Абай әндері жүректерді баурады

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 77-інші концерттік маусымының ашылуы аясында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған концерті болып өтті.

«Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан» деп әр адамның жүрегіне бойлаған ұлы Абайдың бір өзі ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, орыс және европа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор десек қателеспейміз. Әлем таныған Абай музыка саласында да өзінің өшпес, жауһар туындыларын қалдырды. Абай өмір сүрген кезеңде қазақта музыканың жазба мәдениеті жоқ еді. Сондықтан, Абай әндері де осы күнге басқа халықтардың ән-күйлері сияқты, ауыздан ауызға, заманнан заманға ауыса отырып жетті.

Концерттік бағдарламада ұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем Қаламқас», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» және тағы басқа да жарқын туындылары филармонияның жезтаңдай әншілері, мәдениет қайраткері Валерия Болиева, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ерұлан Қамал, Бекұлан Ерболат, республикалық байқаулардың лауреаттары Серікболсын Бекмолдин, Аягөз Қалмағанбетованың орындауында көпшіліктің назарына ұсынылды. Дәстүрлі әншілер Сәрсенбай Хасенов пен Жанар Сақтағанова Абайдың «Сегіз аяқ» және Ж.Ысқақтың «Абай салған әуелет сол бір әнді», «Өзгеге көңілім  тоярсың» шығармаларын орындағанда залдағы көрермендер дән риза болып, ду шапалақпен гүл шоқтарын сыйлады.

Сонымен қатар, өнерсүйер қауым А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастарды», «Ажардың» ариясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамила Жарқынбаеваның орындауында тыңдап, сүйсінді. Оркестрдің бас дирижері Жанат Рашит, директоры Руслан Қойшыбаевтың талантына да жоғары баға берген жөн. Осындай кәсіби шеберліктің арқасында кеш өте тартымды өтіп, Абай әндері өз ерекшелігімен, өміршеңдігімен жүректерді баурады.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.          

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар