Екі ел арасындағы бизнес әріптестік нығая түседі

Облыс әкімі Марат Ахметжанов Чех Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный бастаған делегация мүшелерін қабылдап, ауыл шаруашылығы мен бизнес салаларында өзара ынтымақтастық байланыстарды қарастырды.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов, облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жүсіпов және департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.

Облыс әкімі чех делегациясына облыстың құрылу тарихы мен әлеуметтік-экономикалық дамуын жан-жақты таныстыра келе, Ақмола облысы әрі астаналық әрі курорттық аймақ екеніне назар аударды.

–Бұрынғы тың игеру кезеңінен құнарлы жерлерге бай облысымыз жылына 5 миллион гектар алқапқа егін егіп, астық жинайды. Облыстың кәсіпорындары сүт, ет, ұн өнімдерін өндіріп, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтеді және алыс-жақын шет елдерге экспорттайды. Соңғы жылдары құс шаруашылығын да қолға алудамыз. Астананың азық-түлік белдеуін толығымен қамтамасыз етеміз. Облыстың аумағында 1300 өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Металлургия, машинақұрастыру, құрылыс индустриясы, химия салаларыжақсы дамыған. Облыс аумағында аты аңызға айналған мойынтірек зауыты бар, ол осы өнімменелімізді толық, сондай-ақ, Ресейді 90 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанда өндіріліп жатқан алтынның 60 пайызы Ақмола облысындаөндіріледі, –дей келе, облыс әкімі туризм саласына кеңінен тоқталды, сыртқы экономика мәселелері бойынша әлемнің 90 мемлекетімен әртүрлі салада екіжақты келісім-шарттар жасалғанын алға тартты. Олардың ең бастылары Ресей, Қытай, Өзбекстан, Белоруссия, Түркия мемлекеттері екендігін атап өтті. Облыстың Чех Республикасымен де ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтуға дайын екендігін жеткізді.

Чех Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный облыс әкіміне жылы қабылдауы үшін алғыс сезімін білдіріп, Қазақстанға жұмыс сапары бағдарламасында Ақмола облысының болғанына қуанғанын айтып, делегация мүшелерімен таныстырды.

–Дипломатиялық қарым-қатынас орнату кезінде біз бизнес өкілдерімен қатар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін де қарастырамыз. Сонымен бірге, Чех Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Павол Шепеляк та қатарымызда бар, –деді министр. – Іссапар барысында Ақмола облысына әлеуеті зор облыс ретінде  келіп отырмыз. Бүгінде Қазақстан мен Чех Республикасын ежелгі достығымыз – осыдан 20 жыл бұрын келісілген экономикалық-өндірістік, ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастық келісім-шарттар байланыстырады. 2019 жылы Қазақстан мен Чех Республикаларының Ауыл шаруашылығы министрліктері арасында меморандумға қол қойылған. Бүгінгі келген мақсатымыз – екі ел арасында бизнес әріптестікті дамыту. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы тамақ өндіру, машинақұрастыру компанияларымен байланысты нығайтуды көздеп отырмыз. Бүгінде екі елдің компаниялары арасында өзара әріптестік келісім-шарттар жасалуда. Аграрлы салада Чехия жемшөп материалдарымен аты шыққан. Кәсіпкерлік, өндірістік салада ұсыныстар түссе, іскерлік әріптестікке дайынбыз. Бизнес-форум барысында тағы да өз ұсыныстарымызды айтамыз.

– Ауыл шаруашылығын дамытуда халықаралық деңгейдегі озық технологияларды пайдалану бойынша ұсыныстарыңызды қабылдауға әзірміз. Ең бастысы, барлығы екі елдің заң талаптарына сай болсын. Форумға ауыл шаруашылығы мен өндірістік саланың 60-тан астам кәсіпкерін шақырдық. Бүгін танысып, екі жақты әріптестік орнатуға жағдай жасаймыз, – деді облыс әкімі өз кезегінде.

Екі ел өкілдері арасындағы кездесу соңында облыстық әкімдік тарапынан чехиялық меймандарға кәдесый жасалды.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар