Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы  музыкалық-драма театрының директоры Гүлсина Мерғалиева: «Адам армандай білуі керек және соның орындаларына  сенуі керек!»

Жуырда Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы  музыкалық-драма театрының ұжымы гастрольдік сапармен Ақмола облысында болып, өнер сүйер қауымға өздерінің үздік қойылымдарын ұсынды. Осыған орай аталмыш театр директоры, талантты режиссер, Қазақстан Республикасы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Қазақстанның іскер әйелдер арасындағы «Ажар» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиевамен сұхбаттасқан болатынбыз. 

  – Гүлсина Бақытжанқызы, алдымен, әңгімемізді сіз басшылық етіп отырған ұжымның қалыптасу кезеңінен бастасақ. Жалпы, Жантөрин театры еліміздегі ең жас театрлардың бірі ғой.

– Әлбетте, жас театрлардың біріміз!  Біздің театрымызға – 20 жыл.   Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында 2002 жылы Тұңғыш Президент Назарбаев қатысқан Жастар форумы өтіп жатқан-ды. Жастар көп жиналған сол форумда бір қыз тұрып: «Әр аймақта театр бар, ал, бізде жоқ», – деген жанайқайын жеткізеді.

Ол кезде мен бас режиссер, ал, Сәнімгүл Көпеева режиссердің көмекшісі болып еңбек етіп жатқанбыз. Содан сол арада Президент  облыс әкімінен «театр неге жоқ?» деп сұрайды. Жалпы, сол кезде мұнайшыларға театр керек емес дегендей кереғар пікір қалыптасып қалғандай еді. Деседе, Президент «бір жылдан соң осы өңірде театр жұмыс істейтін болсын» деп нақтылы тапсырма береді.

Міне, содан бастап бізде құрылымдық жұмыстар басталып кетті. Қазіргі театрымыз сол кездердегі ескі кинотеатрдың ғимараты болатын. Соған жеделдетіп қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Театр болған соң ең бастысы, білікті маман керек қой. Менің 18 жыл директор болған басшым Нұрнияз Мұқанұлы Мұқанов сол кездері облыстық мәдениет басқармасының басшысы болған. Ол кісі консерватория бітірген, Шымкенттің мәдениет институтын тәмамдаған, опера балет театрында еңбек еткен көпжылдық тәжірибесі бар, өте іскер маман. Биылғы жылы ағамыз 75 жасқа толды.

Содан Нұрнияз ағамыз  «кадр бәрін шешеді» деген кеңес өкіметінің қағидасымен білікті мамандарды іздей бастайды. Мен ол кезде Көкшетау театрында жұмыс істесем де, олармен байланыста болатынмын. Сәл өткенге шегініс жасасам, алғаш еңбек жолымды 2000 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Көкше өңірінде бастадым десем болады. Павлодар қаласында өткен фестивальде «Ревизор» спектаклімен Гран-приді жеңіп алып, үздік режиссер атандым. Сөйтіп, Көкшетаудағы театр танымалдылыққа ие болды. Одан кейін Алматыда өткен фестивальде Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры  бірінші орын алса, біздің театр Чеховтың «Конвейер» спектаклімен тағы бір Гран-Приге ие болдық.  Содан Египетке сапарлап, онда да фестивалға қатыстық. Үнемі жұмыс үстінде тоқтаусыз еңбек еттік. Менің еңбек жолым Көкшетауда осылай басталды десем болады. Ол кезде осы бүгінгі театрдың директоры Жарас Қалдаров, Сафуан Рысбайұлы мен Ербай Дүнгененов  жас болатын. Қазір олар республикаға танымал болып кетті. Әр фестивальдерге барсақ бізді «Көкшетау келе жатыр» деп, байқау болған соң, бәйгеден басып оза ма деген қорқынышпен қарағаны да шындық.

Сол кезде біз «Келіндер көтерілісі» қойылымын сахналадық. Басты рөлде Жібек Бағысова ойнады. Қойылым өте тамаша шықты. Содан кейін мені Ақтау театры шақырды. Жоғарыда айтқанымдай, олар жан-жақты мықты кадрларды іздестіріп жатқан кез. Сөйтіп, Нұрнияз ағамызалдымен, атақты режиссер Болат Атабаевқа шығып, сосын маған,басқа да бірнеше режиссерлерге хабарласады. Көкшетауда менің қасымда пластикалық режиссер Гүл Зиятоваесімді актриса болатын. Ол өзі Ақтаудың тумасы. Содан олар келіп, Гүлге Ақтауға оралуын сұрап, өтініш етеді. Ол өзінің Көкшетауда да орнығып жақсы жұмыс жасап жатқанын айтады. Мен де батыстан болатынмын. Сондықтан, елден келген адамдар ғой деп амандасуға шығамын. Сол сәтте Нұрнияз аға мен туралыкөп естігенін айтады, «бірақ, сен бармайсың ғой» деп, ойланып қалады. Әрине, мен бармаймын, дедім. Сол кезден театр директоры Мұратбек Оспанов, облыс әкімінің орынбасары Ғалым Мәдешұлы Бекмағамбетов театрға жанашырлықпен қарап, қолдау көрсеткен жайсаң жандар еді.

Сонымен, менің Ақтауға кетуіме ықпал еткен бір жайт, мен осы Көкшетауда болғанда «Хан кенені» сахналауға дайындадым. Бірақ, бір түсініксіз жағдайлармен бұл қойылым сахналанбай қалды. Шынымды айтсам, мен өзім де түсінбедім. Бір жағынан ойлаймын, мүмкін сол дұрыс болды ма деп. Өйткені, ол өзі үлкен постановка, менің форматыма сай болмайтындай көрінеді. Ол кезде 24 жаста ғанамын. Әрі мені Ақтауға шақырып, қайта-қайта хабарласып жатқан кез ғой. Сөйтіп, 2002 жылы келісімімді беріп, бұл жақтағы әріптестеріммен де жақсы қоштасып, нақты шешім қабылдап, Маңғыстауға жол тарттым. Бұл маған Алланың бұйрығы деп білемін. Осылайша Маңғыстау облыстық театрының қалыптасу кезеңі жалғаса берді, ондағы қоюшы-суретші Мұрат Мақсот болды. Содан Алматыдан бері қарай актерлерді жинадық. Олар қазір елге танымал, киноларға түскен кәсіби мамандар. Бір сөзбен айтқанда, біздің театр көптеген халықаралық және републикалық театр фестивальдеріне қатысып, бірнеше спектакльдермен жүлдері орындардың жеңімпазы атанған үздік театрлардың бірі.

– Сіз дипломдық жұмысыңыз кезінде де Гран-при алдыңыз. Оны біз де білеміз. Әлемдік классикалық шығармаларды сахналаудан  да тайсалмай, жүректілік пен батылдық танытып келесіз!..

– Әрине, егер сен өз шешіміңе, деңгейіңе сай болып, көп еңбектеніп, жауапкершілікті сезіне білсең, ештеңеден қорықпайсың. Сондықтан, классикадан қорықпаймыз, үлкен  қойылымдарды сахналауға бармыз деп мақтанышпен айта аламын. Күні кеше ғана екі жүлде иелендік. Бір мезетте екі спектакльмен қатысып отырмыз. Талдықорған облыстық қазақ музыкалық-драма театры Бикен Римованың 100 жылдығына және орыс театрларының арасында Көкшетауда «Арт-Көкше» театрында байқауға қатысып отырмыз.

Біреуінен «Ең үздік ер адам» бейнесін жас актеріміз,фестиваль дебютанты Ырысқұл Жанғазы, екіншісінде Эльмира Керімбаева «Гамлет» спектаклінде Гертруданың рөлін сомдаптәуелсіз БАҚ сыйлығы «Ең үздік әйел» номинацияларына ие болды. Осымен, Ақмоладағы фестивальді жауып,одан әрі Петропавлға барамыз. Онда Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған театрлар фестиваліне қатысамыз. «Қорғансыздың күні» қойылымын сахналайтын боламыз. Бұл қойылымға Мұхтар Әуезовтің  үш әңгімесі «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Кім кінәлі» кіреді. Осы үш әңгімені біріктіріп, бір қойылыммен сахналаймыз. Оны біз Көкше көрермендеріне де ұсынып отырмыз. Одан әрі Цагареллидің «Ханума» спектаклі бар. Мұны бәрі грузиндік деп ойлауы мүмкін, жоқ, ол өте заманауи, біздер үшін актуалдылығын жоймайды. Өйткені, мазмұны тойбизнес, ал,  бұл енді біздің табиғатымызда бар нәрсе ғой. Және бұл әдемілік пен әсем әуенге құрылған. Сосын Жабал Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» қойылымын алып келдік. Оны біз өткен жылы да ағаның 70 жылдық мерейтойына арналған театрлар фестивалінде сахналаған болатынбыз. Қойылымның үздік стенографиясы бар және оқиғасы да әсерлі. Онда актриса Әлия Бейсенбиева ойнайды. Ол да көптеген фестивальдарға қатысып, «Ең үздік әйел» бейнесі жүлдесін ұтып алған. Ал, гастроліміздің алғашқы күніндегі «Әлиханның аманаты» спектаклі шедевральдық қойылым десе болады. Оны әр қазақ көруі керек. Алаш көсемдерінің қилы тағдыры көрініс табады. Әлихан Бөкейхановты «Тар заман» атты кинода сомдайтын актер «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Медғат Өмірәлиев. Ол осы біздің Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының белді актері, театрдың көркемдік жетекшісі.

Біздің театрымыз үздіктердің қатарында, сондықтан, ешқашан актерді барып шақырмаймыз. Менің бір айтарым, «Шабыт» пен Т.Жүргеновті бітіріп келгендерге ең қиын сөз «орын жоқ, штат жоқ» деуге қиналатыным. Біз алыста тұрсақта, жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар келеді және оларбізде қалып еңбек жолдарын жалғастырады. Өйткені, біз жиі фестивальдарға шығып тұрамыз. Оның үстіне театрда бірден рөл тиеді, басқа көптеген облыстық театрларға қарағанда біздің театр үнемі қарбалас жұмыс үстінде.

– Сіз арнайы режиссерлерді шақырасыз ба? Актерлермен қалай жұмыс істейсіз?

Бұрын көбіне тренингтар өткізетінмін. Қалай болғанда да, театрдағы атмосфераны сақтауға тырысамын. Актер – эмоционалды мамандық, тепе-теңдік ұстап тұруы керек. Өйткені, ол бір қойылымнан  қатты қуанып шықса, екінші бір қойылымнан қатты түңілгендей әсер алып қалуы мүмкін. Сондай жағдайда актерлерімнің жандары «жараланып» қалмас үшін олардың әрқайсысының өздеріне деген сенімдерін жоғары  ұстауға, көңілді болуы үшін көп жұмыс жасауыма тура келеді. Сол үшін де кәсіби тренингтер өткіземіз.  Біздің театр сол тренингтермен дәріптелген. Осы тұрғыда біздің Гүл Зиятованың білікті ұстаз, танымал тренинг өткізуші, еңбекқор жан екенін айтқым келеді. Жалпы, менің барлық қызметкерлерім жұмысқа берілген, жауапкершілікті сезінетін жандар.

Ал, енді сіздің «арнайы режиссерді шақырасыз ба?» деген  сұрағыңызға жауап берер болсам, соңғы екі жылдан бері директормын. Бұған дейін өзім бас режиссер болған кезімде көптеген постановкаларды қойдым. Сонымен қатар, қазіргі күнде біздің шығармашылық жанкүйерімізге айналған, бұрынғы директорымыз Нұрнияз ағаға қойылымды басқа біреу қойса, ұнамай қалатын. Оған қатты ұнаған режиссер Сергей Потапов болды. Өйткені, сол кезде директор маған Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырауын» сахналауды ұсынды. Алайда, мен оны сол кезде қоя алмаймын дедім. Ол өте терең әрі ол кезде түсінбедім де қалай қоятынын. Өзіміз шамамызды білеміз ғой, нені қоя аламыз, нені қоя алмаймыз. Әрі оның инсценировкасы жоқ. Сосын біз Саха Республикасынан Сергей Потаповты шақырдық. Ол Мәскеуден «Золотая маска» сыйлығының лауреаты атанған. Әрі өзі менің құрдасым болып шықты. Содан Сергей шедевральдықойылым шығарып берді. «Шыңырау» негізі ең мықты  спектакліміз. Ал, бізде қазір Ә.Кекілбаевтың репертуары өте көп.  Бірақ, оны біз қазір әкелген жоқпыз. Өйткені, онда декарация бар әрі фестивальға қатысатын спектакль «Қорғансыздың күні» және «Әлиханның аманаты», оны үнемі ойнаймыз. Өйткені, оны әр қазақ көруі керек деп ойлаймыз. Сосын бір комедия алып келдік,көрермендеріміз күлкімен демалсын деп. Сондай-ақ, Көкшеде Жабал ағамыз болғаннан кейін «Құлпытастың көз жасы» драмасын неге әкелмеске?!

Тағы бір мақтанышпен айтарым, 4-5 постановка қойған Дина Жұмабаева қай фестивальға қатыссадаүнемі Гран при жүлдесін алып келетін қыз. Тағы бір режиссеріміз Фархат Молдағалиев. Ол Алматыдағы Ғабит Мүсірепов театрының көркемдік жетекшісі.  Мен директор екенмін деп қарап отырмаймын, өзім де режиссерболғасын өте білімді сапалы маман шақыруға тырысамын. Мысалы, Сахадан Потапов келсе, Армениядан да режиссерлер бар. Негізінен, олардың іссапарларын көтеруге тырысамыз, көбіне өздері де қызығушылық танытады. Тәжірибе алмасқан оларға да жақсы. Бір айтарым, фестивальдерде бір спектакль қайталанып қойылмайды, әртүрлі болуы керек. Енді өзім режиссер болғасын кем-кетігі болса, кейбіріне айтамын, әрі көркемдік кеңес деген бар. Әлсіз режиссер келе алмайды ғой, мен де таңдаймын, өзімде қатты қобалжымас үшін. Шынымды айтсам, менің хоббиым режиссерлығым дер едім. Әйтпесе, сау адам түнгі он бірде үйге келмейтін шығар. Мен актерлермен әңгімелескенді ұнатамын. Ал, директорлық деген кәдімгідей үлкен лауазым, оған кішкене басқаша көзқараспен қарауым керек.

– Сонда сіздің қызметкерлеріңіздің бәрі жоғары білімді ме? Сіздің қайсарлығыңыз, талапшылдығыңыз актерлерді үрейлендіретін шығар?!.

– Иә, жоғары білім міндетті түрде болуы керек. Алайда, жоғары білім құтқара да бермейді. Жоғары білімі болса да, кез-келген актер болмаса режиссер қойылымды сахналай алмауы мүмкін.Негізінен, менің актерлерім жоғары білімді әрі бәрінің мектебі бар кәсіби мамандар деуге болады. Актерлердің біразы өзім тәрбиелеп өсіргендер. Мысалы, Гертруданы ойнаған Эльмира  менен үйреніп бастады, кейін жоғары оқу орнын сырттай оқып тәмамдады. Сондықтан, оны менің мектебімнен шыққан кәсіби маман деп айта аламын. Осындай бірнеше актрисалар бар. Негізінен, театрда «ана жақтан, мына жақтан келген» дейтіндей ешкім жоқ. Олардың қайсысы да академияны немесе «Шабыт» университетін бітіргендер. Мен бәрінде еңбекқорлыққа баулимын. Мысалы, «Қорғансыздың күні» спектакліне үш сценарий құрып, инсценировка жасадым. Бұл жағынан қиналмаймын. Өйткені, мен сондай жалықтырып жіберетін пән болса да драма теориясына үзбей қатысып отыратынмын. Жалпы  драманың теориясын бәрі білуі керек, барлық балалар кішкентай кезінен бастап сурет салады ғой. Сосын бір айтарым, актерлер жетілу үшін, олар көп гастрольдерге шығып, ел, жер көріп, ол жақтан тәжірибе жинақтауы керек. Мәселен, біздер Жарастармен (Қалдаров) алғаш еңбек жолымызды бастағанда бір жылда бір рет фестиваль болады, соған спектакльдерді іріктейді, барасың ба, бармайсың ба өзің білесің. Көбіне қалып қалады. Ал, мен ешқашан қалмағанмын. Бірінші болып конкурстарға қатысатынбыз. Әрине, көп облыстар қатыспай қалып жатады. Міне, сіздердегі Бейбіт Салауатұлы басшылық ететін орыс драма театрыгастрольдерге жиі шығу арқылы шетелдердің бәріне танымал, қазір мықты театрлардың қатарында. Ол да театр ұжымының ұйымшылдығы, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығынан. Сондай-ақ, жаңа басшымен, Жарас Қалдаровпен өз жұмысын жалғастырып жатқан қазақ драма театры да тың белестерді бағындыруға ұмтылып, үнемі директорлар кеңесіне қатысып, жолдың алыстығына қарамай, тәжірибе алмасу үшін түрлі іс-шараларда жүреді. Осының бәрі басшының ұжымға жанашырлығы, актерлердің өсуіне ықпал жасайды. Біз қандай байқау, фестивальдар болсын, олардан қалмауға әрі ондажастардың өнерін көрсетуге тырысамыз. Енді тәжірибелі актерлерді бәрі таниды. Олар біздің мақтанышымыз ғой, сондықтан, жастарды өсіруіміз керек деп ойлаймын. Өйткені, олардың шығармашылық өмірі басталуы керек. Мысалы, Рысқұл ең үздік қойылымдардан рөл алып ойнайды. Оны әзірден-ақ, бәрі таниды. «Қорғансыздың күнінде» ойнайды,«Ханумада»басты рөлдісомдайды. Қалай десек те, жиі тренингтер өткізіп, жастарды тартамыз. Жаңа режиссерлерді шақырып тәжірибе алмасамыз. Актерлер көбірек гастрольдерге шығып, өзгелердің сахна өнерін көрсе өседі, танымы кеңейеді.Құр айта бергеннен осы пайдалы.

– Жалпы театрға деген өңір басшыларының  көзқарасы қандай?

– Әлбетте, облыс  әкімі бізге үнемі қамқорлық жасап отырады. Осы жылы үлкен қолдау көрсетті. Біз мұнайлы өңір болғасын, тіпті, алғашқы Болат Палымбетовтен бастап айтсам болады. Ол бірден  12 пәтер берді. Қырымбек аға Көшербаевтың да театрға деген көзқарасы жақсы болған. Бұрынғы облыс әкімдері Алик Серікұлы Айдарбаев та,  Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов та кезінде театрмен біте қайнасып, дос болып кеттік. Актерлермен жақсы жылы жүзді қарым-қатынаста болды. Оның бір өте ауыр болған кезеңінде де, өйткені,бізде әкім болу оңай емес деп ойлаймын. Олар театрға келетін, репетицияларға қатысатын өнерге жаны құмар адам болды. Бүгінгі облыс басшысыНұрлан Асқарұлы Ноғаев та үлкен қолдау мен қамқорлық таныта біледі. Қазір біздің театрда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, қасбеттер жөнделіп, дыбыс жарығы ауыстырылып жатыр. Автобус аламыз. Жарық диотты экран (лед экран) келіп жатыр. Міне, осындай үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Мұның бәрі, өнерге, театрға деген өңір басшыларының құрметі деп білеміз.

– Бәрекелді! Ендеше, театр ғимараты заманауи  талабы тұрғысындажұмыс істейді ғой?

Өте орынды!. Бізге ғимарат салуға жер берілді. Жоба дайын. Соны Нұрлан Асқарұлы Ноғаевпен бастаймыз. Ал, жалпы театрға арнап жаңа ғимарат салу туралы әңгіме бұрынғы басшымыз Көшербаев кезінде қозғалған. Бұл жерде үлкен қаражатты талап ететіндігі даусыз. Жұмыс жүзеге асып жатыр. Бұл тұрғыда басшыларымызға ризашылығымыз шексіз.

Театрға көрермендердің қызығушылығы қалай? Залдарыңыз қанша көрерменге арналған?

– Аншлаг мықты. Билеттерді сату үшін текитонға  шығарсақ, мысалы «Әлиханның аманаты» ол бір сағатта дереу таратылып кетеді. Инстаграммға жібереміз, спектакльдердің билеттерінің сатылуы кейде бір, екі күнде, кейде бір сағатта өтіп кетеді. Бізде екі зал бар, бірі 200 орындық, екіншісі 700 орындық. 200 орынға тұрақты көрермен жиналады. Енді 700 орындыққа кішкене жұмыс жасаймыз. Оған уақыт береміз.

Ұжымда барлығы қанша адам жұмыс істейді және соның ішінде актерлік құрамда қанша қызметкер еңбек етеді?

– 163 адам еңбек ететін ұжымдағы актерлік құрам 50-ге тарта. Біз сіздерге техникалық қызметкерлерді қосқанда 44 адаммен келдік. Бұл техникалық қызметкерлермен бірге есептегенде. Негізі Құнанбай мен Абайды да сіздерге алып келуге болар еді, өйткені, бізде жаңа трактовка. Бірақ, бізге берілген күндер аз.

– Әр маусымның ашылуында арнайы жаңа спектакль дайындайсыздар ма?

– Әр жаңа маусымның ашылуына көптеген қойылымдар дайындаймыз. Мысалы, «Сұлтан Бейбарыс» қойылымы. 800 жылдық мерейтойына үлкен ашық аспан астындағы жоба әзірледік. Даладағы антитеатрда өткен қойылымның өзі қуатты жоба болды. Сұлтан Бейбарыс деп айта бергеннен гөрі оған тереңдетіп үңілу үшін көзбен көру керек. Сұлтан Бейбарыс ғажап тұлға, яғни, құлдан сұлтанға дейін көтерілген және ол Сирия ғана емес, Иордания, Мысырды билеген. Оның асқан көрегендігі, ел билеудегі ақыл жетпес қимылдары мені қатты қызықтырды. Осынысымен қойылымды жасауға итермеледі. Сценарийдің авторы біздің театрымыздың режиссері Әлия Исаева, досымыз Серік Сариев, бәрін біздің актерлеріміз қойды. Оған 100 адам қатысты.  Сахнаның өзінде 80 адам тұрды.

– Ғажап, осының бәрі өз ісіне деген басшының жауапкершілігі, қажыр-қайраты молекендігін, ештеңеден қорықпайтын өжеттігін көрсетеді. Демек, айналаңызды жақсы адамдар көп екен ғой?!

– Жоқ, мені мақтаудың қажеті жоқ. Дегенмен, менің ұстазым мықты болды. Келісемін. Менің айналамда жақсы адамдар көп. Мен әлі күнге Жабал Ерғалиұлымен доспын. Ол кісімен шығармашылық тұрғыда көп нәрселерді пысықтауға болады. Ол көп біледі. Өте тамаша адам. Мен оны қатты құрметтеймін. Мен алғаш еңбек жолымды Көкшетау театрынан бастағанда Жабал ағаймен көрші тұрдым. Майра апайдың қолынан бірнеше мәрте дәм татқанмын. Күнде ақ дастарханынан қымызы үзілмейтін, тіпті, күнде «бешбармақ» әзірлейді десем, қателеспейтін шығармын. Біз үнемі шығармашылық тұрғыда көп әңгімелесетінбіз. Мен оны ешқашан ұмытпаймын. Ол кісінің азаматтығы, білімділігі мені әлі күнге тәнті қылады. Шақырды екен деп, үйіне бара беруде ыңғайсыз ғой. Бірақ, Майра апай «ағаң шақырып жатыр» деп келгенде Гүл екеуміз қарсы бола алмаймыз. Екі-үш сағаттап, керемет әңгіме айтамыз, ол да еңбек деп ойлаймын. Ол кісіні де мен өзімнің бір үлкен мектебім деп білемін. Тағы бір есімде қалғаны, Майра апайымыздың өзінің қолымен дайындайтын шоколад қосылған бәліші бар. «Ымм», аузыңнан дәмі кетпейді. Соны пісіреді. Керемет. Қандай ыстық сәттер-ай, десеңші. Ағаның өзі асыл, не деген жақсы адам десеңізші. Алла тіл-көзден сақтасын. Мен үшін Көкшетау – ол Жабал Ерғалиев. Сол кісімен мен Көкшенің биіктігін сезінемін.

Сосын осындағы театрдың рухани анасына айналған Жібек Бағысова, Жарас, Сафуан, Гүлмиралар менімен бірге қызмет істеген. Мықты актерлер. Мен осында «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклін қойдым, соны Гүлмира тамаша ойнап шықты ғой. Кейін «Сержан братанда» ойнады. Қазір Номад театрын да жақсы көтеріп, соған жұмыс жасап жатыр. Бұл актерлер менің жүрегімде. Ал, Жанар Құсайынованың актерлік шеберлігі өз алдына бір төбе. Оның даусының өзі меццо-сопрано. Мен оны мамаша Кураж рөлінде немесе А.Н.Островскийдің «Гроза»қойылымынан көргім келеді. Ол менде «Перзентхана – дом, где рождаются ангелы» – «Кәусар» фильміне түсіп, Южный Кореяның Пусан қаласында байқауға қатысқан. Алайда, мықты фильм бола тұра, Қазақстанда қойылмай қалғаны өкінішті-ақ. Жанар фильмде өте  әсерлі ойнайды. Бұл менің жеке жобам болатын. Қазір де бар.

– Өнерге деген қызығушылығыңыз қалай басталды? Театрға қалай келдіңіз?

Мен Самара облысының Малая Черниговка ауылында дүниеге келгенмін. Бала күнімнен сол жердегі ауыл клубына баратынмын. Анам сол ауылдық клубта меңгеруші болып жұмыс істейтін. Оған түрлі кружоктар өткізу керек болатын, соларды өткізуге деген қызығушылығым артты. Мен барып ауылдық кітапхананы ашам, оқушыларға драмамалық кружок өткізем. Барлық кітаптарды алып оқимын. Біздің отбасымыз кітап оқу, кино көру дегенді қатты жақсы көретін. Мені анам бес жасымнан киноға апаратын. Ол кезде кинопрокат әрі цензура бар. Совет үкіметінің ең мықты кинолары көрсетілімнен алынып қалатын Латвия, Совет одағының барлық жеріне танымал кинолар болды ғой. Және күнде кино болады. «Табор уходить в небо» күшті фильмдер болатын. Күнде мен соларды қарайтынмын. Сол киноларды көру мен үшін ең үздік тәрбие дер едім. Және мен соларды көп көру арқылы композицияларды сезініп, актермен қалай жұмыс істеу керек екенін түсіне бастайтынмын.Ең басты оқиғаның ортасы композиция болатын. Менің ой-қиялым сол кезден қалыптасқан. Және де мен академияға түскенде ең мықты ұстазым Маман Байсеркенов болды, ол Жібек Бағысованың режиссері. Мен сол курсқа түскенде ол менің бойымдағы бір ұшқынды ашып жіберді. Ол менде жиналып қалған еді. Сөйтіп, маған бағыт берді, мұның бәрі менің бала кезден дұрыс қалыптасқанымнан деп білемін. Сол үшін де ата-анама ризашылығым шексіз. Олар маған күнде өте жақсы фильмдерді көруге мүмкіндік берді. Бір жағынан, мен қаласам да, қаламасам да анам клуб меңгерушісі болған соң, біз отбасымызбен барып кино көретінбіз. Мен 12 жасқа толғанша өзі баратын, кейін мен анамның орнына барып, билет сатып, кино қарап, кітапханадағы кітаптың бәрін тауысып оқыдым ғой. Тіпті, кітап алушыларға кеңес берем, мынау кітап жақсы, мазмұны осындай деп. Мен 4-сыныпта басқа мектепке ауысқанда сол жердегі кітапханағабарам, сонда маған «қандай кітап оқисың? Мынау ма, мынау ма?» деп сұрайды ғой. Ал, мен айтам, оқып шыққанмын, деп. Онда  Драйзердің мына кітабы, мен оны да оқығам деймін. «Ты Драйзера прочитал, трилогию?» деп олар таң қалатын. Бір қызығы, мен кітап оқығанымда, бітпесе екен дейтінмін. Өйткені, ауылда уақыт көп, ішің пысып кетеді.

Міне, осылай ата-анамның тәрбиесінің мықтылығынан болар, ағам екеуміз қанаттанып, қайраттанып өстік.Қазір енді анам қайтқан, папам мен аға-жеңгем де Ақтауда тұрады.Балалары өсіп, өз жолдарын тапты. Сол Ақтаудан ағам екеуміз жер үй салдық, өткен жылы 30 маусымда анамыз қайтыс болды. Әкем аға-жеңгемнің қолында. Енді менің өнер институтына келуімнің өзі отбасынан алған өнегеден болу керек. Мен бала кезімде кітапханадан киноактерлердің кітаптағы суреттерін көріп, қызығатынмын. Актерлердің суреті бар открытка, кітапшаларды сатып алатынмын. Сөйтіп, мен Оралға келгеннен кейін алғашында актер болғым келді. Содан Тарковскийді көріп, режиссер болуды армандадым. Сонымен, 1995 жылы оқуға түсетіндерге іріктеу жүргізген комиссия біздің Оралға келді.Оралдан Асылбек Ықсанов мені, Асхат Маемеровті, Бағдагүлді таңдады. Сөйтіп, бізді өздерімен алып кетті, біз солай актер боламыз деп оқуға келдік. Алматыға барғаннан кейін бөлек таңдаужасап, онда қабылдау комиссиясының төрағасы Талғат Досымғалиұлы Теменов болды. Сол кезде мен актерлікке түсіп жатырмын ғой. Талғат Досымғалиұлы тыңдап, «это не актриса, это режиссер» деп таныды да, мені режиссерлық курсқа бағыттап жіберді. Мен де қуанып кеттім, «иә, мен режиссерлықты қалағам» деп айтқаным есімде. Содан оқу басталардамені орыс тобына Кондрясянға жіберді. Мен өзім айттым, орысша мен жақсы білем, қазақ группасына барғым келеді деп. Өйткені, мен Самарада мектепте оқығанда орыс тілінен сауаттылығым үшін жеңімпаз атанғанмын. Сонымен не керек, Байсеркеновтің группасына қабылдандым. Онда енді, құқық, әдебиет деген бәрі қазақша ғой, мен орысша оқып келген білмедім, түсінбедім. Содан біртіндеп қазақша оқып жүріп, Маңғыстауға келіп үйрендім. Өйткені, мен қазақ классиктерінен қойылым қоя бастадым. Өзім барлық дәстүр сақталған кіші жүзденмін. Тағы мына бір нәрсе есіме түсіп тұрғаны, менімен бірге Оралдан оқуға түскен Бағдагүл, Көкшетаудан Рахия Машурова және Расул деген жігіт болды. Ол қазір опералық театрда. Ал, Салтанат Көпжасарова Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрында бас хореограф. Олар Көкшетаудан. Мен Оралдан, Гүл Ақтаудан. Міне, біздер осылай таңдаумен келген түлектерміз.

– Жаңадан жұмысқа келген актерлерге қандай талап қоясыз?

– Ең бастысы – тәртіп! Әр жас маман жұмысын бастағаннан рөл беремін, әрине, ол басында жақсы ойнамайды. Ал, рөл бермесең ол піспейді. Содан кейін ол өзі тәртіпке бағынып, жауапкершілікті сезіне бастайды. Мен де көбіне, колледждегілер массовкаға келеді. Бізге дауыс керек. Міне, бізде «Қорғансыздың күнінде» Ғазизарөліндегі актриса колледждің студенті. Ол вокалист, бірақ, мен оны актерлікке тәрбиелеймін. Сосын академияға өнерге түседі. Адам ең бастысы армандай білу керек. Ал, ол арманды болашақта Алла тағала реттейді деп ойлаймын.

– Жаңадан оқуға түсіп, оқып жатқан жастарға не айтар едіңіз?

– Адам армандай білуі керек және соның орындалуына сену керек. Әркімге де мамандық керек және көп оқу керек. Дәл біздің мамандығымызда көп жаттығу керек, ішкі жан дүниеңді соған сәйкестендіріп дайындау керек, бағыттау керек. Қазір заман өте жақсы. «Ютуп» арқылы постановкалар, мықты режиссерлер бар, солардың бәрін оқып, қарай беру керек. Киноларды көбірек көріп, актерлердің жұмыстарымен танысып, талпыну керек. Мықты актерлер деп қоя салмай, олардың қалай ойнайтынын қойылымынан көріп, көңілге түю керек. Гастрольдерге жиі шығу керек, қысқасы болдым-толдым деп тоқтап қалмау керек. Армандау арқылы классика ма, классика емес пе бәрін оқып, салыстыру керек, сонда ғана өсесің. Бірақ, көп оқимын деп филолог болып кетпеу керек. Ол басқа мамандық. Көпшілігі оқып, оқып қоя алмай қалады. Біздің мамандықта өзіңе керегіңді ғана аласың.

– Қазір Гүлсинаның бала күнгі арманы орындалды ма? Алдағы жоспарыңызға да қысқаша тоқталып кетсеңіз.

– Иә, дұрыс айтасыз, бала күнгі армандарым біртіндеп орындалып келеді. Мен 2000 жылы оқуды тәмамдадым. Дипломдық спектакльмен бірінші Семейге жіберді, содан Көкшетауға келдім. Семейде маған постановка берілген жоқ. Ол жерден ертегі қойып келдім. Есмұхан Обаевол кезде Қазақстан Республикасының Мәдениет комитетінде қызмет істейді. Маған жедел түрде Көкшетауға баруымды талап етті. Ол жаққа режиссер қажет болғандықтан, мені жібереді. Сөйтіп, «Ревизор», «Келіндер көтерілісі» атты екі спектакль қойып, дипломдық жұмысымды қорғадым. Енді өткенге бұрылып қарар болсам, қазіргі күні бала кездегі арманымды орындап жүрмін. Сол кезде көргенімді, өзімнің тәжірибеммен жалғастырып жатырмын. Сөйтіп, мен әр актер жайлы шағын кітапша шығардым. Жалпы бір томдық кітап та бар. Сонда менің актерлерімнің өмірбаяны толық қамтылған. Мен де ұлттық қойылымдар көп болатын. Сондықтан да өткен жылы Түркияның Анадолы қаласында режиссерлік қызметім тағы да бір мәрте бағаланып, жалпы түркі әлемінде «Режиссер кеңістігіне қосқан үлесі үшін» деген марапатқа ие болдым. Бұл менің актерлерімнің де мықтылығының  арқасы.  Мен әрдайым солармен биікпін.

Енді қазіргі уақытта театр директоры болған соң, бәрі жоспармен жасалады. Біздің алға қойған екі жоспарымыз бар. Біріншісі Жалау Мыңбаев туралы қойылымды шығару. Ол менің ойымша мықты спектакль болуы керек. Ол туралы сценировка жоқ. Оған тапсырыс жасауымыз керек. Сосын екінші жоспарым, жас актерлерге өсу үшін мен Чеховтың «Чайка» спектаклін қоюым керек. Оған режиссерлерді шақырам деп ойлаймын. Өйткені,сондай репертуар жүру керек театрда.

– Сыр сұхбатыңызға үлкен рахмет!

 Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар