Жасынан дара шыққан Көкше қызы

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Роза Шамжанованың туғанына 100 жыл

Роза Шамжанова! Бұл есім кезінде бүкіл Кеңес Одағына кеңінен тараған болатын. Енді ше, қазақтың 13 жастағығана еті тірі қызы Роза Шамжанова бүкіл елге танылған мал шаруашылығы озаты! 1936 жылы Кремльде Бүкілодақтық староста Михаил Калининнің өзі оған «Құрмет Белгісі» орденін тапсырып, құшағына қысып, шашынан сипайды. Сол кезде дүркірей естілген бұл есім бір қуаныштысы, тарих толқынымен кейін де ұмыт қалмай, бүкіл қазақ елі білетін үлкен бір мақтанышқа айналады. Бұлай деп отырғанымыз, осы кішкентай Роза кейін сұрапыл соғыстың от-жалынынан өтеді, қытайтанушы атанып, жапон тілін қоса меңгеріп, Қазақ шет елдермен достық және мәдени байланыс қоғамының төрайымы, Қазақ ССР әлеуметтік қамсыздандыру министрінің орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарады, жұмыс бабымен жарты әлемді аралап шығады.

Бір қуаныштысы, кішкентайынан жүрегі елім деп соққан қаршадай қыз сол Калининнің қолынан үлкен орденді алғанда, Кремльге қазақтың кең даласының Еңбекшілдер, Степняк деген жерінен жетіп еді. Өйткені, тағдырдың жазуымен ата-анасынан жастай айырылған Роза осында Жаңауыл ауылында туып, Казгородок балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан. Тоғыз жасынан ауыр еңбектің қадірін түйсініп, мал шаруашылығына көмек беруді ұйғарған пионерлер қозғалысына қосылып, оның белсенді мүшесі атанып, бір топ бұзауға күтім жасаған. Осы малға жан-тәнімен беріле қарап, мол салмақ қосқызып, аман өсірген Розаның бағы арада төрт жыл өткенде жарқырай жанып, республикалық жарыстың жеңімпазы атанады. Сөйтіп, оны Мәскеу қаласына баратын мал шаруашылығы озаттарының қатарына қосады. Ал, онда не болғаны белгілі. Мойнына алқызыл галстук байлаған қазақ қызының Бүкілодақтық старостаның қолынан орден алып тұрғаны ертеңгісін бүкіл газеттердің бетін бермейді.

Сөйтіп, ата-анасыз қанаты қайырылған жас қызға елі осылай пана болып, бүлдіршін кезінен атын шығарып, еңбек деген қасиетті де адал жолдың берері мол соқпағына салады. Тәңірім қайсар мінез, қарымды қайрат, сергек сана берген Роза апайымыз өзіне бұйырған осынау ерекше өмір сыйын ешбір дандайсымай, кең бұлғаққа салмай, түзу алып кетіп, одан әрі де тасты жарып, қоғамның керек жеріне қажет дәні болып егіледі. Сөйтіп, алға адымдайды, алға қарыштайды. Осы арада сәл шегініс жасап, мына бір жайға да тоқтала кеткен артық болмас. Ол Розаның осы есіміне қатысты сәл анықтама. Сол кездегі бағы жанайын деп тұрған қызымыздың азан шақырып қойған әуелдегі есімі басқаша болса керек. Бірақ, сол мал шаруашылығы озаттарының бүкілодақтық кеңесінде жас қыздың омырауына орден қадап жатқан Калинин кейінгі атына ұқсас есіміне өзгеріс енгізгісі келіп, «кәнекей, сені Роза Люксембургтың құрметіне Роза атайық» деп саясатқа басып жібереді. Содан Роза Шамжанова есімімен бір күнде бүкіл елге мәлім болған Роза апайымыз осы атымен халқымыздың тарихындағы ең бір қалаулы, қадірлі қыздардың бірі болып ел жадындамәңгі қалды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында еңбекқор, қаһарман қызға туған елі – жер шоқтығы Көкшедегі Жөкей көлінің жағалауынан Алматы қаласына ауысып, осындағы №12 қазақ орта мектебінде оқуына тура келді. 1941 жылдың 15 маусымында осы білім ордасының түлектері, соның ішінде Роза да кәмелеттік аттестат алып, жас, албырт көңілдері саналуан армандарға толы кездері еді. Бірақ, соғыс өртіне бір апта ғана қалғанын кім білген. Алғашында Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түскен Розаның келе-келе бар аңсары қанды ұрыстар жүріп жатқан майданда болып, өзі сұранып, зұлым жаудан Отанды, елді қорғауға аттанғысы келеді. Бұл тілегі 1942 жылы қабыл болып, еріктілер қатарында сол сұрапыл соғысқа кете барды. Алдымен майдан емес, Түркіменстанның шығысындағы Чарджоу, қазіргі Түркіменабад қаласы күтіп тұрды. Мұнда қыздардан тұратын 33-інші жеке әуе хабарын тарату және байланыс ротасы құрылып жатқан болатын. Араға бір жыл салып, жазғытұрым оқу-жаттығу дайындығынан өткен жауынгер қыздар бірінші Беларусь майданына неміс-фашист басқыншыларымен бетпе-бет шайқастарға да кете барды. Сөйтіп, бейбіт заманда да кішкентайынан ерен еңбектің үлгісін көрсеткен қайсар қыз соғыстың да нағыз от-жалынына түсіп, ондағы кез-келген сардар мен сарбаздың басынан кешкен бар құқайды түгел көзімен көрді, өн бойынан өткізді. Қысылтаяң сәттер де талай жан алқымынан алды, жан жарасы да талай жүрегін езді. Осылайша, оқ пен оттың нағыз алдыңғы шебінде жүріп, тағы бір өз дегенін тағдырлы-талайлы өміріне сынатып көріп, аман-есен аға сержант шенімен 1945 жылы қайта Алматы қаласына табан тіреді.

–Басы артық киер киімінің де болмауынан, анам 1948 жылға дейін сол оқ-снарядтың түтіні мен иісі сіңген әскери киімде жүрдім деп айтатын, – деп ұлы Нұрлан Тәжібаев кейін бір еске алғанындай, соғыстың салған осынау бір көнермес ізі де Роза апайымыздың елжандылық, отансүйгіштік рухын және бір биіктетіп тұрғаны айдан анық.

Сол қанды жорық сұрапыл жылдардан кейін Роза Шамжанова қайтадан оқуға ден қояды. Бұл жолы бірақ мүлде басқа бағытты таңдап, Мәскеу шығыстану институтының қытай бөлімшесінде жоғары білім алып, туған Қазақстанына оралады. Ол кезде қытайтанушы оқытушылар мен ғалымдар біздің елімізде саусақпен санарлықтай ғана еді. Сондықтан, жалғыз Қазақстанға ғана емес, Қытаймен дос болып тұрған бүкіл Кеңес Одағына да ауадай қажет мамандық Роза апайымыздың жолын одан әрі де аша түседі. Бала кезінен озат пионер атағы, өзі сұранып соғыстың от-жалынынан өткен ержүректілігі бар Роза Шамжановаға ол кезде қай мекеме, қай қайраткер де есігін айқара ашқандай, құшақ жайып алдынан шыққандай еді. Бірақ, мұндайда білім-ілімің, адамгершілік, іскерлік қасиеттерің де соған сай болуы шарт. Бұл жағынан тағдыр берерін аз бермеген, оның үстіне бірнеше тіл білетін, әрі Мәскеудің жоғары білім мектебінен өткен апайымыз біраз жылдан кейінҚазақ шет елдермен достық және мәдени байланыс қоғамының төрайымықызметіне табан тірейді. Әлемнің өзімізге достық пейіл танытқан көптеген мемлекеттерімен аралас-құралас болатын, соған орай, басшысынан да, қосшысынан да ерекше мәдениеттілік пен жауапкершілікті, тектілік пен дегдарлықты талап ететін бұл жауапты қызметке әрі Роза Шамжанованы халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев атамыздың өзі зор сенім білдіріп тағайындаған дейді. Міне, сол сенімді, абыройлы жүкті Көкшенің даңқты қызы деп ешбір артық кетпестен, ауыз толтырып айтуға болатын жерлесіміз ақтай да білген, лайықты түрде көтере де білген. Сөйтіп, өз қызметінің басында-ақ қазақ мәдениеті мен өнерінің жарық жұлдыздары Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова және тағы басқаларының есімдерімен тас жарған таланттарын шет елдерге танытуға тырысқан.

Кеңес өкіметі кезінде идеология күшті еді ғой.Соның арқасында бала кезімізден белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатарынан осы Роза апайымыздың да есімін ерте біліп өстік. Ол тұста Қазақстаннан шет елдерге Үкімет делегациясы көп шыға қоймаса да, шыққандарының арасында міндетті түрде Көкшенің, сол кездегі жеке абырой-беделін ескерсек, тұтастай қазағымыздың да осы бір қабырғалы қызы бірге болатын. Сондай айтулы оқиғалардың бірнешеуін көнермейтін фотошежірелер арқылы еске түсіріп көрсек, мына бірінде КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Вячеслав Молотов бастаған делегация мүшелерімен бірге Моңғолияда жүр. Ал, келесі фотосуретте сол Моңғолияға ірі ғалымдар, мәдениет және әдебиет, өнер қайраткерлерінен тұратын Қазақстан делегациясын өзі бастап апарған. Қазақстанға келген халықаралық Бейбітшілік сыйлығының лауреаты, британ жазушысы Моника Фелтонмен бірге түскен суретінде де нағыз әйел қайраткердің бейнесінде қазақ қыздарының ақыл-парасатын, терең даналығы мен іскерлігін танытқандай. Тағы бір суретте республика басшысы Дінмұхамед Қонаевпен бірге Алматы әуежайында Вьетнам елінің президенті, атақты Хо Ши Минді қарсы алып тұр. Пионерлермен кездескен суреті де тартымды. Осы ретте, 1936 жылы жасалған «Қазақстанның танымал әйелдері» фото галереясында «Құрмет Белгісі» орденді 13 жасар пионер Роза Шамжанованың әйгілі Дина Нұрпейісова, Күләш Байсейітовамен бір қатарда бейнеленгенін де айта кетпей болмайды.

Апайымыз басқарған Достық қоғамы қазақстандықтарды шетелдің мәдениетімен, қол жеткен жетістіктерімен таныстырып отыруға көп көңіл бөлді. Қазақстанға сол кездің тілімен айтсақ, «идеологиялық жағынан дұрыс» шетелдік қайраткерлерді де шақырып, еліміздің қол жеткен табыстарымен таныстыруды да ұмытпады. Роза Шамжанова 1972 жылы сонау бәсі озық  Жапонияға да Қазақстан делегациясын бастап алып барды. Оның алдында 1963 және 1967 жылдары мәдениет қайраткерлерінен құралған біздің елдің делегациялары Индонезия мен Индияда да болып келді. Соның бәрінде тумысынан ақжарқын, кеңпейілді,  сөйлер сөзін де, жеткізер ойын да жақсы білетін өз елінің нағыз патриоты әрбір іс-қарекетімен әлемге қазақ деген ұлтты, оның бай тарихы мен мәдениетін танытудан бір жалыққан емес. Өзіне қарап халқын бағалайтынын жақсы түсінген Роза Шамжанова қай іссапарында, қай кездесуінде де шетел өкілдерімен терезесі тең дәрежеде пікірлесіп, елі үшін пайдалы істердің небір түйінін шешіп, бірге барған адамдарды да, мындағы басшыларды да риза етіп оралатын. Оның КСРО Достық қоғамының екінші  Бүкілодақтық конференциясында әлемнің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің оң иығын ала қатар түскен суретіндегі әдеміше ашық жүзі де жер бетіне бар жақсылықты тілеген қарапайым қазақ әйелінің қайталанбас болмыс-бітімін аңғартады.

Бұдан әрі алты жыл бойы ҚазССР Әлеуметтік қамсыздандыру министрінің орынбасары болып қызмет істеген Роза Шамжанова осы салада да өзінің беделімен, кең танымалдылығымен қаншама игі істерге ұйытқы болды, өзін құшақ жая қарсы алған жоғары кабинеттерде нешебір күрмеулі мәселелердің бетін бері қаратты. Сол үшін де жасынан танымал бұл кісіні көзі тірісінде Алатаудан Арқаға, Алтайдан Атырауға дейін бүкіл халық болып жақсы көріп, барған жерінде небір басшылар үлкен қошеметпен қарсы алып жүрді. Аяулы есімінің сол кезде мектеп қабырғасында оқитын біздің өзіміздің құлағымызға соншалықты сіңісті болып кеткендігінің сыры да осы бір елден ерекше беделі мен абырой-құрметінде жатқан болуы керек.

Қашан 2008 жылы ғазиз жүрегі соғуын тоқтатқанша сонау колхоз төлін бағып, топ жарған бала кезіндегідей, халқына пайдалы істен бір қалмаған, соның дәлеліндей, өмірінің соңындареспублика ардагерлер кеңесінде қарттарға қамқорлық қарекетімен өткізген апайымыз Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатудың белсенді күрескері Сара Есова, асқар таудай тағы басқа да ағалар мен апалардың көзін көрген, аралас-құралас болған тағылымды да тарихи буынның өкілі еді.  Ол кісінің жастай жарқ етіп көзге түсуі, қазақтың санаулы қыздарының қатарында өз еркімен қан майданға аттанып, екінші дүниежүзілік соғыстың бар ауыртпалығынан өтуі, кейін достық деген ұлы сөзді өміршең етіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты жақындастырып, ірі мемлекет қайраткері деңгейіне жетуі, нағыз мыңдардың бірінде ғана кездесер қайталанбас тамаша ғұмыр десек болады.

Сөйтіп, тұтастай ел қамын ойлай жүріп, дүниеге үш сәби әкеліп, аяулы ана болған да, бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен де осы Роза апайымыз! Үлкен ұлы Ерлан анасының жолын қуып, дипломаттық жұмысты таңдады. Бүгінгі таңда Германияның Бонн қаласында Қазақстан өкілдігіне жетекшілік етеді. Ортаншы ұлы Нұрлан Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың бетін қайтаруға қатысқан. Күні бүгінге дейін немерелері мен шөберелері бала күнінен Кеңес Одағының тарихында алтынәріппен жазылып қалған әжелерін ерекше мақтан тұтады.

Иә, Роза апайымыз дегенде оқыған-тоқыған деректі дүниелерімізден көп нәрсе ойға оралады. Соның бірі – елге танылып, жоғары жаққа сөзі өтіп тұрған кезінде Алматыда Достық үйін салғызып, бірнеше жылдар бойы елімізді шет елдермен байланыстырған өз қоғамымен сонда отырып, сонда жұмыс істегендігі. Ел мен елді жақындастырған бұл тынымсыз еңбегі зая кетпей, тек өз мемлекетіміздің ғана емес, сонымен бірге, Болгария, Германия, Моңғолия, Румыния, Чехославакия, тағы басқа шет елдердің де жоғары наградаларымен аталып өткен Роза Шамжанова соғыс ардагері ретінде де екі мәрте Отан соғысы орденіне, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», өзге де мерекелік медальдарға ие болған қайраткер. Бейбіт өмірдегі халықтар достығы жолындағы жанкешті еңбегі «Құрмет Белгісі» ордені,  көптеген медальдармен атап өтілген. Бұл наградаларының бәрі бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Президентінің Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр. Ал, өзі Алматыда өнегелі өмірінің соңына дейін ұзақ жылдар бойы тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған.

Осындай бір есте қаларлық шара туған Көкшесінің төл перзенті, көзі тірісінде өзі аялап, жүрегінде ұстаған, атамекеніне уақытының тығыздығына қарамай, келіп-кетіп те жүрген Роза апайымызға Ақмола облысында да керек-ақ. Айталық, сонау 1936 жылы небары он үш жасында Еңбекшілдер ауданының атауын Кремльдің төрінен ататқызған өзінің белді бір тумасын бүгінгі Біржан сал ауданы ұмыт қалдыруы қандай қисынға сыяды. Аудан орталығы Степняк қаласының бір көшесінде осы есім жарқырап тұрмас па?! Енді бірер күннен соң, 16 қазанда туғанына жүз жыл толғалы отырған Роза Шамжанова апайымыз туралы жүректен шыққан сөзіміз де, орайын тапса екен деген ой-тілегіміз де осы. Тіпті, кешегі Қазақ ССР-індегі ол кісі басқарған Достық қоғамы мен бүгінгі тәуелсіз еліміздегі қоғамдық келісім мекемелерінің мақсат-мүддесі бір, жұмысы ұқсас болғандықтан, Көкшетау қаласындағы Достық үйін Роза Шамжанова атындағы Достық үйі дегізсек, кім бізді қолымыздан қағыптұр?!.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар