Қазақстан үшін он алтынмен жазғы Азиада ойындары мәресіне жетті

8 қазанда Қытайдың Ханчжоу қаласында Қазақстан құрамасы да қатысқан жазғы Азияда ойындары өз мәресіне жетті.

Барлық жарыстар аяқталғаннан кейін біздің елдің спортшылары жалпы жиынтығы 80 медальға қол жеткізгені белгілі болды. Оның 10-ы алтын, 22-сі күміс және 48-і қола медаль. Сөйтіп, Қазақстан медальдар есебінде Азиада қорытындысында жалпы командалық 11-ші орынға тұрақтады.

Алаң иелері Қытай спортшылары жалпы жиынтығы 383 медальға, оның ішінде 201 алтын, 111 күміс және 71 қолаға қол жеткізіп, жазғы Азиада ойындарының сөзсіз жеңімпазы атанды. Аспан асты елінің мұншама медальға қол жеткізуі спорттық әлеуетінің мықтылығын көрсетсе керек. 188 медаль санымен (52-67-69) екінші орынға тұрақтаған Жапония, 190 медаль санымен (42-59-89) үшінші орыннан көрінген Оңтүстік Корея алғашқы үштіктің қатарынан табылды. Бұл арада соңғы елге қарағанда, медальдары аз көрінген жапондықтар алтын жүлделерінің басымдығынан екінші жалпы командалық орында тұр. Сол сияқты, бұл жазғы Азиада ойындарында төртінші, бесінші орындарды еншілеген Индия мен Өзбекстан да өз елдері жанкүйерлерінің сенімін ақтаған спортшыларымен мақтануларына болады.

Қазақстан өкінішке орай, бұл құрылық ойындарын 11-шы орында аяқтап, Өзбекстаннан кейін де Қытайдың Тайбэйін, Иран, Таиланд, Бахрейн, Солтүстік Корея мемлекеттерін  алға жіберіп алды. Сөйтіп, 2014 жылы осындай Азиада ойындарында төртінші орыннан көрінген жетістігін қайталай алмады. Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан Орта Азиядағы көршілес мемлекеттер болғандықтан, бір-бірінің спортына жіті көзбен қарап отыратыны анық. Осы жолы Азиаданың басынан бастап өзбек бауырлар алтын медальдар санын біраз көбейтіп алды да, содан тізгінді бермеді. Ал, Қазақстан қоржынына алтын жүлделер жарыс өрмек жүзінен ауғанда, әсіресе, Азиаданың соңына қарай түсе бастады. Бұл ретте, басты үмітімізге балаған боксшыларымыз тақа өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Сөйтіп, олар құрама қоржынына небәрі екі күміс, үш қола ғана қосты. Солардың ішінен қыздар арасында 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ақмолалық жерлесіміз Карина Ибрагимованы күміс медальмен құттықтап қойғымыз келеді. Ал, жалпы алтын жүлдені қанжығамызға байлаған спорт түрлерін атай кетсек, нысана көздеу, велоспорт, байдарка мен каноэ, каратэ сияқты жарыс жолдары біздер үшін олжалы болды.

Әрине, әлемдік, құрылықтық жарыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Алда Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындары кезек күтіп тұр. Бұл жолғы кеткен есені сонда қайтару парыз. Ханчжоуда Қазақстан құрамасы спорттың 30 түрінен бақ сынап, 525 спортшыны үкілеп апарғанымен, олардың қоржынға медаль салғаны көп емес. Осы жағын терең зерделеу керек. Құрылықта оза шаба алмасақ, бұдан да үлкен бәскелерде қанжығамыз қалай майланбақ?! Мәселен, 2014 жылғы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Азиада ойындарындағы 28 алтын қазір көзден бұл-бұл ұшып тұр. Сонда да алтынды есептемегенде, жалпы медальдар саны жағынан көршіміз Өзбекстаннан бірер медальға озып тұрғанымыз көңілге медет. Дегенмен, алтыннын аты алтын ғой. Осы жағы біздің спортшыларымызды, олардың тәлімгерлерін, жалпы спорт қауымдастығын мықтап ойлантар деген үміт бар.

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар