Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін өңірлік ресурстарды біріктіру қажет - АРҚА АЖАРЫ

Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін өңірлік ресурстарды біріктіру қажет

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Достық үйіндеөткен «Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін өңірлік ресурстарды біріктіру» атты ХІ облыстық азаматтық форумына қатысып,құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараға Қазақстан Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева,Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аталмыш шара ХІ республикалық азаматтық форум аясында өтті. Бүгінге дейін форум еліміздің 17 облысында ұйымдастырылған. Біздің облыстағы форумның пленарлық сессиясын Ақмола облысының Азаматтық Альянсының төрайымы Ирина Терентьева жүргізіп отырды.

Облыс басшысы өзінің құттықтау сөзіндеазаматтық қоғам институттарын дамыту–еліміздің стратегиялық міндеті екеніне тоқталып, облыстағы азаматтық қоғам секторымүшелерінің атқарып жатқан игі жұмыстарына алғыс білдірді.

–Азаматтық сектор қоғамның әртүрлі секторлары арасында делдал ретінде әрекет етуге, келелі мәселелерді анықтауға және жекелеген әлеуметтік топтардың мүдделерін зерттеуге арналған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрқашан мемлекет пен қоғамның диалогынаерекше назар аударады.Кеше ғана Мемлекет басшысы азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіне мониторинг пен бағалауға қатысуына неғұрлым кең мүмкіндіктер бере отырып, елдегі азаматтық қоғамның рөлін нығайтатын «Қоғамдық бақылау туралы» маңызды заңға қол қойды, – дей келе, Марат Мұратұлы әрбір азамат қоғамда адал, әділ, ел мен жерге жанашыр болуы керектігін баса айтты. Сонымен бірге, облыста әлеуметтік жобаларды іске асырып жатқан әрбір үкіметтік емес ұйымның жұмысына сәттілік тіледі.

Ақмола облысында бүгінгі күні 537 үкіметтік емес ұйым, 7 саяси партия тіркелген. Азаматтық бастамаларды қолдау мақсатында биыл мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 26 мемлекеттік орган 850 миллион теңгенің 112 жобасы жүзеге асырып отыр. Әлеуметтік тапсырыс жобаларының негізгі бағыттары – мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау, азаматтарға жартылай стационар жағдайында көмек көрсету, тұрмыстық, зорлық-зомбылық, діни экстремизмнің алдын алу, жастардың бастамаларын қолдау болып табылады.

– Үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдардың күш-жігерін біріктіру «естуші мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады. Ақмола облысында белсенді үкіметтік емес ұйымдардың көптігіне қуаныштымын. Мемлекеттік органдармен әріптестік орнатылып, қыруар қаржы бөлінуі,  100-ден аса жобаның жүзеге асырылуы атап өтерлік жағдай. Себебі барлық облыстарда мұндай белсенділік байқалмайды. Халықтың қажеттілігін көп жағдайда азаматтық қоғам жақсы түсініп, көмек қолын созады. Үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерінің арқасында қаншама келелі мәселелер шешіліп, халықтың үні мемлекетке жетті, кейбір заңдарға өзгертулер енгізіліп, жаңа заң жобалары қабылданды, – деді форумда құттықтау сөз сөйлеген Азаматтық Альянс Президенті Бану Ғаниқызы.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойып отыр. Сонымен бірге, «Онлайн петиция институты туралы» заң жобасы да Сенатта қаралуда, –дей келе, вице-министр Данияр Қадыров бұл заңнамалық негіздер азаматтық қоғам институттарының халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, қоғамдық-саяси жүйені жаңғырту ісіне қазірден бастап белсендірек атсалысуға мүмкіндік беретінін айтты.

Пленарлық отырыс барысындаазаматтық сектор өкілдерінен «Нұр ғасыр -2050» қоғамдық қорының төрағасы Аян Төреқұлов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының жетекшісі Ерлаз Жайықбаев, «Kazakhstan Innovations» қоғамдық қорының төрайымы Мәриям Әбішева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қоғамдастырылған профессоры, ғылыми-зерттеу зертханасының басшысы Гүлмира Рақышева өз жобалары бойынша баяндамалар жасап, мемлекеттік сектор мүшелеріне өз ұсыныстарын жеткізіп, бірлесе жұмыс жасауға қашанда дайын екендіктерін айтты. Нақтылай кететін болсақ, «Әділдік жолы» республикалық бірлестігінің біздегі филиалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға ықпал ету, бюджет қаржысын тиімді пайдалану бағытында мониторингтік-бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бүгінде бірлестік мемлекеттік сатып алуларды мониторингтен өткізеді, анықталған заңбұзушылықтарды мемлекеттік органдарға жеткізіп, заң аясында шешілуі үшін бақылап-қадағалау органдарына өтініш жасайды, және азаматтарды қабылдап, оларға қажетті заңгерлік көмектер ұсынады. Алғашқы бағыттары бойынша тоқталсақ, 2,5 жылдық жұмыс тәжірибесі ішінде бірлестік мемлекеттік сатып алуларға жұмсалған 33 триллион теңгенің жұмысына тексеріс жүргізген.

–Бұл қыруар қаржыға біздің елдің әр облысында екі-екіден Бурдж Халифтің 47 мұнарасын тұрғызуға болар еді… Екі жыл ішінде жүргізген мониторинг нәтижесінде мемлекеттік сатып алулардың 10 мыңдаған келісім-шарттарын зерттеп, зерделедік, 7 мыңнан аса адамның арыз-шағымы қарастырылып, 1 мыңнан аса заңбұзушылықтарға көз жеткізілді, милиардтаған теңгенің желге ұшқаны анықталды. Бұл заңбұзушылықтар бойынша 1023 әкімшілік хаттама толтырылып, 60 қылмыстық іс қозғалды.  Облыста ағымдағы 9 айдың ішінде екі адамның жұмысы нәтижесінде 6 материал Антикорға тапсырылды, 23 әкімшілік хаттама толтырылды, бір мемлекеттік органға 14 миллион теңгенің ұйғарымы жолданды. Облыстағы мемлекеттік сатып алуларды мониторингтеу барысында 43 миллион теңге қаржы үнемделді, 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 1 қылмыстық іс қозғалды, –деп Ерлаз Жайықбаев бірлестіктің әрқашан халық үшін ашықтығын, қашанда азаматтармен өзара қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс істеуге әзір екендіктерін жеткізді.

–Ақмола облысында жер актілері бар тұрмыстық қатты қалдықтардың 130 полигоны бар. Алайда, олардың 24-інде ғана рұқсат қағаздары көрсетілген. Сондықтан, экологиялық талаптар мен санитарлық ережелерге полигондардың тек 18 пайызы ғана сай келеді. Десе де, полигондарды іріктеу алаңдарымен, жоғары фильтрлеу құрылғысы бар қалдықтарды өртеу пештерімен, тиісті техникалармен қамту үшін бюджеттен қаржы қарастыру қажет.Сонымен бірге, тұрмыстық қалдықтарды реттеп салу контейнерлерін орнату маңызды, –деп Мәриям Әбішева Астана және Көкшетау қалаларының қоқыстарын өңдеу үшін екі зауыт салуды, Целиноград ауданы мен Көкшетау қаласының аумағында зауыт салынатын болса, басқа аудандарда қалдықтарды іріктеу стансаларын тұрғызуды ұсынды.

Іс-шара соңында еліміздің мемлекеттілігі мен егемендігін нығайтуға елеулі үлес қосқан үздік үкіметтік емес ұйымдар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.Айта кетсек, форумның бірінші бөлімінде 4 панельдік сессия, диалог алаңдары өтті. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері пікір алмасуға мүмкіндік алды, бұдан әрі бірлесіп жұмыстар жүргізу үшін бірқатар ұсыныстар әзірленді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар