Дельфий ойындарында келген жеңіс

Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің «Infinity» лабораториялық театры Қазақстан Республикасының  XIV ұлттық Дельфий ойындарына қатысып, үздіктер қатарынан көрінді және  «Театр өнері» аталымында жүлделі бірінші орынға ие болды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Дельфий ойындары дарынды жастарды анықтап, оларды қолдауға, орындаушылардың кәсіби өсуіне жәрдемдесуге және халықаралық Дельфий ойындарына қатысу үшін ұлттық құраманы қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Астана қаласында өткен ұлттық жобада колледж студенттері  әйгілі орыс жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер қажет?» («Сколько человеку земли нужно?») повесінің желісі бойынша қойылған спектакльде сан алуан рөлдерді сомдап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Спектакльдің режиссері – осы оқу ордасының түлегі, қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының «Драма театрының режиссурасы» бөлімінің 1 курс студенті ОлжасКомис. Бұл ретте студенттердің жетекшілері – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Айтжан Настайқызы мен Жанар Сатыбайқызының да еңбектерін атап өткен жөн.

– Спектакльге білім ордасының «Педагог-мәдени демалыс ұйымдастырушы, көркемөнерпаз театр ұжымының режиссері» біліктілігінің 3-4 курс студенттері ЗаринаБұғыбай, ДәуренШағыров, СеруенЖаңанұр және Мөлдір Ануаш қатысты, –дейді колледждің 3 курс студенті БибінұрҚайырбекқызы.

– Қойылымда адамөмірінде ақшаның рөлі қандай екендігі баяндалады. Түрлі кейіпкерлерді сомдаған 4 актер бір сағаттық спектакль бойы осы сұрақтың жауабын іздейді. Соңында барлығы бір мәмілеге келіп, адамға үш-ақ кез жер қажет екенін анықтайды. Жалпы, ұлттық байқауда біз «Шабыт» өнер университетінің жанындағы колледждің, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан қатысқан білім ордаларының студенттік театрларының арасынан озып шығып, жеңімпаз атандық, –дейді қойылым режиссері Олжас Комис.

Сөз соңында Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері облыстық, республикалық Дельфий ойындарына түрлі шығармашылық мамандықтар бойынша 2012 жылдан бері қатысып, әртүрлі аталымдарда жүлделі орындарға ие болғандығын айта кеткен жөн.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.
Суреттері бар! Папка театр колледж

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар