Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тартюфтар бүгін де ортамызда жүр - АРҚА АЖАРЫ

Тартюфтар бүгін де ортамызда жүр

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жаңа маусымының алғашқы премьерасы ретінде Жан Батис Поклен Мольердің «Тартюф» комедиясы ұсынылды. Қойылымның режиссері – Тәжікстанның еңбек сіңірген әртісі Барзу Абдураззаков.

Әлем елдерінің белді театрларының репертуарынан орын алған бұл әйгілі спектакльді қою үшін Барзу Абдураззаков бір ай бойы Көкшетауда актерлермен жұмыс істеді. Нәтижесінде өнер ордасында қызықты спектакль көрерменге жол тартты.

«Адамның жүрегі мейірімділікке толы, бірақ, ақыл-ойы қараңғы болса, ақыры өз өміріне үлкен қиындықтар әкеліп, түбі бақытсыз етеді», деп жазған екен өз дәуірінде Лев Толстой. Спектакльдің идеясы сол – бір адамның ақыл-ой қараңғылығы тек оның өзінің өмірін ғана емес, жақындарын да бақытсыз етуінде. Әсіре діншілдік, діни фанатизм, радикалды ұстаным, бәрінің де тамыры – қараңғы ақыл. Ондай адамды басқару оңай, кез келген болымсыз нәрсеге иландыру жеңіл. Қараңғы ақылға шындық пен жалғанның ара-жігін айыру қашанда қиын, ал, оны еріксіз басқару сондай оңай. Қараңғы ақыл қорланып, ерте ме, кеш пе, өзін ғана емес, жақындарын да, өзінің мейірімді жүрегін де жояды. Өйткені, оны қанішер мен қаніпезерге айналдыру қиын емес.

Қойылым желісіне ойыссақ, оқиға Париж қаласында, Оргонның үйінде өтеді. Тартюф есімді азамат үй қожайынының сеніміне әбден кіреді. Екі жүзді Тартюфті үй иесі Оргон білімді, көзі ашық, көкірегі ояу азамат ретінде танып, оған ерекше құрмет көрсетеді. Адамның шынайы бейнесі мен бетпердесінің барын сезе бермейтін аңғал Оргон Тартюф бойынан еш жамандықты көрмейді. Тартюфтің қандай екенін Оргонға оның жұбайы, бала-шағасы және отбасының басқа да мүшелері айтқанның өзінде де, Оргон қонағына шаң жуытпайды. Тіпті, өз жеке меншігін Тартюфтың атына аударып, қызын оған күйеуге беруді ойластырады. Ал, Тартюф болса, үй қожайына шынайы бейнесін көрсетуге асықпайды. Соңында әйелі Эльмира Оргонға Тартюфтің сұмпайы, суайт, екіжүзділігін дәлелдейді.

17 ғасырда жазылған классикалық шығарма бүгін де өз өзектілігін жоғалтпаған. Комедиялық жанрда жазылған пьеса қоғамдағы маңызды мәселелерді қозғайды. Бұл қойылым қай заман болмасын, адамдар арасындағы қарым-қатынастың әр қилы болатындығын көрсетеді.

–Біздің қойылым сіздің жүрегіңіз ғаламның көлеміндей болса да, алақандай миыңызға қараңғылықтың иненің жасуындай ғана саңылауы түссе, соның өзі қаншалықты қауіпті екендігі туралы ой салады, –дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Манарбек Қыдырбай.

Қойылымда басты рөлдердің бірі Оргонды – Төлеубек Көңбайойнаса, оның анасы Пернель ханымды – Жанар Құсайынова сәтті сомдап шықты. Ал, үй қызметшісі Дорина – Маржан Бөкешова мен спектакльде бір рет төбе көрсететін сот орындаушысы Лояль мырза – Қайрат Мырзаболатов өз рөлдерін әрі қызықты, әрі тартымды, әрі күлкілі көрсетіп, актерлік шеберліктерінің жоғары екендігін тағы бір дәлелдеді. «Батырға оң мен солы бір» дегендей бұл актерлер қай жанрдағы спектакль болмасын, өздеріне тапсырылған образдарын ойдағыдай алып шығатынына көзіміз әбден жеткен. Тартюф пен ол көз салған Оргонның әйелі Эльмираның рөлдеріндегі ерлі-зайыпты Асланбек пен Әсем Шайсұлтановтар да өз образдарын барынша шынайы алып шықты. Спектакльге қатысқан басқа жас актерлер де барынша еңбектенгені көрініп тұр. Спектакльдің костюмдері де ерекше көзге түседі. Бұл орайда, костюмдер суретшісі Маймұра Топанбаеваның жұмысын атап өткен жөн шығар.

Қойылымнан кейін театрсүйер қауым Тартюфтардың ортамызда жүргенін айтып, санаға қараңғылық саңылауын кіргізбеу туралы ой түйіп тарқасты. Еске сала кетейік, «Тартюф» комедиясының премьерасы қазанның 22-ші жұлдызына дейін көрсетіледі.

–Ең қызықты ойнаған ата неге басынан ойнамады?, –деп кетіп барады кішкентай қыз анасына. –Ол сондай күшті ойнады. Сол ата шыққанда қатты күлкім келді.

Қыздың «ата» дегені – сот орындаушысын ойнаған Лояль мырза еді…

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар