Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетауда Вайнах мәдениетінің күндері өтті - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетауда Вайнах мәдениетінің күндері өтті

Көкшетау қаласындағы Достық үйі алаңында «Ел бірлігі» вайнах мәдениетінің күндері «Кеше. Бүгін. Ертең» тақырыбында ауқымды фестиваль болып ұйымдастырылды. Мерекелік шараға Астана қаласы мен еліміздің басқа да облыстарынан құрметті қонақтар келіп, сәні мен салтанаты бөлек шырайлы шараның ажарын ашып, мәнін арттыра түсті.                        

Ақ шаңқан киіз үйлер анадайдан ұмсындырып, алаңқайда шұғылалы би мен шаттыққа толы әуезді әндер шарықтап, ақжарма тілектер нұр болып төгіліп, көңілдерді сөз жеткізгісіз жылылыққа бөледі. Бір шаңырақ астында бірлікті ту қылып ұстаған бірнеше этнос өкілдерінің ел халқына деген ыстық ықыластары мен жылы лебіздері көңілдерді шат етті.          

Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары А.Исмаилов, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Алин, «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары Н.Шубаев, Қазақстан шешендері мен ингуштары қауымдастығының тең төрағасы Ю.Келигов және Ақмола облыстық  «Вайнах» бірлестігінің төрағасы Г.Яндиев құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Мерекеге орай, облыстық Ассамблеяның белсенді мүшелері мен «Вайнах» облыстық шешен-ингуш қоғамының активі облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Тау халқының өр мінезді ұрпақтары – вайнахтар қазақ халқымен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатыр.  Олар  өз тілі мен дәстүрлеріне аса құрметпен қарайтын халық. Бұл халық өкілдерін қай жерде көрсеңіз де, бір-бірімен тек өз ана тілінде сөйлесіп бара жатады. Міне, бізге, қазақтарға да бұл тұрғыда үлгі-өнегені кімнен аламыз десек, ол жандар жанымызда жүр. Ұйымдастырылған фестиваль аясында халықтық-қолданбалы қолөнер туындылары, ұлттық тағамдардың көрмесі де көптің көңілінен шықты. Баннерлердегі фотосуреттер де біртұтас халықтың тарихын, олардың мәдениеті мен тұрмысын айқындап тұрғандай. Вайнах мәдениеті туралы толық көріністі Көкшетау, Павлодар, Атбасар және Бұланды аудандарынан құралған көркемдік ұжымдардың әсерлі қойылымдары толықтыра түсті. Фестивальді ұйымдастырушылар ұлы Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиналған қауымды тәнті етті.

Жалпы, мерекенің лейтмотиві Қазақстан халқының достығы тақырыбы болды. Бүгінгі іс-шара барысында бірлік пен келісім біздің гүлденген мемлекет құруымыздың алғы шарты екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті.

                                                                  «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар