Тоқсан жастың төрінде

Бұрынғы өткен заманда Бұқарекең бабамыз бір толғауында  «тоқсан бес деген тор екен» деп торыққандай болса, бүгінгі күнде бұқарамыз бұл атаулы кезеңді торқалы тойға айналдырып, топ жарған тұлғасын орынды мақтаныш етеді. Сондай тоқсан жастың төріне шыққан абзал ағамыздың бірі –  Қариполла Сағындықов бұрынғыКөкшетау облысы, Щучье (Бурабай) ауданы, Кіндікқарағай ауылының тумасы. Оның ат жалын тартып мініп, азамат болып шыңдалған, еңбек етіп толысқан жері Қоянды, Қарашілік ауылдары болды.

Қарекеңнің туған әкесі Неғметжан Сағындықов та өз кезінде соғысқа дейін іскерлігімен танылып, бригадир, қойма меңгерушісі болып еңбек еткен адам. Ол кісі осы жолда ауыл-аймақтың үлкендері Жәкен, Қабыкен, Дайыр, Дәулетбай, Тұрғынбай сынды алдыңғы толқын ағалардан тәлім алып, шаруашылық басшысы Рамазан Назаров, аудан басшыларының бірі Жайлаубай Алагөзов, елдес, құдандалы азаматтар, көзі ашық, көкірегі ояу елгезек жандар Қабдолла Ақшатыров, Мақсұт Қасымов сияқты тұлғалармен жақын білісіп, өрісі кеңейе түседі. Осы арада ерекше айтып өтетін жайт, Мақсұт Қасымовпен болған сыйластық ол кісілердің балаларының арасындағы үлкен жарастыққа ұласып, Мақаңның танымал ұлы Асқар мен Нықаңның талапты ұлы Ахметжан екеуінің үлкен достығына айналуы да аса бір ғибратты мысал. Осылайша, Неғметжан атамыз көпшілікті соңына ертіп, еңбекке жұмылдырып, айналасындағы жұртқа қамқоршы болады. Екінші дүниежүзілік соғысқа да қатысып, әйтеуір елге аман оралады. Ынталы ауылында колхоз басқарып, елағасы атанады. Өкініштісі сол, ол кісі мезгілсіз  ерте дүние салып, үй іші тосын қайғыға тап болып, біраз қиындықкөреді…

Осы тұста үйдің барлық ауыртпашылығын шаңырақтың отанасы Боти  апамыз арқалайды. Тумысынан зерек болған ол кісі ерлермен бірдей еңбек етіп, екпінді, озат колхозшы атанады. Он саусағынан өнер тамған ісмер болғандықтан, киім-кешекті,көрпе-жастықты да көпіртіп қолдан пішіп, үй ішінің шаруасын да дөңгелетіп әкетеді. Осындай бесаспап өнерімен Қариполла, Ахметжан (Ақан), Алпамыс, Төлеубек (ерте дүние салған) сияқты ұлдарын асырап-бағады. Әрине, аталас жақын ағайындарымен бірге, әсіресе, Боти апаның туған әкесі, балалардың нағашы атасы, елағасы Тұрғынбай Әлімов те жиендеріне жақсылықтарын жасап, қол ұшын береді. Ата жолын ардақ тұтқан Қалиолла Тұрғынбайұлы да жақын-жегжаттарға құшағын кең жайып, Кіндікқарағайдағы орта мектеп-интернаттың іргесін қалап, ауыл-аймаққа білім нұрын шашты. Аудандық газеттің редакторы болған онын ұлы Мәули Әлімов те жақын десе жанұшырып, өмірден жарқылдап өтті. Сондай сыйластықтың, кең пейіл,көңіл қимастықтың ұрпақтан ұрпаққа ұласа түскеніне кім де болсын сүйсінеді…

Өмірдің қызық-қуаныштары да, өкінішті сәттері де аз болмайды ғой. Осы күнгі биік белеске бастаған мағыналы ғұмыр соқпағының сонау жастық шақта туған ауылдың қойнауынан жалғызаяқ жол болып басталғанын Қарекең қимастықпен еске алады. Сол балғын дәуренде тай-құлындай тебісіп өскен, сыныптас болған достары аз емес еді-ау. Туған топырақта, жақын аумақта аунап-қунаған Қ.Маткенов, Н.Нұрғалиев, Ғ.Байшоқанов, Қ.Жаналин, К.Мырзахметов, Р.Бейсенов және басқа да аяулы достары қандай еді. Жоғарыда айтылған өмір жағдаяттарымен жас Қариполла туған ауыл-аймақтан алысқа кете алмай қалса да, жақын достары үлкен қалаларға барып оқып, білікті мамандар болып шықты. Қадер республикаға танымал ірі өндіріс басшысына айналып, Қарсақбай мыс зауытын басқарды. Нұркен облыстық орман шаруашылығын басқарса, Қарабай жергілікті жерде жоғары білікті орманшы болып, байыпты енбек етті. Ғалым ірі геолог маман, ал, Киікбай мен Рақымбай мектеп директорлары болып, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатты. Құдайға шүкір, Қариполла Сағындықов та ешкімнен кем болған жоқ.

Әкеден ерте айырылған әлгіндей қиын жағдайдакөнтерлі, біреудің ала жібін аттамайтын, шаруадан басқамен жұмысы жоқ Қариполла Нығметжанұлы да еңбекке ерте араласып, соғыс жылдарының өзінде аянбай қызмет жасайды. Сол жастай еңбекке ден қойған жанқиярлық талабы үшін ол Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы тындырымды істеріне орай «Екпінді еңбегі үшін» медаліне ие болады. Кіндікқарағай, Қоянды ауылдарында қатардағы еңбекші ретінде колхоз шаруашылығына белсене атсалысқанына байланысты «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталады. Ал енді бір шаруашылықта қырық жылдан астам абыройлы еңбек етіп, «Қоянды» атты ірі мал семірту шаруашылығының есепшісі, экономисі, бас бухгалтері ретінде сіңірген еңбектері де айырықша болды. Сол үшін басшылықтың талай алғысына ие болып, көпшіліктің құрметіне бөленді. Ұжымның ұйытқысына айналады. Маңайындағыларға білгенін үйретіп, жас кадрларды тәрбиелеп, сыйлы тәлімгер ретінде танылды. Әріптестерінің, үлкен еңбек ұжымының ақ тілегін арқалап, ресми түрде «Еңбек ардагері» атануын да ерекше марапат деуге болады.

Бір шаруашылықта бір орында қырық жылдан астам уақыт тапжылмай еңбек ету оңай ма? «Қоянды» кеңшарын ұзақ уақыт басқарған Николай Сибиряков Қариполла Неғметжанұлының ыждаһатты еңбегін жақсы бағалап, білікті маман ретінде сенім артып, қолдап отырды. Бұл шаруашылық сол тұста облыс орталығымен тікелей жұмыс істеді. Арада жүріп-тұру жиі болып, кеңшар мамандарының әрлі-берлі көп сабылуына да тура келді. Сол кезде Көкшетауда тұратын жас дәрігер, Қарекеңнің туған інісі Ахметжанның шағын баспанасы «Қояндының» бір өкілдігіне айналғандай болған сәттерін ел жыр ғып айтады. Қарекеңөзі де қызметтес әріптестері Сәдуақас Омаров, Жарылқасын Ескенов, Қабдір Құлмағанбетов, Мұқыш Жаманбаев, Шұғайып Әсенов, Бірлік Нарғожиндермен жақын араласып, сыйлас болды, қайсыбірін қызметке баулып, қатарға тарта білді. Елдегі ағайындары Қалиолла Дайырұлы, Есімсейіт ақсақалдармен де аралас-құраластықты үзбей, жұмысбастылыққа ұрынса да, ізгі дәстүрді балалардың есіне сала жүрді. Туған інісі Ахметжан Сағындықов та бұл кезде дәрігерлік абыройы қызметімен, адамгершілік қасиетімен елге танылып, Көкшетау өңірінің сыйлы азаматына айналды. Кіші інісі Алпамыс Бурабай теміржолында жұмыс жасап, машинист болып тындырымды еңбек етті, жақын-жекжатқа да бауырмал болды.

Қариполла Неғметжанұлы шаруашылықта ертеден кешке дейін бас көтермей қызмет қамымен жүргенде, үй ішіндегі тіршілік те сүттей ұйып, үйелмелі-сүйелмелі балалары да жақсы тәлім алып, білім нәрінен сусындап, ер жетіп, есейе берді. Иә, бұл орайда шаңырақтың берекесін кіргізе білген Қарекеңнің өмірлік қосағы Күлмайра Сердәліқызының да еңбегі ерекше болды. Ерлі-зайыпты абзал жандар Төленді, Төлеміс, Мағауия, Шолпан, Жаңалық, Жеңіс сияқты ұл-қыздарын аялап өсірді. Бұлардың бәрі де жақсы білім алып, алды Мәсеуде оқып, әкенің абыройлы жолын жалғастырып, жақсы қызметтерге араласты. Бір өкініштісі, желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншек ұлы Жеңіс қана көлденең келген кеселге ұшырап, жасатқан ем-домға қарамастан, ерте көз жұмып, үй іші мен ағайын-туғандарды опындырып кете барды… Қасірет келгенімен, қасиет кеңдігі адамдарды кемел кезеңге бастайды ғой. Қарекең мен Күлмайра апаның өз ұлындай немесе туған қызындай болып бауыр басқан келіндері мен күйеу баласы Жұмабике (Тома), Қуаныш, Сұлушаш, Айнаш, Сұңғат және басқалары да үлкен үйдің жақсы дәстүрін жалғастырып келеді.

Құтты ұядан ұшқан Төленді мен балалар дәрігері Шолпан қазір облыс орталығы Көкшетау қаласында абыройлы еңбек етіп жүр. Мағауия да өз саласының белгілі маманы, жетекші қызметкер. Төлеміс пен Жаңалық еліміздің ақ ордасы Астанада қызмет жасайды. Төлеміс ішкі істер органында, ұлттық қомпаниядақызмет атқарды. Жаңалық республикалық емдеу мекемесінің басшысы, халыққа қызмет көрсетіп, шетелдерден тәжірибе алмасып, өрісі кеңейіп жүрген жоғары санатты маман. Бір әулеттің үлкені, қара шаңырақтың қайнары ретінде Қарекең мен Күлмайра апаның үміт артып, туған баласындай тілеуін тілеген кейінгі толқын өкілдері – Сайын мен Мәдина, Сәбиттердің де, өздерінің өмірлік серіктеріБейсенбек, Гаухар және басқаларымен бірге,қариялар үшін орындары ерекше. Олар да өз ата-аналары, Қариполла ағаның туған бауырлары – Ақан мен Алпамыстың, келіндері Бақыт пен Гүлжамалдың еңбектерін ақтап, елге танылған маман болып, әр қияға самғап ұшты. Қариполла ағаның балдыздары, Күлмайра апаның сіңлілері, Жақсылық пен Шамшиябану сынды ақкөңіл де елгезек жандардың аяулы қыздары да бұл күндері азамат болып ержетіп, абыройлы қызмет жасап, өздерінің ақ тілектерімен осы шаңыраққа да шаттық нұрын сыйлайды. Бұл жаңа буын да тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне өздерінше атсалысып жүрген айтулы мамандарға, өз ортасына танымал қызметкерлерге айналып үлгерді.

Ұл-қыздарының үлгілі жерлерден қосағын тауып, ақ отауын құрып, үйлі-баранды болып, өсіп-өнгені де ата-анаға үлкен қуаныш. Осылайша Сағындық ата әулетінің текті жерлермен құдандалы болып, сыралғы әлеуметпен сыйласып, сол құдай қосқан қадірлі құдаларымен құрмаласа жүріп, немере-шөберелердің қызығына бөленіп, үлкен ортада жүрген балаларының жора-жолдастарымен, басшы-қосшыларымен де емін-еркін бас қосып, емен-жарқын сырласып, тойлары тойға ұласқан сәттері де бір ғанибет!..

Бұл күнде Қарекеңнің немерелері де ер жетіп, төлбасы Абай, Қаламқас, Ғани болып республикалық деңгейдегі мекемелерде құрбыларының алдыңғы қатарында еңбек етуде. Ал, енді екі бірдей қарияның үлпілдеген үміті мен тіл-көзден сақта дейтін тілеуі – Мансұр, Айлин, Сабина, Азиза, Дария, Аян,Тамерлан, Алима, Азали және басқа сүйкімді шөберелері қариялардың қазыналы көкірегіне алтын нұр құйып, ата мен әженің мейірімін ағыл-тегіл етіп, мерейін асыра түссе, бұдан асқан қызық-қуаныш бар ма? Сол шөберелердің алды жаңа Қазақстанның қанат қаққан құстары болып, бүгінгі заманға сай шетелден де білім алып, әр салада ынталы жұмыс істеп, өрістері кеңейе түсуде. Ауыл-аймаққа, ағайын-туғанға, құда-жекжатқа қадірлі, жамағатқа, жастарға ақыл-кеңесін айтып, үлгі-өнегесін үзбей көрсетіп келе жатқан Қариполла Неғметжанұлы бұл күндері 90 жастың төріне шықса, ағайын жұртқа ақ тілеуін арнап, күллі ұрпағына күннің көзіндей жылуын беріп жүргенКүлмайра апа да «Алла, бергеніңе тәуба!» деп, сексен бес жастың сеңгіріне өрлеп келеді. Абзал қарттардың тілеуі қабыл болып, жаратқанның берген жасын жақсылықпен жасай берсін. Осынау мейірім мен мерей ғұмырлы бола бергей!.. Сол ақ тілеудің бірер шумақ шашуыда көңіл көлінде шымырлай түседі:

Толғанда той иесі тоқсан жасқа,
Дос-жаран қуанбайды бостан-босқа;
Қадірі, қасиеті ол қарттарының,
Жаратқан жарастырып қосқан баста!..

Елемей күннің – аптап, түнгі ызғарын,
Ашқандай ұлдың – жолын, қыздың бағын;
Ерінбей еңбек етіп екі абзал жан,
Өсірген азамат қып ұл-қыздарын!..

Немере-шөберелер өсіп-өнген,
Бәрі де жаңа заман көшіне ерген;
Туысқан, құда-жекжат, дос-жаранмен,
Қарттар бұл көңілінің қошы келген!..

Ел қандай, ерін сүйген Алаш қандай,
Тоқсанда қос қария жарасқандай;
Жақсы әулет ұрпағымен мың жасасын,
Есігін жарқын дәуір жаңа ашқандай!..

Т. ҚАЗИҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар