Қазақстанда халық саны биылғы жылғы тамыз айындағы көрсеткіш бойынша 19,621,425 адам болды. Оның 1,117,600-ін көшіп келген этникалық қазақтар құрайды.
Бұл, биылғы жылғы 1шілдедегі көрсеткіш. Халық саны тәуелсіздік алғанда 16,7 миллион болса, кейін келіп, бұл межені 16,3 миллионмен 2010 жылы қайталаған. Себебі, іргетасы енді басталған жас мемлекеттен сол жылдары көшушілердің саны 3 миллионға жеткен. Осы шетелге көшкен халық санының 33 пайызы кейін этникалық қазақтармен толықтырылған. Қалған пайызын халқымыздың табиғи өсімі құрап отыр. Бұл көрсеткіштер арқылы халқымыздың өсімімен демографиялық өзгерістерін анықтай аламыз. Халық саны бойынша еліміз әлемде 62 орында тұр. Жеріміз кең, айналамызда Қытай, Ресей сынды алып елдермен шекараласпыз. Сол себепті, демографиялық өсімімізді жылдан-жылға жоғарылату және өз ұлтымыздың есебін жақсарту Отанымыз үшін өте маңызды. Халық тығыздығы бойынша әлем елдерінің соңғы қатарынан көрінеміз. Жеріміздің әр шаршы шақырымына орта есеппен 6,7 адамнан ғана келіп тұр. Осы бағытта мемлекетіміз шетелден білікті мамандар тарту, еңбек нарығындағы тапшы мамандарды толықтыру,өңірлеріміздегі жұмыс күшінің жетіспеуі, ішкі-сыртқы көш-қон жұмыстарын нәтижелендіру үшін көптеген бағдарламалар мен тұжырымдар әзірлеп, заң жобаларын жүзеге асырған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйекте халыққа жасаған Жолдауында көші-қон саясатының түбегейлі өзгергенін мәлімдеген. Осы Жолдаудан кейін биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне халықтың көші-қон саласындағы 22 функция берілген. Көші-қон саласында мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру және үйлестіру бойынша басты орган – осы министрліктің Көші-қон комитеті құрылған.Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасын Үкімет былтыр 30 қараша күні бекітті. Жаңа Тұжырымдама еліміздің көші-қон саласын реттеуді және экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді. Оның аясында атқарылатын жұмыстардың үш блогы айқындалды. Оларелімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау, өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жою.Бүгінде көші-қон саясатын төрт мемлекеттік орган(ІІМ, СІМ, Еңбек министрлігі, ҰҚК) және жергілікті органдар іске асырады. Ағымдағы жылы қандастар мен қоныс аударушыларға бөлінген өңірлік квота саны өткен жылғыдан артық.Қандастарды қабылдауға 1 925 (2022 жылы 1 499) өңірлік квота бөлінсе, қоныс аударушыларды қабылдауға 6 727 (2022 жылы 6 587) өңірлік квота бөлінген.
Ақмола облысы бойынша, қоныс аударушылар үшін бөлінген квота туралы мәлімет жоқ. Ал, қандастарға арналып 270 квота бөлінген. Қазіргі таңда биылғы бөлінген квота толық пайдаланылған. Шеттен көшіп келген 119 отбасы квота алып, әлеуметтік көмекті иеленген. Келген қандастарға«Халықаралық көші-қон туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік қолдау ретінде отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен бір жолғы төлем, 12 ай ішінде коммуналдық қызметтерді жалдау және төлеу шығындарын жабуға бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде төлем төленген. Және де Қазақстан Республикасының аумағына кірген кезде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүліктері кедендік төлемнен босатылған. Жұмыспен қамтылуымен орналасуы туралымәлімет алайық деп едік, ол да болмады. 2023 жылы Ақмола облысы аумағында 861 шетелдік тұрақты тұруға ықтияр хат алған. Оның басым бөлігі Ресей Федерациясынан – 490 адам, Моңғолиядан – 122 және Өзбекстаннан – 89 адам. Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының азаматтығына 322 шетелдік қабылданған, оның 132-сі Ресейден болса, 45-і Өзбекстаннан және 35-і Түркіменстаннан келген. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.01.2012 жылғы №148 Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында болу қағидаларын сақтауға міндетті.Мәселен, 2020 жылдан бастап 2023 жылдың шілде айына дейінгі кезеңде Ақмола облысының аумағында ҚР ӘҚБтК-сінің 517-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке (шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) 5615 шетелдік тартылған.
Облысымыздың статистикалық мәліметінде 2023 жылғы қаңтар-маусымда халықтың табиғи өсімі 2049 адамды құраған, (өткен жылғы сәйкес кезеңде – 1787 адам). 2023 жылғы қаңтар-маусымда жаңа туған сәбилер саны 2022 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 2,4 пайыз кем тіркелсе, өлгендер де солай 10,4 пайыз кем тіркелген. Көші-қонда жағымсыз айырым қалыптасып, ол 1385 адамды құрады (2022 жылғы қаңтар-маусымда – 1769 адам), соның ішінде сыртқы көші-қонда – 137 адам, ішкі көші-қонда – 1248 адам. Жалпы облысымызда көшіп кетушілер саны 2016 жылдан бері қарай өскен. Ең жоғары көрсеткіш 45817 адаммен 2019 жылы тіркелген. Өткен жылы өңірімізден көшкендер саны 32337 адам. Халқымыз әлемдегі ең икемді халықтың бірі болып есептеледі. Себебі, егемендік жылдарында халықтың үштен бір бөлігі мекенжайларын ауыстырған.
Облыс ішіндегі көші-қонның екі ағымы бар. Халықтың ауылдан қалаға көшуі және шағын қалалардан үлкен қалаға көшу. Көші-қон процесінің басымдылығы да осы біріншісінде. Ал, «қаладан-ауылға», «ауылдан-ауылға» көрсеткішінің мөлшері аз. Облысаралық көші-қондаАстана, Алматы және Шымкент сияқты мегаполис қалалар бар. Даму әлеуеті жоғары болғандықтан, көшіп кетушілердің басым бөлігі осы қалаларда орналасады. Және де сыртқы көші-қонның тағы бір себебі, жұмыссыздық. Жұмыс болған күннің өзінде жалақының мардымсыздығы, ең өзектісі, баспана мәселесінің дұрыс шешілмеуі. Қазіргі таңда жайлы өмір іздеген жастарымыз шетелде білім алып, сол жақта жоғары жалақымен жұмыс істеуді армандайды. Шет елдерге белгілі бір уақытқа жұмысқа кетіп жатқандар да көп. Статистика комитетінің деректерінде жыл сайын 14-25 жас аралығындағы 8 мыңға жуық жас шетел асады деген мәлімет бар. Сыртқы көші-қонның толастамауының басты себептері осындай. Ал, өңірімізге көшіп келушілердің санына оралсақ, 2000 жылдан бергі статистикада 2019 жылғы 39010 адам ең жоғары көрсеткіш болса, өткен жылы 30252 адам көшіп келген. Көшіп келушілердің жоғары үлесін құрайтын этникалық қазақтар. Жоғарыда еліміздің көші-қон саясатының аясында жыл сайын қандастарға өңірлік квота бөлінетінін айттық. Өкінішке орай, соңғы жылдардағы квота саны тым аз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, экономикамыз анағұрлым төмен болған кездің өзінде жылына 10-20 мың квота бөлініп келген еді. Соның арқасында жыл сайын Қазақстанға 80 мыңнан 100 мыңға жуық қандастар көшіп келіп тұрған. Осы саясаттың нәтижесінде 2011 жылдардан-ақ халық санына 1 миллион қандасымыз қосылған. Ал, соңғы 12 жыл ішіндегі қандастар саны 100 мыңнан енді ғана асқан. Соның ішінде 2012-2017 жылдары қандастарды қабылдауға квота мүлде бөлінбеген. Демографиямызға оң әсерін тигізген қандастарды қабылдау осылай төмендей бере ме? Әлде жүзеге асырарлық қосымша мемлекеттік бағдарлама, тұжырымдамалар дайындала ма? Халқымыздың санын қандастар есебінен көбейте алсақ, әлемге шашылған аз қазақтың негізінен, бір мемлекетте өмір сүруінің игі ісі болатыны анық.
«Отандастар қоры» КЕАҚ-тың тапсырысы негізінде Қоғамдық пікірді зерттеу институты 2019 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесінде Қазақстанға 1,5 миллион этностық қазақ тұрақты тұруға қоныс аударғысы келетінін анықтапты. Нақтырақ айтсақ, Өзбекстандағы 1,5 миллион қазақтың 37,6 пайызы немесе 564 мың адам, Ресейдегі 1 миллион қазақтың 12,3 пайызы немесе 123 мың адам, Моңғолиядағы 130 мың қазақтың 24,7 пайызы немесе 32 мың адам атажұртқа оралғысы келеді. Бұдан бөлек Қытайдағы саясатқа байланысты 800 мың этностық қазақ құжаттарын түгендеп, Қазақстанға көшуге дайын отыр.Бұл көрсетілген қандастарды атажұртына орналастыра алсақ, халық санының өсімі анағұрлым жоғарлайтыны айтпаса да түсінікті. Осы ретте, мына бір деректерге де назар аударайық.
Жыл басынан бері Қазақстанға 10,5 мың қандастарымыз келген. Оның жартысынемесе 56 пайызы Өзбекстаннан, 19,3 пайызы – Қытайдан, 9,7 пайызы – Ресейден, 7,8 пайызы – Моңғолиядан, 4,6 пайызы – Түрікменстаннан және 2,6 пайызы басқа елдерден келген көрінеді.
Соның ішінде еңбекке қабілетті жастағы этникалық қазақтардың саны 65,6 пайызды, еңбекке қабілетті жастан кішілері 25,8 пайызды және зейнеткерлер 8,6 пайызды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,7 пайызы – жоғары білімді, 37,1 пайызы – орта кәсіби білімді, 38,8 пайызы – жалпы орта білімді.
Міне, еліміздегі және облысымыздағы көші-қон мәселесі, шеттен қандастарымыздың оралуы туралы біз сараптап көрген жағдай осындай. Мұның ара-жігін, яғни, жетістігіміз бен олқылығымызды көзі қарақты оқырман осы айтылғаннан өзі-ақ ажыратып алар деген ойдамыз.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.