Әлиханның аманаты

Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық-драма театрының Ақмола облысына гастрольдік сапары

Көкше жеріндегі театр қойылымдарыжазушы-драматург Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» атты реквием драмасымен басталды.

Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялыларының асқақ рухына және Алаш Орданың 100 жылдығына орайластырылып сахналанған шығарма көкшелік көрерменнің көңілін толқытып, жанарына еріксіз жас үйірді.

«Мен төре-сұлтанмын! Тірі болсам, хан баласында қазақтың өтелмеген ақысы бар, сондықтан қазақ үшін қызмет етпей қоймаймын… тіпті жанымды алса да…». Бұл қаймана қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған Абайдан кейінгі Әлихан Бөкейхановтың жүрек түкпірінен шыққан сөзі еді.

Ұлттық рухты көтеріп, жаныңды тебірентіп, көңілді толқытатын, көзге еріксіз жас үйіретін пьеса кино және театр актері, жазушы-драматург Нартай Сауданбекұлының қолынан шыққантағылымды туынды. Қойылымның режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Гүлсина Мерғалиева, қоюшы суретшісі – Қазақстанның мәдениет қайраткері Гүлнәр Қанафина.

Оқиғада ұлт көсемі Әлиханның тар қапаста отырған соңғы жылдары суреттеледі. Спектакльде  кейіпкер саны аз болғанымен, қамтылған ақпаратта шек жоқ. Бір жарым сағаттық қойылым көрерменнің сол бір тар заманға, қилы кезеңге саяхат жасауына мүмкіндік береді. Басты кейіпкерлері – Әлихан Бөкейхан мен есім-тегі жоқ тергеуші. Әлиханның бейнесін «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Медғат Өмірәлиев шынайы сомдап шықты. Спектакльде тергеуші Әлиханмен диалог барысында адами тұрғыдан дамып, өсіп-өнеді, қамаудағы Әлиханның құдіреттілігіне, ұлылығына бас имесіне шарасы қалмайды. Тергеушінің образы да Әлихан бейнесінің жан-жақты ашылуына, ұлылығын танытуға мол мүмкіндік береді. Бұл екі образ бір-бірін толықтырып, бір-бірінің ашылуына мүмкіндік туғызған, септігін тигізген дуэт деуге келеді. Тергеушіні сомдап шыққан актердің – Еркебұлан Бекеннің әртістік қабілеті, образ ашудағы ізденісі мен сол бір жымысқы саясат кезіндегі құйтырқы биліктің итақайларының бейнесін сын тезінен өткізіп, көрерменге шынайы ойнап көрсетуі оның қарым-қабілетінің, талантының жоғары екендігін байқатады.  Сонымен бірге, қойылымдағы тергеу барысында Әлиханның оқиғаларды баяндау кезіндегі шегіністерде бой көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлы – Айдос Тастаевтың, Міржақып Дулатов – Абзал Ратбектің, Ғұбайдолла –Ақылбек Мысыбаевтың да өздеріне тапсырылған образдарды салмақты, Алаш қайраткерлерінің болмысына тән дөп басып бере алғандары ерекше қошеметке ие.

– Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ашылғанына 20 жыл толып отыр. Екі онжылдық  ішінде репертуарымыз қазақ және шетел классиктерінің мазмұнды спектакльдерімен толықты. Қоржынымыздаатақты классик жазушылар – Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаевтардың, бертінгі заманауи драматургтер Жабал Ерғалиев, Иран Ғайып, Нартай Сауданбекұлы секілді ағаларымыздың шығармалары бар. Бүгін ұсынып отырған қойылым Н.Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» Маңғыстауда осыдан бес жыл бұрын жоғары сұраныспен қойылған спектакль. Менімен ойлары бір шығармашылық иелері келісе отырып, біздің театрда Әлихан, Ахмет сияқты ұлт зиялыларының образдары болуы керек деп шештік. Ондағы мақсат – осы образдар арқылы ұлттың рухын ояту, жастарға тарихты насихат ету. Кейін пьесаға тапсырыс бердік, нәтижесінде Нартай Сауданбекұылының шығармасын таңдап алдық. Басты рөлдегі Медғат Өмірәлиев талантты актер. Кейін осы спектакльден көрген соңоны «Тар заманның» режиссері Әлихан бейнесін ойнауға шақырып, онда да ұлт көсемін сәтті сомдап шықты. Бұл спектакльді қоюға дайындық төрт ай жүрді. Жұмыс оңайға түспеді. Бағасын халық өзі береді, –деді қойылым режиссері әрі театр директоры Гүлсина Мерғалиеваны әңгімеге тартқанымызда.

Бұл орайда, спектакльден кейін сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиұлы:

– Жүректі толқытып, жүректі ауыртып сол заманды көз алдымызға елестетіп, алып келген актерлерге – сахнадағы Алаш қайраткерлеріне бас иемін. Ұлт көсемі Әлихан бабамыз жаңа спектакльде: «Біз келер ұрпаққа көп жүк қалдырмауымыз керек. Бәрін біз істеп кетуіміз керек» деп қасындағы Алаш зиялыларына аманат айтты. Шынын айтқанда, бізге Алаш қайраткерлері көп жүк артып кеттіңіздер. Бірақ, біз Сіздерді айыптамаймыз, көп жүк қалдырмау жолында жандарыңызды оққа байладыңыздар. Ұлт үшін, қазақ үшін, қазақтың бір тұтам жері үшін құрбан болдыңыздар. Сондықтан, бүгінгі тірі жүрген ұл-қыздар Сіздердің аруақтарыңызға әрдайым риза. Сіздер біздерді айыптамаңыздар, қасиетті Алаш қайраткерлері. Сіздерден бізге ауыр жүк қалғаны рас. Ендігі арада біз ұлтты сақтайтын тілімізге, тарихымызға, жерімізге, ділімізге сақ болуымыз керек, – дей келе, Гүлсина Мерғалиева бастаған театр ұжымына алғыс білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар