Қатерлі де құрметті кәсіп иелері

«Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез-келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап. Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі», деп Мемлекет басшысы ерекше үміт артқан халықтың қауіпсіздігіне қызмет ететін Құтқарушы күні де келіп жетті.

Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін дербес кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Ол кезде халықты, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттерімен милициялар атқарып келді. Тек, тұғырлы тәуелсіздігіміздің қарсаңында 1995 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы жарлық негізінде 19 қазан Құтқарушы күні болып белгіленді. Құтқарушылардың жұмысы жоғары жауапкершілікті талап етеді. Және де кез-келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Сондықтан да, құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын  үнемі жетілдіріп отырады. Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді. Дегенмен олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.

Құтқарушылар – су айдындарында, құрлықта болсын, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін,  іздеу-құтқару жұмыстарына қатысатын және ықтимал жағдайларда алғашқы көмек көрсететін адамдар. Осы тұрғыда, облысымыздың құтқарушыларының жұмысына қысқаша тоқтала кетейік. Департаменттің жұмысы қысқы кезең мен көктемгі су тасқынының, өрт қауіпі және суға түсу маусымдарынан қауіпсіз өтуге бағытталған. Құтқарушылар бөлімшелері жыл басынан бері 2313 жедел шығуды жүзеге асырды. Нәтижесінде 95 адам құтқарылып, 79 адам эвакуацияланса, 87 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі көмек көрсетілді. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі шараларын күшейту үшін халықпен ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілді. Өткен жылмен салыстырғанда аулаларды аралаумен қамтылған үйлердің саны 357 үйге артты. Үгіт-профилактикалық жұмыстарды жүргізу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударылды. Одан бөлек, су тасқынына дайындық жоспарлы тәртіппен басталды. Облыстың 65 елді мекенінде өзен арналарындағы су бұру, үйінділерді нығайту, тұрғызу, бөгеттерді жөндеу, су өткізу құрылғыларын жайластыру және жөндеу бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілді.

Жалпы, облыс аумағында су тасқыны тұрақты-шиеленісті режимде өтті. Өткізілген алдын алу іс-шараларының нәтижесінде елді мекендер мен тұрғын үйлерді су басуға жол берілмеді. Облыс аумағында жүзу үшін арнайы бөлінген 82 орын бар. Оның 66-сы жеке, 16-сы коммуналдық орын. Оған қоса, облыс бойынша шомылу маусымында 31 стационарлық бассейн жұмыс істеді. Жергілікті атқарушы органдармен қосымша 21 рамалық модульдік бассейн орнатылды. Барлық кезеңде 3500-ден астам бала жүзу дағдыларына үйретілді. ТЖД құтқарушыларымен облыс акваторияларында 21 адам құтқарылса, оның 8-і бала болған. Сонымен бірге, өскелең ұрпақты ТЖ туындаған кездегі іс-әрекеттерге дағдыландыру үшін, ағымдағы жылдың мамыр айында облыстық «Жас құтқарушы» слеті өткізілді. Оған облыстың барлық өңірлерінен 150-ден астам бала қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер кубоктармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетерлігі, департамент өткен жылдан бастап Республикалық деңгейде «Жас құтқарушы» үйірмелерін дамыту бағытына баса назар аударуда. Облыс акваторияларында азаматтардың демалысы үшін қауіпсіз инфрақұрылым мен жағдай жасау жұмыстары үнемі бақылауда. 2023-2024 жылдардағы қысқы кезеңге дайындық мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп іс-шаралар кешенін өткізілді. Облыс автожолдарының қарлы учаскелерінде барлығы 259 шақырым қардан қорғау қалқандары орнатылып, 268 жылыту пункті және 213 тамақтану пункті дайындалды.

Сөз соңында, өз өмірлерін қатерге тікседе, төтенше жағдайдың алдын алып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мәртебелі міндетті абыроймен атқару – құтқарушылардың Отан алдындағы борышы һәм парызы. Кең-байтақ жеріміздің игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, бүгінге дейін мыңдаған адамның ғұмырын сақтаған құтқарушыларымыз биыл туысқан Түркия еліне де шұғыл аттанып, зілзаладан құтқару жұмыстарына қатысып келді. Ерен еңбектері жоғары бағаланған олар алдағы уақытта қызметтік борыштарын мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссияны жалғастыра беретініне кәміл сенемін. Президентіміз бен күллі қазақ халқы үміт артқан құтқарушыларды айтулы мерекемізбен құттықтай келе, жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Әсет ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті
бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар