Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, елордамен іргелес жатқан Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандары мен Қосшы қаласының басшыларымен Астана агломерациясын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Аймақ басшысы осы өңірдегі елді мекендерді дамытудың негізгі мақсаты−тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту екендігін атап өтті.Сондай-ақ, ол еліміздің бас қаласының маңында тұратын адамдар өздерін жайсыз сезінбеуі керектігін және әкімдік тарапынан олардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалатындығына тоқталды.
− Астананың дамуы бұрын бекітілген жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Қазір елорда мен облыс арасындағы шекаралар іс жүзінде жойылды. Біз көші-қон ағынын, жұмыс күші мен көлік тораптарын реттеу бойынша өз жұмысымызды нақты орындауымыз, қаланың тіршілігін, ең алдымен азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуіміз керек. Біз Астанаға керекпіз, ал, Астана бізге керек, сондықтан, өзара жақсы әріптестік қарым-қатынас орнататын боламыз, − деді Марат Ахметжанов.
Жиын барысында 2011 жылдан 2022 жылға дейін бөлінген бюджет қаражатының қалай игерілгендігі жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев баяндап берді.
− Осы кезеңде әлеуметтік саланың 30 нысаны, 7 көппәтерлі тұрғын үй салынды. Сондай-ақ, 869,6 шақырымсумен жабдықтау желісі, 628,3 шақырым электрмен жабдықтау желісі және 113 шақырым жол салынып, қазандықтар қайта жаңартылды. 19 ауылды жерасты суларының қорымен қамтамасыз ету үшін іздестіру-барлау жұмыстары жүргізіліп, 12 шағын және орта бизнес нысаны құрылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 2019 жылдан 2022 жылға дейін 11 ауылда 22 жобаға 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Биыл Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының 17 ауылында 18 жобаны іске асыруға тағы 4,4 миллирад теңге қарастырылды,−деді өз сөзінде басқарма басшысы.
Өңірдің басты проблемалары республикалық бюджеттен қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен жобалардың сметалық құнының қымбаттауына да байланысты болып отыр. Осылайша жергілікті бюджетке қосымша жүктеме түседі. Оның басты себебі, республикалық бюджеттен және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды қоса қаржыландыру болып табылады. Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп шешуді талап ететін проблемалар жеткілікті. Мәселен, Қаражар сорғы станциясынан Қосшы қаласына дейін 14 шақырым су құбырын салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үлкен мәселеге айналды. Сонымен бірге, Қосшы қаласында полигон салу мәселесі әлі шешілмеген күйінде қалып отыр. Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының аумақтары әуежайдың 15 шақырымдық қорғаныс санитарлық аймағына кіреді және құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес полигон салу мүмкін емес. Сондықтан, қалдықтар мен қоқыстар елордалық полигонға шығарылады. Сондай-ақ, Қосшы қаласының орталығында орналасқан республикалық асыл тұқымды мал шаруашылығы орталығын қайта көшіру мәселесі өзекті мәселелердің бірі болды. Асыл тұқымды орталықтың аумағында жануарлар ұсталады және жем-шөпсақталады. Кәсіпорынның жұмысы жақын маңдағы үйлердің тұрғындары тарапынан қолайсыздықтар мен шағымдар туғызуда. Сібір жарасы бар жануарлар жерленген мал қорымының мәселесі де шешуді талап етеді. Ол тұрғын үйлердің, спорт нысандарының, Сарқырама өзенінің жанында орналасқан. Астана маңындағы елді мекендердің саяжай алаптарына қатысты мәселе өткір тұр. Саяжай үйлері көптеген адамдар үшін тұрақты тұру орнына айналған. Тұрғындар атқарушы органдардан көлік, коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды және басқа да өзекті мәселелерді шешуді талап етумен келеді.
Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес саяжай алқаптарының аумағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына жатады. Заң бойынша инженерлік және көлік инфрақұрылымын жүргізуге, сондай-ақ, саяжай аумағын абаттандыруға бюджеттен қаражат бөлу көзделмеген. Сондықтан, саяжай алаптарының құқықтық мәртебесін анықтау қажет. Сонымен қатар, Қосшы қаласындағы үлестік құрылыс мәселелері әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Астана агломерациясының 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленуде. Оған облысымыздың 46 елді мекені кірді. Оның 29-ы Целиноград, 12-сі Аршалы және үшеуі Шортанды аудандарына жатады және бұған Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы да енеді.
Отырыста агломерация аумағында қала құраушы кәсіпорындар құру үшін жеке инвестициялар тарту туралы ұсыныс жасалды. Себебі, бұл өңірлерде табиғи ресурстардың үлкен әлеуеті шоғырланған. Атап айтқанда, пайдалы қазбалардың 60 пайыздан астамы, егіншілік және мал шаруашылығын дамыту үшін айтарлықтай алаңдардың бар екені мен азық-түліктің жоғарғы сұранысы өңірдің тартымдылығын қамтамасыз етеді.
Кеңес барысындаоблыс әкімі атап өткеніндей, елордамен іргелес өңірлерде тамақ өнеркәсібін, құрылыс индустриясын, ағаш өңдеуді, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруді дамыту өңірдің экономикасының өркендеуіне және тұрақты дамуына оң әсер ететіні сөзсіз.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.