Ұлағатқа тәрбиелейтін ыстық ұя

Шеберлік шыңына шыққан қазақ боксының өзгеше өрнекті мектебінің абырой-атағы әлемге аян. Ерлік пен өрлікке тәрбиелейтін спорттың осы бір саласына еңбек сіңіріп жүрген жаттықтырушылар аз емес. Соның бірі астаналық,Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Азамат Туямашев.

Өз айтуына қарағанда, Қорғалжындағы білім ошағынан кейін 2001 жылы Астана қаласындағы республикалық дарынды балалар мектебінің бокс бөлімін тәмамдаған. Бүгінде өткен өмір соқпағына көз жүгіртіп, боксқа деген ынтызарлығы қалай туындап еді деген сауалға жауап беретін болса, ынтасын арттырған ағаларының ықпалы екен. Алдыңғы толқыннан үлгі алған, өміршең өнегесін ұққан. Жеті жасынан бастап былғары қолғапты қолына киіп, алғашқы жаттықтырушысы Мұрат Баймағамбетовтың тәлім-тәрбиесін алған. Жас талантты жазбай танитын тәжірибелі жаттықтырушы Мұрат Борашұлы Азаматтың болашағынан үлкен үміт еткен, көп көңіл бөлген. Әсіресе, бір айтқанын екі етпейтін ұғымталдығына, алғырлығына, жай оғындай жылдамдығына. Алдымен ауыл арасындағы кішігірім жарыстарға қатысқан. Бір ғажабы,спортқа жан-тәнімен берілгенөрімдей жас жаттығу десе ішер асын жерге қоятын ерекше құмар болса керек.

–Біздің заманымызда бүгінгі балалардай бас алмай қызықтайтын әлеуметтік желі жоқ, уақытымыздың көбі бокс залында өтетін, – дейдіАзаматтың өзі, – жаттықтырушының айтқаны бұлжымас заң болатын. Тек бір қиын жері сол кезде қаражат тапшы болды ма екен, ұзап шығып үлкен жарыстарға қатысу жағы аздау болды. Кейін тұңғыш жаттықтырушым Мұрат Борашұлы әлдебір себептермен кетіп қалды да орнына Ерсейіт Каукеев ағай келіп, бізді жаттықтыра бастады. Міне, сол кезде үлкен жетістіктерге қол жеткіздік.

1996 жылдың қаңтар айында Жанғабыл Түсіпбековты еске алуға арналған республикалықтурнир өткен екен. Осы турнирде үш кездесуде айқын басымдылықпен жеңіп, чемпион атаныпты. Балғын шақтың бағалы бір белгісіндей кубогы әлі сақтаулы тұр. Азаматтың айтуына қарағанда, кез-келген салада табысқа жету үшін спортшының бойында алдымен сүйіспеншілігі болуы шарт. Оған темірдей тәртіп пен жалығудыбілмейтін еңбекқорлық қосылса құба-құп. Сонда ғана алдына қойған мақсаты орындалып, көздеген мұратына жетеді.

–Негізі бокс балаларды ынтымаққа үйіріп тұратын өнер, – дейді жаттықтырушы, – бір-бірін сыйлай білуге, құрметтей білуге баулиды. Бүгінде қазақ боксы әлемде өз орнын ойып тұрып алатын болса, оның түпкі себебін халқымыздың бойындағы қайсарлық пен ержүректіліктен іздеу керек.

Сөз арасында Азаматтың қол жеткен табыстары туралы айта кеткен ләзім. Жасөспірімдер мен жастар арасында өткен бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған.  Қазақстан Республикасы чемпионы атағын жеңіп алған. 2015 жылдың тамыз айында Индияның Пуна қаласында өткен жарыста Азия чемпионы атанған, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2015 жылдан жаттықтырушылық қызметін жалғастырып келеді. Шәкірттері де табыссыз емес. Кикбоксингтен екі дүркін әлем чемпионы Ерлан Шағбанды тәрбиеледі. Қаулап өсіп келе жатқан жас спортшылардың қол жеткізген табыстарына орай, бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңіргеен жаттықтырушысы атанып отыр.

–Ең бастысы, жастарды Отанды сүюге тәрбиелеу, – дейді Азаматтың өзі, –бапкер баптаған жас толқын еліне адал қызмет етуі басты міндет. Біз жаттықтыруды еліміздің Әнұранын орындаудан бастаймыз.  Былғары қолғап киген әрбір жасөспірімнің көкірегінде туған елге деген перзенттік махаббат мөлдіреп тұратынболса еңбегіміздің зая кетпегені. Жалғыз спортта ғана емес, берік білім алуын да қадағалаймыз. Біздің жастарымыз білекті ғана емес, білімді де болуы керек.

Алда мерейлі міндет бар. Ол жаз гүліндей жайнап өсіп келе жатқан жастарды жоғарыда айтылғанындай, парасат биігіне ұмтылдырып, арлы адамгершілікке тәрбиелеу. Ел жастары сегіз қырлы, бір сырлы болса ғана мәңгілік елдің мәртебесі биіктей түсетіні сөзсіз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар