Чехиялық аграршылармен жаңа қарым-қатынастың бастамасы

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Чехия Республикасының Қазақстан және Қырғыз Республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Павол Шапеляк және Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Чехияның ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный Көкшетауда өткен бизнес-форумның жұмысына қатысты.

Министр бастап келген делегацияның құрамында чехиялық агроөнеркәсіп кешені компаниялары мен кәсіптік одақтардың өкілдері бар. Іс-шараның басты мақсаты ауыл шаруашылығы саласында екі жақты ынтымақтастық пен әріптестікке қол жеткізіп, өзара тәжірибе алмасу болып табылады.

Форумның пленарлық сессиясын ашқан облыс әкімі меймандарды халықаралық аренадағы маңызды экономикалық, саяси серіктестер ретінде қарастыратынын атап өтті.

−Министр мырзаның  өз делегациясымен Ақмола облысына келгеніне қуаныштымыз, − деді Марат Ахметжанов. –Бүгінгі іс-шараны өткізу бізге аса маңызды және басымдыққа ие ынтымақтастықты жандандыруға, оны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп санаймын. Бүгінгі таңда біздің тарапымыздан бизнес форумға агроөнеркәсіптік сектордағы қызметпен айналысатын 60-тан астам кәсіпорын шақырылды. Сондай-ақ, осы немесе басқа салада чех компанияларымен бұрыннан өзара әрекеттесіп келе жатқандар да бар. Чехияда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің жоғары дамығанын, сонымен қатар, сіздерде ауыл шаруашылығы тауарлары әлемде үлкен сұранысқа ие екендігін жақсы білеміз. Сондықтан, біз осы бағытта үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Дегенмен, өкінішке орай, өңірде Ақмола облысы мен Чехия арасындағы бірде-бір тіркелген   бизнес  жоқ екен. Менің ойымша, бұл кездесу бірлескен бизнестің дамуына серпін береді.

Форум барысында облыс әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы барлық жетістіктерін баяндады. Сондай-ақ, ол іс-шараның Ақмола облысы мен Чехия арасындағы жаңа қарым-қатынастың бастамасы болатынына сенім білдірді. Делегация құрамында  облыс орталығына  тек ауыл шаруашылығы саласында ғана емес, сонымен қатар, білім беру саласындағы 46 компанияның өкілдері келді. Чехияның Ауыл шаруашылығы министрі  Ақмола облысының әкіміне жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Чехиямен аймақтың агроөнеркәсіптік секторда тиімді ынтымақтаса алатын көптеген бағыттары бар екенін айтты.

−Мен Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы қарқынды дамығанын және Чехия көптеген бағыттарда көмектесе алатынын білемін. Мысалы, бізде тұқым немесе мал генетикасы және тағы басқалары бар. Мұның бәрі Ақмола облысы үшін өте маңызды рөл атқаратыны анық. Сондай-ақ, бізде ауыл шаруашылығы жабдықтары бар. Делегация құрамындағы компаниялардың бірі – «Zetor» компаниясы.  Бұл компания трактор өндірісіне мамандандырылған,−деді ол.

Әзірге Чехиядан Қазақстан Республикасына ең көп таралған экспорт тауарлары аз. Сондықтан, бизнес-форумда қазақстандық агрокәсіпкерлерге  чех компанияларымен байланыс орнатуға қолайлы мүмкіндіктер туды. Отандық фермерлер чехиялық асыл тұқымды малды, жоғары сапалы ауыл шаруашылығы техникасын, жануарларға арналған премикстер мен жемшөп қоспалары жөнінде мағлұмат алды. Бірақ, бұл чех компаниялары ұсына алатын ауыл шаруашылығы тауарлары мен қызметтерінің толық тізімі емес. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы ынтымақтастық перспективасы ақмолалық кәсіпкерлерді қатты қызықтырады.

Форум соңында министр қазақстандық кәсіпкерлермен, оның ішінде Ақмола облысының бизнес өкілдерімен бірлескен қарым-қатынастар таяу болашақта табысты әрі қарқынды дамитынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ол чех кәсіпкерлерімен бизнес жүргізгісі келетін немесе ынтымақтастығын одан әрі кеңейткісі келетін ақмолалық кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге ниетті екендіктерін де аңғартты.

     Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар