Қала тұрғындары жаңа пәтерлердің кілтін алды

Ағымдағы жылы 19 қазанда Республика күні аясында, Көкшетау қаласының баспанаға мұқтаж отбасыларына тұрғын үй қорынан 2 үйдегі 65 пәтердің кілті тапсырылды. Бұл күні Сарыарқа шағын ауданындағы үйден 25 пәтер, екінші үйден 45 пәтердің иелері атанған бақытты жандардың қуанышында щек болмады.

 Бұл пәтерлердің 13-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 15-і көп балалы отбасыларға, 24-і халықтың әлеуметтік осал топтарына, қалған 13 пәтер мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың өкілдеріне, әскери қызметкерлерге берілді. Пәтерлердің жалпы санының 35-і бір бөлмелі, 19-ы үш бөлмелі болса, төрт бөлмеліден 10 және екі бөлмелі бір пәтер бар.

Тұрғындарға пәтер кілтін тапсыру рәсіміне қала әкімі Бауыржан Ғайса қатысып, сөз сөйледі.

– Құрметті жерлестер мен қала қонақтары! Баршаңызды ұлттық рухты көтеретін маңызы зор ұлттық мерекеміз Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің ел үшін 25 қазан тарихтағы ең маңызды күндердің бірі. Шындығында, 1990 жылы дәл осы күні Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған болатын. Бұл тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадам еді. Бүгінгі Қазақстанның әлемдегі жоғары беделі, біздің бейбітшілік сүйгіш саясатымызбен көшбасшылық еңбегіміздің нәтижесі, – дей келе, қала дамуына қысқаша тоқталып, «Жылдар бойы қаламыз толағай табыстар мен жетістіктерге қол жеткізді. Әлеуметтік-экономикалық ахуалы артып, құрылыстар салынып, көптеген нысандар бой көтерді. Аз уақытта жаңа шағын аудандар пайдаға беріліп, ару шаһарымыз көркейіп келеді. Биылғы жыл көкшетаулықтар үшін сәтті болды. Себебі, тағы да бір топ тұрғын өз пәтерлерінің кілттерін  алып жатыр. Көктемде 100 отбасыға баспана кілті табыс етілсе, бүгін Республика күні аясында жаңа баспаға ие болған қаламыздың 65 отбасына пәтер кілті тапсырылады деп қала тұрғындарына ақ тілегін айтып, баспана иелеріне пәтер кілттерін өз қолымен табыстады. Жаңа қоныстарының кілтін алып, қуаныштары қойындарына сыймай, бір-бірін құттықтап жатқан тұрғындарға сүйсінбеу мүмкін емес еді. Осындай қуанышты сыйлаған мемлекетімізге де алғыстарын айтып жатқандар болды. Әрине, соған тұрарлық. Себебі, жаңа пәтерлерін кезекте тұрып, қаншама жыл күтті. Сол тұрғындардың бірі – Панасюра отбасы. Отау құрғандарына 23 жыл болған. Қазіргі уақытта төрт бала тәрбиелеп отыр. Ең кенжесі 14 жаста.

– 14 жыл бұрын біз көп балалы отбасы болдық. Содан бері баспана кезегінде тұрмыз. Осы жылдар ішінде біз көптеген жалдамалы пәтерлерді ауыстырдық. Қаржы жағынан қиын болды. Барлығы бірдей көп балалы отбасын қарсы алғысы келмейді. Балалар жиі мектеп ауыстыруға мәжбүр болды. Ақыры, арманымызға жеттік. Мен әлі де сене алар емеспін. Кеше ғана қоңырау шалып, бүгін кілт тапсырды, – деді өз әсерімен бөліскен Наталья Панасюра. Пәтер алғандардың қатарында «Күміс алқа» алқасының иегері, тыл еңбеккері 93 жастағы Шолпан Нұғыманова да бар. Ол кісі 14 бала тәрбиелеп, 22 немере, 4 шөбере сүйіп отыр. Көп балалы ана 17 жыл бойы баспана кезегінде тұрып, кенже қызымен пәтер жалдап келген.

– 17 жыл кезекте тұрдық, бүгін көптен күткен үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздік, өте қуаныштымыз. Мен кенже қызымын, анаммен бірге тұрамыз. Қуанышымызда шек жоқ, бұл біз үшін өте жағымды жаңалық, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Енді анамыздың туған күні мен Республика күнін жылы, жайлы әрі жаңа пәтерде тойлаймыз, – деп қуанышымен бөлісті қызы Қарлығаш Нұғыманова.

Бүгінгі таңда қалада үй кезегінде тұрғандар үшін 48 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Дегенмен, облыс орталығында баспана кезегінде 9 мыңнан астам адам тұр. Жыл басынан бері 6 тұрғын үй бой көтерген, оның ішінде 2 үйдің тапсырылуы Республика күніне орайластырылыпты. Жыл соңына дейін 6 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар