Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың соңғы жылдары Парламент депутаттары жазғы демалыстан кейін өз жұмыстарына кірісетін 1 қыркүйек күні Палаталардың бірлескен мәжілісінде Қазақстан халқына өзінің Жолдауын жариялауы дәстүрге айналып келеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып, ел Президенті халық назарына «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жаңа Жолдауын жолдады.
Ақмола облысының мәдениет басқармасына қарасты ұжымдар аталмыш Жолдауды ықыласпен тыңдап, өзара талқылап, оны насихаттау аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Президент өз Жолдауында ең алдымен атқарылған жұмыстарға шолу жасады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру жолында Парламенттің рөлі ерекше екенін айтып, қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның келешекке кемел қадам басуын қамтамасыз ету үшін батыл да маңызды бастамаларды көтерді. Мемлекет басшысы қабылдаған әрбір шешімнің халық үшін өзіндік орны ерекше екені белгілі. «Ақыл – жастан» демекші, Мемлекет басшысының ұрпақ тәрбиесінің мықты негізі дамудың басты бағыты екендігіне басымдық беріп, жастарымыздан үлкен үміт күтетінін, барған жерлерінде жастармен кездесіп, талантты, талапты жастарды іздеп, олармен танысып жүретінін айтты, Әрбір облыс орталықтарында, үлкен қалаларда креативті орталықтар ашылуы керек екендігіне тоқталды.
Осы орайда, өңіріміздің мәдениет саласының қаладағы, ауылдағы мәдени ошақтары да бүгінгі күнгі жастардың көптеп жиналып, өздерін жан-жақты дамытып, ойларын ортаға салатын, азамат ретінде қалыптасатын орта дер едім. Жас ұрпақты жан-жақты саламатты да кемел етіп тәрбиелеу барысындағы істерімізді одан әрі дамыту мақсатында театрларда қойылымдардан кейінгі талқылаулар, кітапханаларда жиі ұйымдастырылатын іс-шаралар жастардың өздерінің таланттарын көпшілікке танытып, олардың әрі қарай дамуларына жол ашып отырғанын айту керек. Бұл көріністер Президентіміз айтқан Әділетті Қазақстанды құратын адал азаматтарды тәрбиелеуге өз ықпалын тигізеді, сондай-ақ, жастарға туған жерін, елін жақынырақ таныта отырып, оларды патриоттық рухта тәрбиелейді, отансүйгіштік қасиеттерін оятады деп сенемін.
Мемлекет басшысы еліміздің мәдениет, әдебиет және өнер саласының дамуына үнемі ерекше көңіл бөледі: «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ, бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз», – деген Мемлекет басшысының сөзін басты назарға алып, біз, Ақмола облыстық мәдениет басқармасы қызметкерлері өңіріміздің мәдениет саласын дамытуға бар күш-жігерімізді аянбай атсалысамыз. Бүгінгі таңда мәдениет саласының инфрақұрылымын дамытуға аса зор көңіл бөлінуде. Өңірдегі 247 мемлекеттік клубтық ұйымның, оның 227-сі ауылдық жерде, 77 пайызы телефон байланысымен, 60 пайызы компьютермен, 51 пайызы интернет желісімен қамтылған. Тек соңғы 5 жыл ішінде мәдени ошақтарды жөндеуге мемлекет және облыс қазынасынан жалпы сомасы 6 миллиард теңге қаржы қарастырылып, 90 нысан жөндеуден өтті.
Ел Президенті «Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан» демекші, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде мәдениет нысандарына күрделі жөндеу жүргізу қолға алынып, ауылдық жерлерде инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік туды. Жоба басталғалы Зеренді, Астрахан, Жақсы және Аршалы аудандарының 5 мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, көптеген жылдар бойы жұмыс істемей тұрған Ерейментау ауданындағы Новомарковка ауылдық клубы қайта іске қосылды. Биыл жалпы құны 5,3 миллиард теңгеге 32 мәдениет ұйымында жөндеу жұмыстары және 8 нысанның құрылысы жүргізілуде, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасындағы күрделі жөндеу жұмыстары да осы жоба аясында іске асырылуда. Сонымен бірге, Аршалы аудандық мәдениет үйінің ғимараты, Астрахан ауданының Новочеркасск ауылындағы, Степногорск қаласына қарасты Қарабұлақ ауылындағы, Бұланды ауданының Никольск және Вознесенка ауылдарындағы мәдениет үйлері жөндеуден өткізілуде. Ал, Есіл ауданының Бұзұлық ауылындағы клубқа 251 миллион теңге бөлініп, қайта қалпына келтірілуде. Жергілікті бюджет есебінен 785 миллион теңгеге Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы мәдениет үйі ғимаратының, Аршалы ауданы Жібек жолы ауылындағы демалыс орталығының, Сандықтау ауданының орталығы Балкашино ауылындағы жастардың бос уақытын өткізу орталығының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Зеренді, Целиноград, Ерейментау, Біржан сал аудандары мен Степногорск қаласының мәдениет объектілері жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, кей аудандардың ауылдық клубтарының қазандықтарын жөндеу мен жаңадан орнатуға бюджеттен 250 миллион теңге қаржы қарастырылды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру табысты іске асырылуда, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 8 мың баланы қамту үшін 1,4 миллиард теңге бөлінді. Ән мен жырдың ордасы атанған біздің өңірде шығармашылық үйірме түрлерінің 50 атауының 38-і жүзеге асырылуда. Облыста бүгінде 1052 балалар үйірмесі бар, оларға 13609 бала қатысады, ал, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бағдарламасы бойынша 265 балалар үйірмесі жұмыс істесе, онда 8100 бала қамтылған.
Облыста жыл бойы қазақ халқының мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті мәдениет қайраткерлерінің мерейтойлық күндеріне арналған іс-шаралар өткізіліп тұрады. Облыс бойынша бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды, солардың қатарында ақын, публицист, педагог-ағартушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Бала ақын – жас дарын» облыстық оқушылар айтысы, «Мағжан поэзиясының маржандары» атты мәнерлеп оқу байқауы, «Ән аға – Шәмші аға», жыршы-термешілердің «Даланың жыр шежіресі», «Өнерлі шаңырақ» атты облыстық байқаулары, «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық музейінің аумағында этноауыл өткендігін ерекше атап өткім келеді.
Мемлекет басшысының жиі айтып жүрген қарапайым еңбек адамдарының үлгі-өнегесін жас ұрпақ тәрбиесіне сіңіру бойынша насихат жұмыстары қолға алынуда. Мәдениет саласында көп жылдар бойы еңбек еткен қызметкерлердің өмір жолдары әлеуметтік желілерде бейнероликтер арқылы таратылып, түрлі жобалар шеңберінде еңбек адамдарының қатысуымен іс-шаралар ұйымдастырылып, кездесулер өткізілуде, мұндай игілікті істер әлі де жалғасын табатын болады.
2023 жылдың 9 айында Ақмола облысының 241 солисі мен 268 көркемөнерпаздар ұжымы халықаралық және республикалық байқауларға қатысып 38-і Гран-при, 127-сі лауреат және 280-і дипломант атағына ие болды.
Тарихтың қоймасындай болып отырған Ақмола облыстық музейлері өңірдің өткені мен бүгінгісін, әдеби мұрасын жинақтап, зерттеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын киелі орын. Бүгінгі таңда облыстық музейлер қоры замана үнімен жаңғырып, жылдан-жылға аса құнды көненің көзіндей тарихи жәдігерлермен толығуда. Ақмола облысындағы 11 мемлекеттік музейдің қорында 180 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Қанатын кеңге жайған 11 музейде барлығы 296 адам қызмет етеді. Музей қызметкерлері әр жылдары тәжірибе алмасу мақсатында өз баяндамаларымен ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, семинарларға қатысып, тәжірибелерін шыңдауда.
Жыл сайын жаңа есімдерді анықтау, таланттарды қолдау, материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауы өткізіледі. Осы облыстық байқаудың басынан бастап жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 28 жеңіл автокөлік, 7 шағын автобус, сахналық костюмдер жиынтығы, ұйымдастыру техникасы табыс етілді. Жыл сайын жобаға қатысушылар саны артып келеді. Мәселен, 2023 жылы қала мен аудандардан көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауына 70 мыңға жуық адам қатысты.
2024 жыл атаулы, мерейтойлы даталарға толы жыл. Осы орайда, қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз шығармаларымен толықтырған ірі тұлға Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығы, халық композиторы Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдығы, қазақ әдебиетінің айтулы өкілі Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдығы, ақиық ақын-жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфулиннің 130 жылдығы, қазақ халқының ұлы перзенті, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, «Көкшенің көк нөсері» атанған айтыскер ақын Көкен Шәкеевтің 100 жылдығы аясында түрлі ауқымдағы іс-шаралар өткізілетін болады. Бұған қоса, Көкшетау қаласының 200 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мақсатында республикалық ақындар айтысы, ғылыми-практикалық конференция, прозашылар байқауы, ән фестивалі, жазба ақындар мүшәйрасы секілді көптеген ауқымды іс-шаралар жоспарланған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына деген адалдық», – деп атап өтті. Мәдениет қызметкерлері де Жолдауда атап көрсетілген адал еңбекті, әділетті азамат болуды жан-жақты насихаттай отырып, ұлттың рухани дамуы, жастардың ұлттық өнерді бойларына сіңіруі жолында қызмет етеді. Әділетті Қазақстанды құру – әрбір азаматқа міндет. Алдағы күнге үлкен үміт артып, еліміздің іргесі аман, бейбітшілік заман тұрақты болса екен деген тілекпен Отанымызды дамытуға шақырған ел Президентінің саясатын қолдап, іске асыру – әрбіріміздің ардақты парызымыз.
Айгүл СӘБИТОВА,
Ақмола облыстық мәдениет
басқармасының басшысы.