Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың мүмкіндігі зор - АРҚА АЖАРЫ

Өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың мүмкіндігі зор

Кеше «Болашақ» сарайында облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен «Өңдеу өнеркәсібін дамыту перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауының шеңберінде Ақмола облысына инвестиция тарту, өңдеу және машина жасау саласын дамытуға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға «Қазақстан машина жасау одағының»басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі Мейрам Пішембаев, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің вице-министрі Ілияс Оспанов, «Самұрық-Қазына контракт» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Әділет Батталов және өнеркәсіп пен өңдеу инфрақұрылымына қатысты салалардың өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Марат Мұратұлы барлық қатысушыларға келгендеріне алғысын жеткізіп, өңдеу саласының дамуын қамтамасыз ету – елдің алдағы уақыттағы индустриалды дамуының маңызды басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда өңдеу саласына аса көңіл бөлді. Ақмола облысы индустриалды-аграрлы өңір болып табылады. Өнім өңдеу саласы бойынша облыс республикадағы үздік ондыққа кіреді. Өңдеу өнеркәсібі өңірдің өндірістік саласының негізгі секторы. Облыс аумағында өндірілетін өнімдердің жалпы өнім көлемінің 80 пайызы осы салада. Бүгінде облыста өңдеу өнеркәсібінде 815 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 85 пайызын металлургия, машина құрастыру, азық-түлік өнімдерін өндіру кәсіпорындары құрайды, –деді өз сөзінде облыс әкімі. Жалпы, облыс республиканы 100 пайыз темір жол мойынтіректерімен, 84 пайыз арнайы автокөліктермен, 60 пайыз құрамында алтыны бар кен өнімдерімен, 50 пайыз астық жинау комбайндарымен қамтып отыр. Мұның барлығы біздің өңірдің өңдеу саласы бойынша әлеуеті зор екендігін дәлелдейді.

– Ақмола облысы өңдеу саласы бойынша республикада өзінің орны бөлек өңір. Астана қаласымен іргелес орналасқандықтан, инвесторларға да мұнда мүмкіншілік зор, – дей келе «Қазақстан машина жасау одағының» басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев Ақмола облысында республиканың экономикасын көтеруге себепші болатын индустриалды-өндірістік аймақтарды құруға толықтай мүмкіндігі бар екендігіне назар аудартты. Қосшы, Атбасар, Есіл секілді қалалардың машина құрастыру саласы бойынша шағын өндірістік аймақтарды дамытуға әлеуеті жететіндігін атап өтті.

– Ендігі арада біз елімізде машина құрастырғанмен, бәрібір де шет мемлекеттерден оның шикізатын, құрал-жабдықтарын, материалын сатып аламыз. Алдағы уақытта біздер қай саланың машиналарын құрастырсақ та, біртіндеп өз елімізде оның құрамдас бөліктерін шығаруымыз керек. Былтыр жыл соңында Мемлекет басшысы біздің тарапымыздан ұсынылған машина құрастыру бойынша кешенді жоспарымызды құптады, – деді сөзін түйіндей келе аталмышодақтың төрағасы.

– Өңдеу өнеркәсібін дамыту тақырыбы республикада бірінші болып Ақмола облысында көтеріліп отыр. Машина құрастыру, өңдеу саласының тақырыптары бүгінде өте маңызды. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда жоғары деңгейде өңделген өнім шығару кластерін құруды, кемінде 15 ірі жоба қолға алуды тапсырған болатын. Бүгінде біз республикада 19 терең өңдеу жобаларын әзірленіп жатырмыз. Ақмола облысында агро-өнеркәсіптік ірі жоба қолға алынса дұрыс болар еді. Әрине, ондай ірі жобаға қыруар қаржықажет, – дей келе вице-министр Ілияс Оспанов өңдеу өнеркәсібі саласына қажетті кадрлар даярлау мәселелеріне, инвесторлардың салықтық құқығы тәрізді жағдайларға кеңінен тоқталды.

– Ақмола облысында ағымдағы жылғы 9 айда өңдеуөнеркәсібі саласындағы негізгі капиталға түскен қаржы 380 миллиард теңгені құрайды. Өңірде жалпыұлттық пұл жоспарына сай 726,7 миллиард теңгеден астам қаржыға 67 жоба жүзеге асырылуда. Биыл 63 жоба жүзеге асырылып, 3 мыңнан астам жұмыспен қамтылды, –дей келе облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов сырттан инвесторларды тарту бойынша кездесетін бірқатар келелі мәселелерді қозғады. Мәселен, жерді инвесторларға жедел түрде жалға берудегі заңға енгізілген өзгертулерге қатысты туындайтын кедергілерді, кейбір жобалардың не инновациялық, не инвестициялық жоба екендігін анықтаудағы келеңсіздіктер, машина құрастыру саласында 4 ірі жоба болса, алдағы жылы заңнамалық актілерге енгізілген өзгертулерге байланысты олар шетелдік инвесторлардың қолына өтуі мүмкіндігін атап өтіп, отандық өнімдерді өңдеу кәсіпорындарының мүддесіне орай мұндай заңнамалық ережелердің мерзімін ұзартуды сұрады.

Дөңгелек үстелде «Самұрық-Қазына Контрак» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Әділет Батталов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіптік инфрақұрылымды және елішілік құндылықты дамыту департаментінің директоры Нұрлан Кеңесов, «НК «Kazakh Invest»акционерлік қоғамының сервистік қолдау департаменті директорының орынбасары Марат Есеновтер де өңдеу өнеркәсібі саласын дамыту бойынша өз құзыреттіліктеріне орай ұсыныстарын жасады.

Дөңгелек үстел барысындағы талқылау кезінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры Айгүл Жақыпова өңдеу саласы бойынша қолға алынатын жобалар жүзеге асырмас бұрын ғылыми институттармен бірлесіп, оның тиімділігі туралы кеңестер өткізу керектігін, ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын ескертті. Сонымен бірге «Тыныс» акционерлік қоғамының өкілдері де кез келген өнімді шығармас бұрын оның шикізатын өңірде шығара бастауды, шетелге тәуелді болмау жағын қарастыруды ұсынды.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов дөңгелек үстелді қорытындылай келе, өңдеу өнеркәсібі бойынша жаңа жобалардың ғылыми негіздемесіне көңіл аударып, тәжірибесі бар, тексерілген инвесторларды шақыруға назар аударды. Инвест жобаларға жалға берілетін жерлерді елдің дамуына тиімді болатындай әрі заңға қайшы келмейтіндей беру керектігін жеткізді. «Қандай жоба болмасын, Конституциядан аспай, тиісті заңдардың аясында жұмыс істеулері қажет» , – деді ол.

Түстен кейін дөңгелек үстелге қатысқан министрлік өкілдері мен машина құрастыру саласының мамандары облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы техникаларын жасайтын «Қазақстан Агро инновациялық корпорациясы» серіктестігінде, «Kaz Rost Engineering Ltd» кәсіпорынында болды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,«Арқа ажары
ның» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар