Бейберекет қоқыс орындары немқұрайлығымыздың салдары

Кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кеңесте облыс аумағындағы бейберекетқоқыс үйінділерін жою және тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын заңдастыру мәселесі қаралып, аудан және қала басшыларына осы бағыттағы жұмыстарды реттеу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Кеңеске облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың төрағасы, аудан-қала әкімдері, басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Ақмола облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қадырхан Бейсенбаевтың баяндамасында ағымдағы жылы ғарыштық түсірілімдер негізінде Ақмола облысында 810 заңсыз қоқыс қалдықтарының үйінділері анықталғаны айтылды. Бүгінгі таңда оның 379-ы жойылған. Дегенмен бұл жұмыс өте баяу жүргізілуде. Мысалы, Целиноград ауданында 211 стихиялық қоқыс үйіндісінің 64-і, Көкшетауда 96 қоқыс үйіндісінің
48-і ғана жойылған. Басқа аудандарда да жағдай осыған ұқсас.

– Осыған орай 2023 жылы 2 лауазымды, 3заңды және 3 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.2023 жылғы ғарыштықтүсірілімдер облыстың 7 ауданы мен 2 қаласын қамтыса, келесі жылдан бастап басқа аудандардатүсіріледі. Сондықтан, осы бастан тиісті шаралар қабылдануы керек, – деді департамент басшысы.

Облыс аумағында 130 жер учаскесіне қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын орналастыру үшін жер актісі берілсе, оның 24-і ғана заңдастырылған. Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Бурабай, Ақкөл, Қорғалжын, Целиноград, Аршалы, Зеренді аудандары мен Көкшетау, Қосшықалаларында полигон құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысын қолға алу қазіргі кезде кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.

– Ғарыштық мониторинг іс-шаралары Үкіметке бақылау жүргізу үшін маңызды. Біздер сол стихиялық үйінділерді олар анықтағанша тауып, жою амалдарын жасауымыз керек. Ғарыштық түсірілімді күтіп отырмаңыздар, жүйелі түрде тексерістер жүргізіп тұрыңыздар, – деген облыс әкімі бұл ретте, аудан, қала әкімдерінен жұмысты ширатуды талап етті.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысыРуслан Әубәкіров қоқыс қалдықтарының үйінділеріне қатысты өздерінің міндеттеріне кіретін жұмыстар бойынша баяндады.

Облыс аумағында стихиялық қоқыс үйінділерін жою жұмыстары елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалық бойынша көктемгі-күзгі айлықтар кезінде жүргізіледі. Биыл осы бағыттағы іс-шараларды жүргізу барысында санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттерден 560 миллион теңге, ал, Қосшы қаласындағы қоқыс үйінділерін жоюға облыстық қазынадан 17 миллион теңге қаржы бөлінген. Сонымен бірге, әкімдіктер экологиялық заңнамаларды сақтау мақсатында елдімекендердегі тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау мен тасымалдауға арналған тарифтерді белгілеу нормаларын әзірлеу мен бекіту жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде облыстың 11 аумағында бұл жұмыс атқарылған, ал, Егіндікөл, Қорғалжын, Сандықтау аудандарында мүлде жүргізілмейді. Облыста 8 полигон құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі бойынша жұмыстар 2020 жылдан қолға алынған. Облыста негізі 600 елді мекен бар болса, олардың 480-і ірі елдімекендер. Өкінішке орай, олардың тек 130-ында ғана жер актілері бар.

– Тұрмыстық қатты қалдықтар үйінділерін жою үшін бізге полигондарға тамақ қалдықтарын, өлген малдың денесін өртейтін пештер мен техникалар алу қажет, оған қоса, әр ауданның полигондарында сұрыптау орындары болуы керек. Адамдарға тазалық сақтауды, тұрмыстық қатты қалдықтарды заңдастырылған орындарға апаруды өзімізден бастап үйрету қажет. Ғарыштық түсірілім арқылы анықталған қоқыс үйінділерінің маңайына арнайы бейнекамералар орнатып, қоқыстарды заңсыз лақтырып жатқандарға жергілікті органдар әкімшілік айыппұлды күшейтуі тиіс және олардың көліктерін айыптұрақтарына алып қою қажет. Және бір айтарлығы, елдімекендердегі қоқыс үйінділерінің полигондарын заңдастырып беру керек, – деп, өз ұсыныстарын білдірдіосы орайда, Руслан Әубәкіров.

Облыс әкімі кеңеске қатысушы мүдделі органдарға қоқыс үйінділерін жою мен тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын заңдастыру бойынша заңнамалық актілерде кереғарлықтар болса, жұмысты жүргізуге кері әсер етсе, қол қусырып отырмай, заң шығарушы органдарға ұсыныстар жолдауды, курортты аймақ –Щучинск қаласындағы полигонқұрылысының жобасын тезірек аяқтауды және аудандардағы тұрмыстық қатты қалдықтар бойынша полигондарды заңдастыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

– Келесі жылы Астана әуежайы бір жылға күрделі жөндеуге жабылады. Енді Астана қаласы арқылы ұшатын кейбір халықаралық әуе көліктері Көкшетауға тоқтайтын болады. Ал, ертең қоқыс үйінділерінде ұшып жүрген құстар сол ұшақтарға кедергі туғызатын болса, кіріс көзі мол мүмкіндіктен айырылып қаламыз, сондықтан, бұл жұмыстарды ойланып, дұрыс атқарайық, – деді облыс әкімі.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар