Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Уақытпен бірге тыныстап келе жатқан кәсіпорын - АРҚА АЖАРЫ

Уақытпен бірге тыныстап келе жатқан кәсіпорын

Қыркүйектің соңғы жексенбісі күні елімізде Машина жасаушы күні аталып өтеді. Мерейлі мереке кезінде облыс орталығында тілге алдымен оралары «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» серіктестігі.

Бүгінде серіктестік жылына 4,5 мың дана ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын әлеуеті жоғары кәсіпорын. Жалғыз біздің облыстың ғана емес, тұтастай еліміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарын осы заманғы, сапалы отандық техникамен қамтамасыз етуде. «Вираж» компаниясы арқылы серіктестік өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізіліп, ауыл шаруашылығы құрылымдарын қамтамасыз етуде. Олардың техниканың төзімділігіне деген пікірлері де жақсы. Сондықтан, серіктестік техникалары сұранысқа ие болып отыр. Дәл осындай абыройға қалай ие болды деген сауал туындаса, ең алдымен, зауыт жұмысшыларының біліктілігі мен білімділігіне ден қояр едіңіз. Зауытта он саусағынан өнер тамған, өз ісін жетік білетін мықты мамандар жұмыс істейді. Солардың бірі серіктестіктің өндіріс басшысы Хайрат Дүйсембеков. Төл мерекелері қарсаңында Хайрат Қалиақбарұлымен жолығып, тілдесудің сәті түсті. Өндіріс басшысы омбылық екен. Сол қаладағы жол-көлік академиясын бітірген. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң автокөліктерді жөндеу механигі болып қызмет істеген.

–Маған кішкентай кезімнен әртүрлі механизмдерді құрастыру ұнайтын, – дейді ол, – неге екенін кім білсін, әйтеуір, осындай бір құмарлық бойымды билеп алды. Болашақ мамандығымды таңдау кезінде бірден шешімге келгенім де сондықтан. Қазақстанға 2011 жылы қоныс аудардым. Жоғары білімді болған соң жұмыс тез табылатын шығар деп ойлаған едім. Әйтсе де, олай болмай шықты.

Осылайша «АгроИнтерТех» компаниясына орналасып, канадалық ауыл шаруашылығы техникаларын көтерме саудалаумен айналысқан. Кейін тағы бір кәсіпорында жұмыс істесе керек. Ал, Қазақстан агроинновациялық корпорациясына  жұмысқа 2016 жылы орналасыпты.

–Ол кезде фирманың бас ғимараты жаңа салынып жатқан, – дейді кейіпкеріміз, – сондықтан, мен кәсіпорынның алғашқы құрыла бастаған кезінен жұмыс істедім деп айтсам да болар. Әуелі өндіріс шебері болдым, кейін өндіріс басшысының орынбасары қызметін атқардым. 2018 жылы өндіріс басшысы болып тағайындалдым.

Хайрат Қалиақбарұлының негізгі қызметі металды сатып алудан бастап, зауытта атқарылатын барлық жұмыс ырғағына қатысты екен. Қарамағында жеті шебер бар. Өндіріс жүйесі дайындық цехынан басталады. Қажетті металдар өңделеді, дәнекерленеді, сырланады. Дайын өнімдер қоймаға жөнелтіледі. Өндіріс қуаты енді-енді қарқын алған кезде қарамағымда жиырма адам жұмыс істесе, бүгінгі күні 180 адам еңбек етеді. Олардың арасында дәнекерлеушілер, сырлаушылар, механиктер және слесарьлар бар. Олардың барлығы тәжірибелері толысқан, өз ісін жетік білетін жұмысшылар.

–Онсыз болмайды, – дейді Хайрат Қалиақбарұлы, – ұжым болып атқаратын шаруа болғандықтан, барлығымыз бір кісідей ынтымақтаса еңбек етуіміз керек. Өйткені, түпкі нәтиже бірлесе атқарылған істің тындырымдылығына байланысты.

Зауыттың аумағында үш өндірістік цех бар. Олардың әрқайсысы 12 мың шаршы метрді алып жатыр. Екеуі жүз пайыз кәдеге жаратылып тұрса, үшіншісі әлі жартылай ғана пайдаланылады. Алдағы уақытта үшінші цехтың жартысын сырлау кешеніне айналдырмақ екен. Цех осы заманғы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Міне, сол кезде химиялық өңдеу, сырлау тәрізді жұмыстар толығымен бір жерде жүзеге асырылатын болады.

Бұл атқарылатын істің ауқымы жайындағы шағын ғана ақпарат. Ал, машина жасау ісіне еңбегін сіңіріп жатқан адамдар туралы сыр ақтарған кезде білікті инженер олардың бойынан әр кезде жоғары жауапкершілік көргісі келетіндігін айтады. Егер әркім өзіне тапсырылған істі мүлтіксіз атқаратын болса, ортақ шаруа оңғарыла түсер еді дейді ол.

–Біз отандық өнімді түп-түгел өзіміз жасайтын зауытпыз, – дейді кейіпкеріміз, – қазіргі күні отандық өнімнің үлесін молайту туралы көп айтылады. Демек біздің еңбегіміз елеулі десек артық айтқандық емес. Ең жақсысы, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне тәп-тәуір пайдамыз тиіп отыр. Техника шығарумен қатар, біз сол техникамен жұмыс істей алатын адамдарды дайындауды да қолға алып отырмыз.

Сөз арасында қолбайлау болып отырған кейбір мәселелер туралы да әңгіме өрбіді. Оның ең бастысы, кадр тапшылығы екен. Білікті инженердің айтуына қарағанда, оқу орнын жаңа бітіріп келген жас талапкерлерді ширата түсу керек. Олар бірден өндіріс жұмысына араласа алмайды. Ал, шеберлік үлкен еңбекпен келетіндігі белгілі. Кейбір жастардың арасында бұл сынаққа төзе алмайтындары да бар. Көк темірді дала ерлерінің пайдалануына әбден қажетті өнім қалпына келтіргенше, сол темірдей төзім керек. Бұл тәжірибелі инженердің өмірден алған байламы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар