Әзербайжан Қарабақта антитеррорлық шаралар бастағанын хабарлады

Әзербайжан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қарабақ өңірінде жергілікті деңгейде антитеррорлық шараның жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ал, Арменияның Сыртқы істер министрлігі Әзербайжан тарапының ұстанымын аймақтағы жаңа әскери шиеленіске дипломатиялық дайындық ретінде бағалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әзербайжан тарапы не дейді?

Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, шара аясында жоғары дәлдікті қару қолдану арқылы тек заңды әскери нысандар мен әскери инфрақұрылым істен шығарылады.

Әзербайжан Республикасының билігі Арменияның қарулы күштеріне қарасты құрылымдар тұрғын алаптарына жақын жерде атыс құралдарын жайғастырып жатқанын айтып отыр. Осыған байланысты елдің Қорғаныс министрлігі азаматтық қатардағы жергілікті тұрғындарды әскери нысандардан аулақ болуға және Армения қарулы күштерінің құрылымдарын қолдамауға шақырды.

«Мұндай ақпарат Әзербайжанның Қарабақ өңіріндегі армян тұрғындарына мобильді SMS-сервис арқылы таратылды. Бұған қоса, халыққа дауыс зорайтқыш құралдар арқылы да хабар айтылып, үнпарақтар таратылып жатыр. Әкімшілік, әлеуметтік, білім беру, медициналық, діни және басқа нысандарда күзет ұйымдастырылады. Олардың бәрі Әзербайжан заңнамасы және халықаралық гуманитарлық құқық нормалары бойынша қорғауға алынады. Әйелдер мен балаларға, егде адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, ауызсумен және азық-түлікпен қамтамасыз етіледі», – делінген Қорғаныс ведомствосының мәліметінде.

Сондай-ақ, ведомстводағылар халықты қауіпті аумақтардан эвакуациялау үшін Лашын жолында және басқа да бағыттарда гуманитарлық дәліздер мен қабылдау бекеттері ұйымдастырылатынын айтып отыр.

Армения не дейді?

Арменияның Сыртқы істер министрлігі де Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық корпус өкілдері 18 қыркүйектегі кездесуде айтқан ұстанымдарына байланысты мәлімдеме жасады.

Армения Сыртқы істер министрлігінің пайымдауынша, бұл ұстанымдар аймақтағы жаңа әскери шиеленіске, Қарабақта этникалық тазарту жүргізуді көздейтін нақты әрекеттерге дипломатиялық дайындық сияқты көрінген.

Армения билігінің мәліметінше, Әзербайжан өкілдері елде аккредиттелген шетелдік дипломаттармен өткен кездесуде Армения Республикасы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған ұсыныстардың бәрін қабылдамағанын айтқан. Армения тарабы Әзербайжаннан ешбір ресми ұсыныс түспегенін алға тартып отыр.

«Әзербайжан-Армения шекарасынан әскерді әкету туралы ұсыныс күшінде екенін айту керек деп есептейміз. Армения Республикасы осы бастаманы іске асыруға қысқа мерзімде кірісуге дайын», – деп мәлімдеді Арменияның Сыртқы істер министрлігі.

Армения Сыртқы істер министрлігі Әзербайжан тарапының «Армения Қарабақта режим орнатқаны» туралы мәліметін өтірік деп атады.

Олардың мәлімдеуінше, Арменияның Қарабаққа көрсетіп жатқан көмегі гуманитарлық сипатта ғана. Лашын дәлізі заңсыз бұғатталды деп есептейтін аймаққа осы себеппен көмек қолын созғанын мәлімдеп отыр.

Әзербайжанның дәлізді бұғаттауын заңсыз деп мәлімдеген Арменияның Сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабақта БҰҰ құрылымдары мен өзге де халықаралық серіктестердің кіріп-шығуын қиындатып, гуманитарлық дағдарыс туындатып отырғанына сенімді. Лашын дәлізіндегі қозғалыстан бөлек Қарабаққа Әзербайжаннан жеткізілетін газ да тоқтап қалған.

«Қарабақта Армения Республикасының армиясы жоқ. Ал, Арменияның Әзербайжан аумағын миналағаны туралы жалған мәлімдемелер Халықаралық соттың 22 ақпандағы қаулысымен терістелген. Армения тарапы көрші елге қарсы агрессивті әрекет жасауға ниетті емес екенін, ал әскери реформалар өз аумағының қауіпсіздігі үшін қабылданып жатқанын бірнеше рет мәлімдеді. Қарабақтың айналасына келсек, Баку-Степанакерт диалогін шиеленісті бәсеңдету құралы ретінде қарастырамыз», – делінген Армения Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Шиеленіс шежіресі

Қарабақ шиеленісі 1988 жылдан бері жалғасып келеді. Соның ішінде 2 рет жойқын қақтығыспен есте қалды. Бірінші Қарабақ соғысы 1992-94 жылдары болса, Екінші Қарабақ соғысы 2020 жылы қайта тұтанған.

Армения да, Әзербайжан да Қарабақты өз аумағы деп санайды. Ахуал 2022 жылы Лашын дәлізіндегі қозғалыс шектелген тұста қайта ушыққан.

Шетелдік БАҚ-тың мәліметі бойынша, екі соғыс кезінде қос тараптан 32 мыңдай адам қайтыс болған. Мыңдаған адам іс-түссіз жоғалды деп есептеледі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар