Мүгедектерді қолдау жақсарып келеді

Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік қорғау жүйесі, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың жағдайларын жақсарту тетіктері дамып келеді. Үнемі жаңартылып отыратын құқықтық база, денсаулық сақтау саласындағы коммуникация жүйелерімен біріктірілген икемді ақпараттық жүйе әзірленді, мүгедектігіне байланысты әлеуметтік төлемдердің мөлшерін белгілеуді реттейтін заңнамалық актілер де қабылдануда.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету шараларының бірі әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және сапалы қызмет көрсету болып табылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті бұл бағытта 15 мемлекеттік қызмет көрсетеді, оның ішінде мүгедектіктің мәртебесін, дәрежесін анықтау бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізеді, мүгедектік бойынша, бірінші топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға күтім жасау және тағы басқа да әлеуметтік жәрдемақылар түрлерін бекітеді. Ағымды жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Ақмола облысы бойынша мүгедектігі бар адам саны 29403, оның ішінде бірінші топтағы мүгедектігі бар адам – 3093, екінші топтағы мүгедектігі бар адам – 10781, үшінші топтағы мүгедектігі бар адам – 12229, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар 3300. 2023 жылдың 9 айы ішінде мүгедектік тобын және мүгедектік дәрежесін анықтау бойынша 7030 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Соңғы екі жылда облыстағы мүгедектік құрылымында белгілі бір өзгерістер байқалады. Ересектер арасында 414 жағдай немесе 28,6 пайызбен бірінші орында онкологиялық аурулар тұрса, 18 жасқа дейінгі балалар арасындағы мүгедектік құрылымында 109 жағдаймен бірінші орында психикалық бұзылушылықтар мен мінез-құлық бұзушылықтары тұр. 2023 жылдың өткен кезеңінде бүкіл халық арасында бастапқы мүгедектіктің 271 жағдайға өсуі байқалды.

Облыс тұрғындарының мүгедектік деңгейін төмендету бойынша жұмыс әдістерін жетілдіру мақсатында департамент денсаулық сақтау органдарымен өзара тұрақты жұмыс жасайды. Соңғы жылдарда әлеуметтік сала, оның ішінде медициналық-әлеуметтік сараптама құрылымы қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күні медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде болып жатқан өзгерістер мүгедектік пен мүгедектік дәрежесін белгілеу тәсілдерін өзгерту, оңалту бағытын жетілдіру қажеттілігінен туындап отыр. Мүгедектік, мүгедектік дәрежесін белгілеу жүйесін жетілдірудегі маңызды кезеңдердің бірі сырттай проактивті сараптаманы енгізу болып табылады. Көрсетілетін қызметті алушыны сырттай тексеру оның жеке қатысуынсыз, электрондық форматта келіп түскен медициналық құжаттардың негізінде Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерінің ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы жүзеге асырылады.

Сырттай куәландыру эксаумақтық принцип бойынша жүргізіледі, мысалы, Ақмола облысының дәрігерлері жіберген медициналық құжаттарды басқа аумақтық департаменттердің эксаумақтық үш сарапшысы қарайды, сол сияқты, басқа жақтың құжаттарын қарауға біздің департамент қатысады. Бұл ретте, тексерілген адамның деректері жекелендіріліп, дәрігер-сарапшылар нақты қай адамды куәландырылып жатқанын көрмейді. Сараптамаға мұндай көзқарас мүгедектікті бағалауда субъективтілікті алып тастай отырып, медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізуді жақсартуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға және науқас үшін мүгедектікті белгілеу рәсімін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Ақмола облысында мүгедектікті белгілеу бойынша қызметтерді сырттай проактивті көрсету сәтті жүзеге асырылуда. Ағымды жылдың 9 айында бұл бағытта 2068 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Республика бойынша бұл көрсеткіш 27,3 пайызды құраса, біздің облыста 29,5 пайыз болды.

Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мүгедектікті белгілеу үдерісіне өзгерістер енгізу, медициналық куәландыру жүргізуде оңалту процестерінің жолдарын жетілдіру тапсырмасын орындау аясында жүргізілген жұмыстардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, елімізде саяси тұрақтылық ортасын қалыптастыру мақсатында 1 шілдеде Әлеуметтік кодексі заңды күшіне енді. Жаңа Кодекстің негізгі мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту үшін осы саладағы заңнамалардың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қолданыстағы 17 заңдар мен актілердің барлық нормалары біріктіріліп, Әлеуметтік кодексте қамтылған. Кодекс адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Атап айтқанда, өмірге келгеннен бастап кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы азаматтарды жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру және көмек, зейнеткерлерді қолдаудың барлығы осы бір құжатпен реттелетін болады. Әлеуметтік кодексте жәрдемақылар есептелетін коэффициенттердің ұлғаюына байланысты 1 шілдеден бастап мүгедектігі бойынша, 1 топтағы мүгедектігі бар адамды күтушіге, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға төленетін және тағы басқа жәрдемақылардың мөлшері ұлғайтылды. Атап айтқанда, облыс бойынша 46698 мемлекеттік жәрдемақы алушының жәрдемақысы өсіп, ол жалпы әлеуметтік төлемдерді алушылардың 16,2 пайызын құрады.

Мүгедектігі бар адамдардың санаттарына байланысты жәрдемақылар келесі мөлшерде ұлғайды:

1 топтағы жалпы мүгедектігі бар адамдарға 2023 жылдың 1 қаңтарындағы 77889 теңгеден 89248 теңгеге дейін. Бұл облыс бойынша 1 041 алушыны қамтыды. 2 топ 62068 теңгеден 71398 теңгеге дейін. 4591 жәрдемақы алушы енді жәрдемақысын осындай мөлшерде алатын болды. 3 топ бойынша жәрдемақы 42 190 теңгеден 48681 теңгеге көтеріліп, 5796 адамды қамтыды.

1 шілдеден бастап бала кезінен белгіленген мүгедектігі бар азаматтарға жәрдемақы мөлшері келесі мөлшерде ұлғайды:  1 топқа 77889 теңгеден 89248 теңгеге, 2 топқа 64502 теңгеден 74238 теңгеге,  3 топқа 48681 теңгеден 65313 ​​теңгеге дейін. Жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға:

1-топ үшін жәрдемақы 77889 теңгеден 89248 теңгені, 2 топ үшін 64502 теңгеден 74238 теңгені, 3 топ  үшін 56794 теңгеден 65313 ​​теңгені құрайды. 7 жасқа дейінгі балалар санатының мүгедектігіне байланысты жәрдемақы 1 шілдеден бастап 56794 теңгеден 65313 теңгеге дейін өсіп, 917 балаға ұлғайды.

18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, оларды күтіп-бағатын қамқоршыларға, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды күтетін азаматтарға жәрдемақы мөлшері 56794 теңгеден 65313 теңгеге дейін өсті. Бұл жәрдемақыны қазір біздің облыста тиісінше 3073 және 2577 адам алады.

Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекс аясында алғаш рет бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде болған кезде оған қамқорлық жасайтын адамға да 65313 ​​теңге мөлшерінде  жәрдемақы төленеді. Облыс бойынша 6320 арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың да жәрдемақысы ұлғайды.

Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдар инфрақұрылым, ақпараттандыру объектілеріне, көлікке, ақпаратқа, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық сайыстарға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділіктің қамтамасыз етілуіне құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде бекітілген әлеуметтік-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толығымен ие болады. Ал, департамент осы заң талаптарын орындау мақсатында мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге, арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуге, мүгедектігі бар адамдардың жеке оңалту бағдарламасының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

2023 жылдың басынан бері осы мақсатта 61 тексеріс жүргізілді, оның 48-і профилактикалық бақылау, ал, 13-і жоспардан тыс бақылау мақсатында жүргізілгенін де айта кету керек. Тексеріс нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде 42 нұсқама, 9 қорытынды, жоспардан тыс бақылау тексерістерінің нәтижесі бойынша 6 акт ұсынылды. Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің қамтамасыз етілмегені үшін 2 880 750 теңге сомасына 6 әкімшілік айыппұл салынды. Жалпы, нысанның мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімсіздігі фактісі туралы барлық дәлелдерді ұсына отырып, департаментке Көкшетау қаласы, Пушкин көшесі, 23 үй, 2-қабат мекенжайы бойынша өтініш жазуға болатындығын еске салғым келеді. Арыз түскен жағдайда заңнамаға сәйкес тексеріс жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданатын болады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік, қоғамдық институттардың даму тенденциясы күшейіп, жетіле, қалыптаса түскен мемлекеттік саясаттың арқасында әлеуметтік қорғау саласындағы инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз етуге күш салудамыз. Жалпы, халықтың әлеуметтік қорғалуын қолдау мен нығайту үшін Үкімет тарапынан бірқатар шаралар қабылданып, ол Қазақстан Республикасының әрбір аймағында жүзеге асырылуда. Аталған бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғастырыла береді.

Әсемгүл ӘУБӘКІРОВА,
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің
Ақмола облысы  бойынша департаментінің бөлім басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар