«Қазақстан аруы» ұлттық жобасына жолдама алды

«Достар» мәдениет сарайында «Қыз тәрбиесі –ұлт тәрбиесі» жобасы аясында өткен «Көкше аруы» облыстық байқауында Мадина Ещанова жеңімпаз атанып, алдағы уақытта «Қазақстан аруы» ұлттық байқауына қатысуға жолдама алды.

«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» жобасы аясында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі облыстық ішкі саясат басқармасымен және облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, «Көкше аруы» байқауын ұйымдастырды. Сонымен бірге, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясы курсанттарының іс-шараға белсене ат салысқандығы нәзік жандылардың әсемдік байқауына өзіндік бір ерекше, әдемі рең бере түскендігін атап өткен жөн.

Халқымыздың «ұл тәрбиелеу арқылы жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейміз» деген аталы сөзі бар. Ұлт болашағы қазіргі жас ұрпақтың, әсіресе, жауқазындай қыздарымыздың қолында. Ұлттық салт-дәстүрлерді қыздарымызға насихаттап, бойларына сіңіру әрі қазіргі заманға сай ілім-білімге ұмтылдыру, жан-жақты дамуларына жол сілтеу мақсатында ұйымдастырылған бұл байқауқазақ және орыс тілінде жүргізілді.

Қыз сынына түскен жеті ару бұған дейін облыс қалалары мен аудандарынан онлайн байқау түрінде іріктеліп алынған таңдаулы бойжеткендер екен. Сұлулық пен әсемдік, білімділік пенар-иба, әдеп пен жүріс-тұрысқимылдары, болмыс пен бітім сыналған жауапты додаға қатысқан 17 мен 21 жас аралығындағы қыздарымызбұл жолы байқауғааса жауапкершілікпен келіпті. Байқаудың «Салт-дәстүрім – асыл қазынам» атты алғашқы кезеңінде аруларға қазақтың салт-дәстүрлерінен дайындалған сұрақтар қойылды. Олар «Үкі тағу» «Қыз баланың құлағын тесу», «Ақ құю», «Көрші хақысы», «Босаға майлау», «Қалау айту», «Бес тас ойынының ережесі» секілді сұрақтарға жауап берді. Жеңімпаз «Қазақстан аруы» ұлттық байқауына жолдама алатын болғандықтан, бұл сұрақтарға қыздарымыздың көбісі орыс тілінде жауап беріп жатқандығына көңіл толмады. Ұлттық жоба болған соң, әрі ұлттық құндылықтар насихатталғаннан кейін қазақ тілінде жауап беру керек еді деп ойлаймын. Әрине, Қадыр Мырзалиев ағамыз айтпақшы, өзге тілді білген дұрыс, бірақ, өз тілімізді де құрметтеген абзал ғой.

Байқаудың «Қыз өссе – елдің көркі» атты екінші кезеңінде өздерін таныстыру бойынша қыздарға алдын ала үй тапсырмасы ретінде бейне-презентация жасау тапсырылыпты. Ең үздік бейне-презентация жасаған аруды былтырғы «Көкше аруы-2022» байқауының жеңімпазы, «Көкше-ТВ» телеарнасының редакторы Зарина Бекқалиева бағалап, телеарнаға тікелей эфирде өтетін бағдарламаға шақыратын болды. Бұдан әрі қыздар өз өнерін көрсету, іскер әйелдер образын әртістік қабылеттерін көрсете отырып сомдау, тәтті тағам әзірлеу, жоғарыда аталған академия курсантымен кешкі кездесуге шығу образы секілді кезеңдерде барын салып, жан-жақты қырларын көрсете білді. Әр кезеңде қыздардың бойындағы мінез-құлық, нәзіктік, байыптылық, салмақтылық, жүздеріндегі ашықтық, көркем мінездері көзге көрініп тұрды.

–«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» облыстық жобасының мақсаты – отбасы институтын қолдау және ұлттық құндылықтарды сақтау жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру, қыздарды тәрбиелеудегі ата-ананың рөлін арттыру, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімдерді қалыптастыру. Бүгінгі іс-шарада қыздардың бойындағы білімге деген құштарлық пен тәрбиелігі секілді қасиеттері, қазіргі заманғы талаптарға сай икемділік пен бейімделгіштіктері жан-жақты көрініс берді. Ұлы жазушымыз М.Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген сөзі тікелей қыздардың тәрбиесіне келіп тірелетіндігі ұлтқа деген жанашырлық аналарымыздың ақ сүтімен, бесік жанындағы әлдимен келетіндігін аңғартады. Сондықтан, осындай байқаулар қыздардың ибалылығы, инабаттылығы, әдептілігі мен тәрбиелілігін насихаттауды көздейді, – дей келе, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев ұйымдастырушылар мен қолдаушыларға алғысын білдірді.

Байқау қорытындысы бойынша Көкшетау медициналық колледжінің 3 курс студенті Мадина Ещанова «Көкше аруы» атанып, «Қазақстан аруы» Ұлттық жобасына жолдама алды. Бірінші вице-мисс, яғни, екінші жүлделі орынды Бурабай ауданынан келген 20 жастағы модель,   SMM-таргетолог Диана Балтабекова иеленді. Ал, Көкшетау қаласының №1 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі мұғалімі  Айшолпан Хайбар үшінші орынға ие болды. Оларға демеушілер тарапынан ақшалай сертификаттар мен басқа да бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сонымен бірге, байқауға қатысып, өнерлерін ортаға салған Гүлжан Байғабылова, Аяжан Тәліпова, Сабина Қайрат, Гүлфариза Шағыровалар да өз биіктерінен көрініп, арнайы марапаттарға ие болды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажараның» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар