Қарттар айлығында қолыма қалам алып мақала жазуымның себебі, үш ақсақалдың кездесуінің куәсі болуым. Олар қарабұлақтық 88-ге аяқ басқан Нұрхамет Қабайұлыменастаналық 84 жастағы Еркін Дәуешұлы және 82 жастағы Ертай Рахметұлы (суретте). Екі Ерекеңнің ұсынысымен Степногорск қаласының түбіндегі Қарабұлақ ауылына жол тарттық. Жол бойы Еркін атаның өтінішімен келесі жылы туғанына 100 жыл толатын Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың және Кеңес орта мектебінің мәселелерімен Ақкөл қаласы мен Кеңес ауылдарына аялдадық. Содан кейін Қарабұлақ ауылына жол тарттық. Үшеуінің әңгімелерінен байқағаным, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қарабұлақта еңбек етіпті. Нұрағаң кеңшардың бас зоотехнигі болған кезінде кеңшарда 1 мың бас қара малға арналған комплекс салғандықтан, оның жақсы және кемшілік жақтарына тоқталды. Еркін Дәуешұлы мектеп директоры бола жүріп, жаңа мектептің ғимаратын салғызып, оқушыларды бір ауысымға ауыстырып, асханада ыстық тамақ ұйымдастырып, балалардың типтік жобадағы спортзалда ойнауларына жағдай жасағанын, педагогтардың сапасын жақсартып, мектепті аудандағы үздік бес мектептің қатарына қосқандығын тілге тиек етті. Ал, кеңшардың бас есепшісі болған Ертай ағамыз шаруашылықтың экономикасын көтеруге үлесін қосқандығы, адал қызмет атқарғандығы туралы айтып берді. Байқап отырсам, үш ақсақалымыз да Қарабұлақ тұрғындарына адал қызмет атқарған. Осы еңбектері үшін әртүрлі марапаттарға ие болыпты.
Одан кейін еліміз егемендік алғаннан бергі жетістіктер мен көңілге қаяу салатын кемшіліктер туралы әңгіме қозғалды. Сөздерінің арасында саясатқада ауысып отырды.Үш қарттың және Нұрахмет ағамыздың 60 жылдан артық жан жолдасы болып келе жатқан башқұрт халқының өкілі Рәшида жеңгеміздің әңгімелерінің төркіні енді бір сәт денсаулықты сақтаудың, ғұмырымызды ұзартудың жолдарына арналды. Екі Ерекең астанада белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының ашылғандығы және оның жұмыстары туралы әңгіме қозғады. Нұрекең сары май мен жылқы етінің пайдасы туралы айтса, Рәшида жеңгеміз бөлмедегі ауаны таза ұстау туралы біраз әңгімелер айтты. Әңгіме барысы осылай әртүрлі тақырыптарға ауысып отырды. Бүгінгі жастар туралыда біраз сөздер айтылды.
Осы кездесуден көңілге түйгенім, біздің қарттарымыздың өзара әңгімесі еліміздің болашағы алаңдататындығын, жемқорлықты ауыздықтаудың қажеттігін, Президентіміздің соңғы Жолдауын қолдайтындықтарын сездірді. Ең соңғы байқағаным, екі Ерекеңнің Астана қаласынан әрі ағалары, әрі достықтары жарасқан Нұрекеңе әдейі келіп, Қарттар күнімен құттықтаулары. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп тегін айтылмаса керек. Қарттарымыз ұзақ жасай берсін демекпін. Осы кездесуден өз басым біраз сабақ алған сияқтымын. Жол бойы жалықпастан осы ақсақалдардың әңгімелерін тыңдағаныма өте риза болдым. Сол күнгі уақытым босқа өткен жоқ деп есептеймін. Себебі, көкірегіме қанша қазына, ұлағат құйылды.
Аллаберген ДҮЙСЕНҒАЛИҰЛЫ,
мемлекеттік қызметші.