Ақмола облыстық сотының бастамасымен және ұйымдастыруымен   «AQMOLA» SOTTARY. ҒАСЫР ЖАСАҒАН СОТ ЖҮЙЕСІ» атты кітап жарық көріп, оқырманға жол тартты.

Ақмола облыстық сотының төрағасы АРМАН СЕРІКТАЙҰЛЫ ЖҮКЕНОВ шараны ашып, Республика күнінің тарихи маңыздылығы және Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың сенімді жүйесін құру жөніндегі қағидатты тапсырмаларын орындау жолындағы сот қызметкерлерінің  міндеттерін терең сараптап, алдағы міндеттерді айқын айтып берді. Және де Ақмола соттарының 100  жылдығына орай баспадан шығарылған «AQMOLA» SOTTARY. ҒАСЫР ЖАСАҒАН СОТ ЖҮЙЕСІ» атты кітаптың мазмұнына тоқталды.

Кітаптың таныстырылымында мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, Президентіміздің әділ де адал Қазақстан құру жолындағы саясатын жүзеге асыруда  ең сенімді көмекші ол – сот қызметкерлері екендігін атап көрсетті.

Тарих мынаны айтады: Ақмола облысы 1868 жылдың 21 қазанында құрылып, 1869 жылдың қаңтарынан қалыптасыпты. Дала генерал губернаторының қарауында болған облыс құрамына Ақмола, Көкшетау, Петропавл және Омбы уездері қараған.

Тарихи кітаптың алғы бетінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 22 маусымда өткен тәуелсіз сот төрелігіне арналған сот әкімшілігі: әлемдік стандарттар мен  үздік тәжірибелер» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысушыларға арнаған: «АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫН ҚОҒАУДЫҢ СЕНІМДІ  ЖҮЙЕСІН ҚҰРУ, ЗАҢ ҮСТЕМДІГІН  БАРЫНША ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – КЕЗ КЕЛГЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІНІҢ БІРІ. ОСЫ МІНДЕТТЕРДІ ОРЫНДАУ ІСІНДЕ СОТ ОРГАНДАРЫ ЕРЕКШЕ РӨЛ АТҚАРАДЫ» деген ой-пікірі бар.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиевтің  «Ғасырға жуық мерзім ішінде облыс соттары сот төрелігін заман талабына сай жүзеге асыруда талай сындарлы кезеңді бастан өткерді. Сот саласындағы көптеген тың бастама, іргелі реформа Ақмола облысы соттары шежіресіне алтын әріппен жазылары анық» деп берген жоғары бағасы да бүгінгі сот жүйесіне берілген терең баға болса керек.

Кітаптағы  Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Сәкен Абдоллаұлы, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев сынды тұлғалардың пікірлері де саралы ойдан шыққан.

Ақмола облысы сотының төрағасы Арман Жүкеновтың сөзімен басталар тарихи кітаптың әр беті тарихи көне құжаттармен, фотосуреттермен қосарлана беріліп, шежірелі кітаптың бай мазмұнына еріксіз ден қойғызары анық.

Ғасырлық танымы мен тарихы бар бұл кітап тәуелсіз еліміздің сот жүйесінің әрідегі шежіресінен басталып, бүгінгі күнге ұласқан құнды еңбек екені даусыз.

                                  «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар