спектакльдерді тамашалап, түрлі театр мектептерімен танысып, әртүрлі тақырыптағы шығармаларды көретінболады. Бұл театрсүйер қауым үшін үлкен тарту, үлкен мүмкіндік деп ойлаймыз. Фестивальді аяқтағаннан кейін біздің ұжым Петропавл қаласында ұйымдастырылғалы отырған фестивальге, одан кейін осы күзде Ресей Федерациясының Иошкар-Ола қаласында өтетін халықаралық фестивальге бармақшы. «Достық көпірі» деп аталатын бұл театрлар фестиваліне бізді жиі шақырады. Көптен бармаған едік, енді араға жылдар салып, биыл баруды жөн санап отырмыз. Жаңа жылға дейін осындайжұмыстарды қолға аламыз да, кейін жаңа жылдан бастап жаңа жоспарлармен жұмыс істейміз. Жаңа маусымда бұған дейін «Лютый» спектаклін қойып берген ресейлік жас режиссер Тимур Куловтың келесі «Метель»спектаклін қоямыз. Одан әрі Булгаковтың шығармаларына да бойлаймыз деген ойдамыз.Репертуарымызда бүгінде 48 спектакль бар, оның басым бөлігі балаларға арналған. Сонымен бірге, қазір консервацияда тұрған, нақтылай кетсем, басты кейіпкерлерін сомдайтын актерлер түрлі себептермен арамыздан кетіп,оны ойнайтын жаңа актерлертабылғанша тоқтап тұрған шығармалардан да кенде емеспіз, – дейді бүгінгі әңгімемізге нүкте қойған Бейбіт Бақтыгереев.

Олай болса, өңіріміз бен елімізде ғана емес, жалпы, алыс-жақын шет елдерде де танымал өнер ұжымының алдағы жұмысына шығармашылық табыс пен сәттілік тілейміз. Театрдың жаңа маусымда да алар асулары мол болғай!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар