Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мектептегі  ұрпақтар сабақтастығы - АРҚА АЖАРЫ

Мектептегі  ұрпақтар сабақтастығы

Таяуда «Ата-ана ұлағаты – ұрпаққа аманат» атты  күрделі тақырыпта Астана қаласының әкімдігі №44 орта мектепте үлкен іс-шара өткізді. Бұл игі шараның мақсаты – оқушыларға ата-бабадан  қалған асыл мұраларды дәріптеу, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін көрсету, өз еліне, жеріне деген патриоттық сезімін ояту, ана тіліне, әдет-ғұрпына сүйіспеншілікті арттыру.

Жұрт жинала бастаған кезде мектептің домбыра ансамблі Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін машығына келтіріп орындап жатты. Мектептің акт залында кәдімгідей жинақталған қазақтың үйі, ондағы жиһаз көрген адамның көз жауын алады. Үйдің ортасындағы қазақтың қадірлі тағамдары қойылған дөңгелек үстелдіңбасына, дастарқанның қасына бір отбасы мүшелері орныққан. Жас бала жүгіріп келіп,жақсы жаңалықты жеткізеді. Оқиға осылай өрбиді.

Жақсы жаңалыққа баршалары қуанып, көрші қолаң жиналып, шашу шашылып, той басталып кетеді. Сол жерде үлкен әжелер немерелерін қазақтың ұлттық өнерімен, дәстүр-салтымен таныстырады: жүн түтіледі, киіз басылады, ұршық иіріледі, тары түйіледі,  самаурын қайнайды, қымыз бен шәй ішіледі. Сахнада бір бала атасынан үйренген «Асық ату» ойынын басқа балаларға үйретіп жүр. Қазақтың ұлттық айтыс дәстүрі, қазақтың халық әндері  мен билері де қалыс қалмайды. Үлкендерге ілесіп, жас балалар да өз өнерін аянбай көрсетіп жатыр. «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» деп, баяғыда әжелер ұрпағына бекер айтпаған шығар. Үлкендерден қалған ұлағат жастарға да дарып жатқан секілді. Осынау бір қырық минутқа созылған сахналық бағдарлама балаларды ғана емес үлкендерді де ауыл өміріне жетелеп әкетті.

Жаңалық демекші, осы мектептің жаңа ғимараты салынып, бітіп қалса керек. Сол игі іс сахналық көрініске арқау болып, қуаныш-қуанышқа ұласты. Тағы бір күшті сезім – сахнаның қабырғасында үлкен әріптермен жазылған «Рақымжан ауылы» деген сөз.Бұдан білгеніміз «Интернациональный» деп аталатын  шаруашылық учаскесінің тұрғындарының ауылдарынабатыр ағамыз Рақымжан Қошқарбаевтың  есімінің берілуін қалайтындары. Ол мәселе де шешіліп жатқан көрінеді. Бұл да жақсылықтың нышаны.Батыр ағамыздай батыр ұлдар өсе берсін!

Осынау іс-шараға балалар мен ұстаздар бірігіп, бір үйдің адамдарындай татулық пен қызығушылықты, өзара сыйластықты да тамаша бере алған. Әрбір айтылған сөз, әрбір іс-қимыл шынайы көрініс тапқан. Ата-баба өсиеттері, инабатты тәжірибелері сөзбен ғана емес қимылмен, уағызбен сахна көрінісінде өмірдегідей әсер беретіндей дәрежеге жеткен. Бұл даүлкен еңбектің жемісі.  Оған ешкімнің күмәні болған жоқ.

Осынау тәрбиелік мәні зор шараға Алматы ауданы әкімінің орынбасары Н.Абдраимов, бас инспектор А.Панжеев, Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің төрағасы М.Мұстафин, Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің мүшесі Е.Айдарбек, 87 жастағы қарт ана Е.Исабаева және осы шараның жақсы өтуіне бас-көз болып жүрген, «Қайсар» бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы М.Қоразова мен сол жердің көзкөрген ақсақалы К.Нұрланов қатысты.Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Марат Кәрімұлы сөйлеген сөзінде:

–Мектеп ұжымы өткізіп отырған бұл іс-шараның маңызы тереңде жатыр.Ғасырлар бойы халқымызда жинақталған салт-дәстүрлер мен ұлағатты өнеге біздер үшін аманат. Олай болса, сол аманатты жастарға жеткізу, түйсіктеріне сіңіру, үйрету мына біздердің басты мақсатымыз болуға тиіс. Мына бір терең мағыналы, ұлағаты мол іс-шара бір мектеп аясында қалып қоймай, Астанамыздың барлық мектептерінде өткізілетін болса, құба-құп болар еді. Айта кететін жағдай, бастауыш  ардагерлер ұйымын жиырма жылдан астам уақыт басқарып отырған, құрметті ардагер анамыз Майра Әлімханқызының осы бағытта – жастарға тәрбие беру жолында атқарып жүрген еңбегі ұшан-теңіз. Алдағы уақытта да біздердің осындай ардақты қарияларымыз жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелеріне жіті араласады деген зор сенімдеміз, – деді.

Сөз соңында Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Марат Кәрімұлы осындай игі істі өткізіп, жұртты риза еткен мектеп директоры Ләззат Мұханбетқызы Құлтаеваға ардагерлер Кеңесі атынан Алғыс хат табыс етті.

Бұдан кейін шығып сөз сөйлеген Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары  Нұрмат Хамидоллаұлы да ізгі шараның құндылығына тоқталды. Бала тәрбиесі бастапқыда отбасында басталып,мектептерде жалғасатынын айта келіп, ұстаздардың жанқиярлық еңбектерінің жемісі қашанда жақсы атқарылған іс-шаралардың нәтижесінен көрінетінін айтты. Сондай-ақ, Астана қаласы әкімдігі тарапынан №44 орта мектеп ұжымы ұстаздарының еңбектеріне жеміс тілеп, алдағы уақытта да көптеген биіктерден көріне берулеріне тілектестігін білдірді.

Бұдан кейін Нұрмат Хамидоллаұлы Алматы ауданы әкімі атынан осы мектеп директорыныңтәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ә.Әбуова, ардагер ұстаз Б.Достығалиев, бастауыш сынып мұғалімдері Қ.Аманқұл, М.Дәуей, С.Жакешеваны Алғыс хатпен марапаттады.Оқушыларға баспадан жаңа шыққан Абайдың «Қалың елім, қазағым..» атты жаңа жинағын табыс етті.

Келден Ғалиұлы ақсақал мектеп ұжымының іскер жұмыстарына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Сонымен қатар, мектеп балаларын еңбекке баулу қажет екенін еске салды. Ол кісінің сөзінен ұққанымыз: кезінде  осы маңайда үлкен бау-бақша болыпты, сонда балалар жеміс отырғызып, оларды күтіп, тіпті жинауға да араласады екен. Еңбекпен өскен бала жаман болмасы баршамызға белгілі.

Майра Әлімханқызы мектеп ұжымының қолы жеткен жетістіктеріне тоқталып,алдағы уақытта да алдыңғы қатардан көріне берулеріне тілектестігін білдірді. Жаңадан салынған мектептің ашылу сәтіне  қуанышпен қатысатынынжеткізді.Елдің ардақты анасы балалардың қуанышына қуанып, жас ұрпақтың  амандығын тіледі.

Қарт ана Елен Әбішқызы осы мектептен барлық балалары мен немерелерінің тәлім алғанын айтып, мақтанды. Олар бұл күндері үлгілі, тәрбиелі  азамат болыпты. Білімдері де ешкімнен кем болмаса керек. Алдағы уақытта шөберелерінің де осы жерде оқып, білім алатынына күмән келтірмейді екен. Мектеп ұстаздары мен оқушыларына абырой тілеп, алғысының шексіз екенін жеткізді.

Тілім барда қазағым бар, халқым бар,
Дәстүрім бар, ата жолы салтым бар.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар, –

демекші, жиналған қауым, мектеп ұжымы мен оқушыларға айтылған жылы лебіздерге риза болды. Ұстаздар мен оқушы балалардың қуанышы жақсыән-жырға, назды әуенге, биге ұласты.

Баянды ӘЛПИ,
Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің мүшесі.

 Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар