Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әркімге туған жері қымбат - АРҚА АЖАРЫ

Әркімге туған жері қымбат

Облыс орталығынан төрт шақырым жерде шоқ жұлдыздай шағын ғана Қызылжұлдыз ауылы бар. Ауыл шағын болғанымен мәселесі үлкен. 

Көкшетау қаласының іргесінде Краснояр селосына дейін жол сайрап жатыр. Село іші де көзтартарлықтай, төрт құбыла тегіс көрікті. Абаттандырылған, жол бойы тазартылған, тротуар төселген. Қызылжұлдызға жету үшін селолық округтің орталығы Краснояр селосын басып өту керек. Әрі қарай төрт шақырым жүрсең Қызылжұлдыз ауылына табан іліктіресің. Бірақ, бір бел асқанша белің үзіледі. Жұмырдықтай қиыршық тас төселіпті. Көз ұшынан жалғыз жолаушы көрінді. Асыға басып келеді. Қара жолдың бойындағы қарсы кездескен жолаушыдан жөн сұрастық. Ауыл тұрғыны Анастасия Доронина болып шықты. Жас қыз Көкшетау қаласындағы дүкендердің бірінде сатушы болып жұмыс істейді екен. Ауылға автобус қатынамағандықтан, селолық округтің орталығына жаяу жетпек.

–Қазір күн жылы, ертең қыс келгенде қайтесіздер? – деп сұрадық біз.

–Ауылға автобус қатынамағалы екі жылдың жүзі болды, – дейді Анастасия, – амал жол жаяулап-жалпылап жетеміз де, жұмыс істеуіміз керек қой. Ауылда тұру қиын болып кетті. Ауыз суды аптасына бір-ақ рет әкеледі. Көктемде Шағалалы өзені тасыған кезде қатынас мүлде болмай қалады. Кішкентай көпіріміз бұзылып су астында қалады. Сол кезде ауыл тұрғындарының кейбіреуі темір жол бойымен жүреді. Бірақ, олай жүруге болмайды ғой, қауіпті. Ұстап алса айыппұл салады.

Аз ғана жүрген соң жаңағы Анастасия айтқан өзен аңғарындағы шағын көпірге жеттік. Анау айтқандай күрделі құрылыс емес, амалсыздан лаждаған шаруа. Астына түйенің беліндей үш-төрт темір тұрба өткізіп, үстін қиыршық таспен нығарлап бітеп тастапты. Сұрастырып көрсек, сонау 2010 жылы селолық округтің бұрынғы әкімі Базарбай Әбуевтің тұсында салынған өткел екен. Бұрынғы әкімді де тауып, тілдестік. Айтуына қарағанда, кәдімгі көпір салуға қаражат болмаған. Амалсыздан жергілікті кәсіпкер Абай Құсайыновтың көмегімен қияметтің қылкөпірі тәрізді осы өткелді салған. Өткел салынған соң, автобус та жүрген. Әйтсе де, көктемдегі қызыл су біраз жерін шайып кете берсе керек. Ерте көктемде темір  тұрбаның ішіндегі мұз ерігенше өзен бойлап кілкіп келген сең өтер саңылау таба алмай тура осы сағаққа кептеледі. Су көлемі көбейген соң өткелді бұзып кетеді. Жылда жамаумен әлек. Көкшетаулық жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар осы көпірдің жайын уәж етіп, көлік қатынасын орнатқысы келмейді. Әйтпесе, Краснояр селосына дейін №12 бағыт бар. Тек соны төрт шақырымға ұзартса жетіп жатыр.

Ауылдағы бас көтерер азаматтың бірі Жастілек Рамазанов ауыз су, көлік қатынасы, лажсыздан салынған өткел мәселесін айтып күйзеліп отыр. Ерте көктемде аз уақыт қана мінез танытқаннан кейін арнасы тар Шағалалы өзені қалыпқа  түседі. Тіпті, жаз айларында кеуіп те қалады. Өзеннен келер анау айтқандай қауіп жоқ.

–Көпірді су басқаннан кейін ауыл тұрғындары темір жолды бойлап қатынайтын еді. Бірер мәрте айыппұл салынғаннан кейін сап тиылды, – дейді Жастілек ағай, – бірақ, бала-шағаны көзіңнен таса етпей қарап отыра алмайсың ғой. Кейде тәртіп бұзатындар да табылып қалады.

Селолық округ әкімдігінде үміт отын тұтататындай ұмтылыс бар тәрізді. Олар жол учаскесін кеңейтіп, үйінді көпірдің ені мен қоршауын стандартқа сәйкестендіру туралы жоба жасаған. Тіпті, осы істі жүзеге асыратын мердігер де анықталыпты.

Ауыз су мәселесі өте қиын. Бұрын ауылға ауыз су аптасына екі мәрте тасымалданса, қазір бір-ақ рет қатынайды. Ауыз суды тұрғындар темір немесе пластик ыдыстарға құйып алады. Биылғыдай қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта  мұндай ыдыстарға суды сақтаудың өзі оңай емес. Апталап жабық ыдыста тұрған судың түсі өзгеріп, дәмі бұзылады.

Ауыл тұрғындары қымбат болса да өз ұңғымаларын қазып алуға ұмтылуда. Бұл тараптағы тығырықтан шығар жалғыз жол осы. Әйтсе де, ауыл қотанындағы ұңғыма қазып шығарған су ішуге жарамсыз, тым тұзды. Тұрғындардың айтуына қарағанда, онымен бақша суаруға да болмайды, мал да ішпейді. Ауыл тұрғыны Ирина Багапова осындай ұңғыманы қаздырып, 18 метрден  су шығарыпты. Тіршіліктің түйткілі әбден қажытқанымен, бауыр басқан жерінен көшкісі келмейді. Әсіресе, 92 жастағы анасы қоныс аударуға қарсы. Еңбек ардагері Людмила Шмик те жайлы жер іздеп кете алмай отыр.

Кішкентай ауылдың түйінді мәселелері қалай шешілетіндігін Краснояр селолық округінің әкімдігінен сұрадық. Әкімдіктің айтуына қарағанда шағын ауылды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Көкшетау су арнасы» кәсіпорны аптасына бір мәрте ғана көлік жібере алады. Бар мүмкіндіктері сол. Егер кәсіпорынның  машина паркі жаңартылса, тасымалдың көбеюі мүмкін.

Ал, Көкшетау қаласының құрылыс бөлімінің мәлімдеуіне қарағанда, осы төңіректегі Элита, Автобаза, Чайкино және Қызылжұлдыз ауылдарын ауыз сумен жабдықтау мәселесін шешу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеп жатыр екен. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, өңірдегі Қызылжұлдыз тәрізді шағын ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін суды тазарту және тарату пункттерін орнататын жоба әзірленуде. Бұл жоспар 2025 жылға қарай жүзеге аспақ.

Ауыл балалары Краснояр селосына қатынап оқиды. Қысы қатты бұл өңірде боран жиі. Ал, ондай кезде жолдың да тазаланбай қалатын күндері болады. Амал жоқ мектеп оқушылары қарға адым жер ұзап шыға алмайды. Көктемде тағы солай. Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданы иек астында. Қопа көлін жағалай салынатын айналма жол осы ауылды басып өтпек. Міне, сол кезде ақ түйенің қарны жарылмақ. Оған шейін тұрмыстың тауқыметімен ауыл тұрғындары өздері ғана күресіп келеді.

Үстіміздегі жылы селолық округ орталығынан ауылға дейінгі жолға қиыршық тас төселіпті. Әйтсе де, іргедегі карьерден ауыр көлікпен құм таситындар жалғыз жолды жиі бұзып тастайды екен.

13 тамызда селолық округтің жаңа әкімінің сайлауы өтті. Ендігі үміт ел сенген жаңа әкімде. Бәлкім, Қызылжұлдыздың жұлдызы жанып қалар.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар