Арқаны бөлеп әннің тылсымына

Өткен аптада Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Ақан сері  Қорамсаұлының 180 жылдығына және Иманжүсіп Құтпанұлының 160 жылдығына арналған «Арқаның ән дариясы» атты республикалық  дәстүрлі әншілер байқауының гала-концерті болып өтті. Салтанатты шарада Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтау сөз сөйлеп, жүзден жүйрік атанған әншілерге ұйымдастыру алқасының ақшалай сертификаттарын табыс етті. Қазылар алқасының ұйғарымымен байқаудың Бас жүлдесі  Абай облысынан келген әнші Таңат Мұқышевқа бұйырып, үздік өнер көрсеткені үшін бір миллион теңгенің ақшалай сертификатымен марапатталды.

– Қайырлы күн құрметті өнерсүйер қауым! Баршаңызды Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың атынан Арқа жерінде, Көкше төрінде өтіп жатқан осындай дүбірлі  өнер сайысының өтуімен шын жүректен құттықтаймын! Кешегі хан ордасы, ән ордасы болған Ақмола өңірі, қасиетті де киелі Көкшетау топырағы – асыл өнердің алтын бесігі, дарынды тұлғалар мекені. Қазақтың ән өнерінің ұшар басында тұрған Біржан сал,  аққуға әнін қосқан Ақан сері, гәккулеткен Үкілі Ыбырай, белдескеннің белін үзердей алып күш иесі Балуан  Шолақ, қамшыгер Иманжүсіп Арқа өңірінде  сал-серілер дәстүрін орнықтырып, қазақ әнінің өрісін кеңейтіп, өресін биіктетті. Алыптардан аманат болған әншілік ғазиз өнер өшкен жоқ. Замананың алып сынынан аман шығып, бүгінге саф күйінде бізге жетті. Ендігі біздің мақсатымыз ата-баба аманат еткен асыл өнерді бүгінгі ұрпаққа дарытып, дәстүр сабақтастығын үзбей, кейінге мұра ету. Бүгінгі байқаудың мән-маңызы да,  басты мақсаты да осы, – деді өңір басшысының орынбасары салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде. Алтынай Байқадамқызы өз сөзінде биылғы жылы атаулы мерейтойлары аталып өтіп жатқан қос алыпқа арналған мәдени-көпшілік іс-шаралардың мән-маңызына да тоқталып өтіп, аталмыш байқауға еліміздің әр жерінен келген өнерпаздарға ерекше алғысын білдірді.

Ән салтанатының шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова мен республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты,  Қазақстан Респубикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Толғанбай Сембаев ашып, әуелеген әннен шашу шашты. Құрметті қонақтардың ән шашуынан кейін байқаудың балақ бауы ағытылды.

Қазақтың ән өнерін асқақтатқан аталмыш шараға  Астана қаласы, Абай, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ұлытау, барлығы он облыстың дәстүрлі әншілері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Өнер додасында  алғашқылардың бірі болып бағын сынаған әншінің бірі Ақан серінің «Мақпал» әнін әуелетіп орындаған  Қосшы қаласының жас өнерпазы Нұрбол Мұхит. Әрине, сахнаға алғашқылардың бірі болып шығып өнер көрсету оңай емес. Дегенмен де, ол көрермен көңілін бір серпілтіп, «ә» дегеннен-ақ, тыңдаушысын өзіне қарата білді. Бұдан кейін сахнада Солтүстік Қазақстан облысының әншісі Еркебұлан Қарыпов өнер көрсетіп, өз бағын сынады. Еркебұланның есімі Көкше өңіріне жақсы таныс, ол халық әндері мен қазақ композиторларының киелі мұрасын ел арасына кеңінен насихаттап, туған жерге деген сүйіспеншілігін өскелең өнері арқылы танытып жүрген талантты жастардың қатарынан. Еркебұлан бұл байқауда Балуан Шолақтың «Ғалия» әнін орындады. Халықтың құлаққа әбден сіңіп қалған әуені болғандықтан, оны мүлтіксіз орындау әсте оңай емес. Бірақ, Еркебұлан әннің табиғатын дәл тауып, тамырын дөп баса алды.

Гала-концертте іріктеу сынынан өткен барлығы 12 әнші қатысып, әрқайсысы бір әннен орындады. Солардың бірі қарағандылық Қуандық Төкенов дәстүрлі әннің дүлдүлі атанып кеткен әнші Иманжүсіптің «Иманжүсіп» әнін шырқады. Қуандық Төкеновтың биылғы жылдың сәуір айында Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары  мәдениет колледжінің ұйымдастыруымен өткен «Ақаннан әуелеген әсем ән» атты байқауында топ жарғаны есімізде.  Осы жолы да асқақ әнші өз биігінен көрінді. Ұлытаудан келген талантты әнші Фархад Жәкіш болса, атақты Біржан салдың «Айтбай» әнін асқататып орындап, құлақ құрышын қандырды. Сонымен қатар,  астаналық әнші Арманбек Қалелбек те Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін әуелетіп нақышына келтіре орындап берді.

Ал, киелі Қорғалжын ауданының атынан додаға түскен жыршы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Әлихан Дүйсенбай көрерменнің көзайымына айналды десек артық айтпағандығымыз. Ол Оңғар жыраудың «Ерлерім сөйле дегесін» термесін әсерлі орындап, халықты тамсандырды. Залда отырған көрермен қорғалжындық әншіге зор қошамет көрсетіп, ыстық ықылас білдіруінен-ақ, оны көрермен өз көзайымына балағаны аңғарылып-ақ тұрды.  Ал, Батыс Қазақстан облысының абыройын асқақатып, байқауда бағын сынаған республикалық байқаулардың лауреаты Бейбіт Қажығалиев болса, Ғарифолла Құрманғалиевтің «Оралым» әнін орындап, әнсүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Ән додасын сәнімен де, әнімен де ажарландыра түскен целиноградтық  Диана Алтайқызы  Ғазиз Файзоллаұлының «Ғазиз» әнін әуелетіп кешті көріктендіре түсті.  Жыраулық өнердің жампозына айналып үлгерген қызылордалық Нұртілек Ақтаев сырнайдың сазымен Ақан серінің «Қараторғай» әнін орындаған сәтте, залда отырған көрермен әншінің өнерін бағалап, бірге қосылып отырды.

Көкшетаулық Төлеген Аманов қазақ әнінің өрісін кеңейтіп, өресін биіктетіп жүрген, кең тынысты, асқақ үнді әнші. Ол бұл байқауда Иманжүсіптің «Сарымойын» әнімен бағын сынады. Иә, бір байқағанымыз, бұл байқауға сайдың тасындай сараланған кіл мықтылар додаға түсті. Алматылық Ідірбай Байбақтының әуелете салған Ақан серінің «Құлагер» әнін де халық зор қошеметпен қарсы алды. Шығыстың жезтаңдайы Таңат Мұқышев болса, Ақан серінің «Көкала тай» әнін нақышына келтіріп орындап, қазылар алқасының жоғары бағасын алды.

Айтпақшы, әуезді әнмен көмкерілген әдемі кеште ұйып тыңдар көрермен қарасы көп болды. Шынымен де, «Арқаға барып, әншімін» деме деген сөз бекерден-бекер айтылмаса керек-ті. Біздегі еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін халық әндерін, соның ішінде Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сияқты қазақтың сал-серілері орындаған әндердің иірімдерін, орындау мәнерін жатқа білетін сияқты. Халық әнге сусап қалған. Жай әнге емес, дәл осындай салмақты, салиқалы ұлттық бояуы қанық дәстүрлі әнге шөлдеген. Бұған дәлел, зал толы халық домбыраның қоңыр үніне елтіп, әншілермен қосылып ән айтып отырды. Бір, әттеген-айы, байқау бір сағаттың көлемінде тәмамдалды. Әр әнші бір емес, екі әннен орындағанда кеш бұдан да әсерлі болар ма еді деген ойды көп көрермен айтып жатты күбірлеп. Әсіресе, көкшелік көрерменнің ән десе елеңдей қалатыны бар. Себебі, ән өнері Арқаның асыл қазынасы ғой…

Байқау соңында өнер додасында оза шапқандар жеңіс тұғырынан көрініп, ұйымдастыру алқасының дипломы және ақшалай сертификаттарымен марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІI дәрежелі дипломмен және 300 мың теңге ақшалай  сертификатпен целиноградтық Диана Алтайқызы мен қызылордалық Нұртілек Ақтаев, жүлделі ІІ дәрежелі дипломмен және 500 мың теңге ақшалай сертификатпен көкшетаулық Төлеген Аманов, жүлделі І дәрежелі дипломмен және 800 мың теңге ақшалай сертификатпен алматылық Ідірбай Байбақты марапатталды.

«Арқаның ән дариясы» республикалық  дәстүрлі әншілер байқауында үздік өнер көрсетіп, орындаушылық шеберлігін танытқаны үшін Бас жүлдені иеленген Таңат Мұқышевқа (Абай облысы) 1 миллион теңгенің ақшалай сертификатымен ұйымдастыру алқасының дипломы табыс етілді. Гала-концертте өнер көрсеткен басқа да қатысушылар ұйымдастыру алқасының дипломына және 100 мың теңге ақшалай сертификаттарына ие болды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар