Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік сұрақтар жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Айнагүл Балташева, аталған комиссияның мүшесі Дуанбай Ыбырай Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімовпен бірге облыс орталығы құрамына кіретін Краснояр ауылына барды.
Онда олар ауылдық округінің әкімі Серікжан Мақышпен кездесіп, бірқатар проблемалық мәселелерді, соның ішінде ауылды автобус қозғалысымен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Серікжан Мейрамұлы депутаттардан №12 немесе 13 маршруттарын жаңа асфальт төселген, аялдама павильондары орнатылған көшелермен жүргізуге көмек сұрады. Мәселе өзекті, өйткені, ауыл жаңа құрылыстармен үлкейіп келеді.
Сондай-ақ, депутаттар осы ауылдың тұрғыны Людмила Юдинаның үйіне барды,ол А.Балташеваға тозығы жеткен үй шатыры туралы шағымданды. Екі жыл бұрын зейнеткер Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқанжұбайынан айырылған, қазір екі қабатты үйдің жоғары қабатында тұрады. Людмила Ивановна депутаттардан шатырды жөндеуге көмектесуді өтінді. Ол тіпті құрылыс материалдарының бір бөлігін, соның ішінде төсейтін шиферді сатып алып қойғанын айтты. Ауылдық округ әкімі шатыр мәселесін шешуге уәде берді, ал, қалалық мәслихат төрағасы Дастан Әкімов жөндеу жұмыстарына қажетті автотехниканы беруге дайын екендігін жеткізді.
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.