Ақмолалық диқандар егін орағын толық аяқтады

Ақмола облысында күзгі егін орағы жұмыстары аяқталды. Өңір диқандары өнімділік төмен болғанына қарамастан 3 млн тоннадан астам астық жинады, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, ақмолалық шаруалар үшін биылғы жыл оңай болған жоқ.

Көктемдегі ылғалдың аздығы, жаздағы құрғашылық және тамыз-қыркүйек айларындағы жауын-шашын егіннің бітік шығуына біраз кедергі келтірді.

Одан қалды, кейіктер шауып біраз егін тапталды.

Әсіресе, егін орағы кезіндегі жаңбырдан залал көп келді, 2 млн 945 мың гектардың егіні көктеп кетті.

Сол үшін үкімет тарапынан 20 мың тонна жанар-жағармай және 1 мың тонна газ бөлінді.

Осы қиындықтарға қарамастан шаруалар егін орағы науқанын уақтылы аяқтап, бар алтын астықты шашпай-төкпей жинап алды.

Облыс бойынша орташа гектар берекесі 6,4 центнерден айналды.

— Биылғы жыл өңір диқандары үшін үлкен сынақ болды. Бидайдың өсіп шығуына, пісуіне және сапасына кедергі келтірген факторлар орын алды. Үкіметтің дер кезіндегі көмегі және егін орағы науқанын ұйымшылдықпен өткізудің арқасында облыс диқандары қысқа мерзімнің ішінде күзгі жиын — терім жұмыстарын аяқтап, 3 млн тоннадан астам астық жинады, — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.

Ол атап өткендей, қазіргі кезде келер жылдың көктемгі егісіне қажетті тұқым қорын жасау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

— Ендігі міндет — астықтың элеваторларға жөнелтілуі мен сақталуын қамтамасыз ету. Жалпы, облыста сиымдылығы 4,8 миллион тонна болатын элеваторлар мен шаруашылықтарда 2,4 миллион тоннаға арналған астық қоймасын дайындалды. Келер жылға жоспар бойынша 536 мың тонна тұқым қажет болса, оның 268 мың тоннасын немесе 50 пайызын қамбаға құйып алдық, — деп түйіндеді Еркеш Әленов.

Жалпы, биыл облыстағы егістік көлемі 5,3 млн гектарды құрады.

Оның ішінде 4,9 млн гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 197 мың гектарға майлы дақыл және 223,4 мың гектарға жемшөп егілді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында аптап ыстық пен жаңбыр астық шығымына кері әсер еткенін жазған едік.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар