Адал еңбектің үшпаққа шығаратыны рас. Жаны сүйіп істеген жұмысынан ләззат алатыны да бар. Ұжымда да құрметке ие. Ең бастысы, өзі тәрбиелеп өсірген жас толқын үкілі үмітін ақтап жүр. Алдына қойған мақсаты да осы еді.
Жұмыстан кеш қайтқан. Көз байланып, жұлдыз жамыраған уақыт. Бурабай аспаны қара барқыттың үстіне бір уыс жарқыраған моншақ шашып жібергендей сәулесімен көңіл арбап тұр. Жаңа туған ай Оқжетпестің оң жақ иығына ілініп қалыпты. Құндызбек Нұқышевке жер-әлемдегі ең әдемі аспан осы Бурабайдың аспаны тәрізді болып көрінеді. Өзі туған қарт Семейдің, Алашқа қадірлі Семейдің аспаны да әдемі еді. «Жұлдызым жоғары» деп күбірледі Құндызбек. Жұлдызының жоғары екені де рас. Жоғарыласа, білмекке құмар талпынысынан, ерінбей еткен еңбегінен. «RG Gold» серіктестігінің үймелеп-шаймалау участогының шебері Құндызбек Қажыбекұлы еңбек әліппесін қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1999-2005 жылдар аралығында кәтепті қара нардай еңбек етті. Еңбек еленбей қалмақ емес. Тындырымды жігіттің алдынан жұмыс үркіп отыратындығын басшылар да, үзеңгі қағыстырып бірге жүрген ұйымшыл ұжым да көрді. Әріптестерін ортақ іске жұмылдыра алады екен. Сөзбен ғана емес, өз ісімен, әрекетімен, жалығуды білмес жалынымен. Кейін бригадирлікке тағайындалған. Ортақ істі опырып, нәтижелі істеуінің арқасында Құндызбектің бригадасы күнделікті жоспарды тап-тұйнақтай етіп орындайтын болды.
Семейдегі кәсіптік-техникалық колледжден алған білімін жалғастырған. Өз мамандығына байланысты техникалық әдебиеттерді, әлемдегі жаңалықтарды қадағалап жүреді. Онсыз өсу жоқ. Жалғыз өзі ғана емес, өкшесін басқан өрендер де білсе, үйренсе деген тілек бар. Жастарға бар білгенін үйретуден жалыққан жері жоқ. Егер олардың бойында құмарлық оты лаулап тұрса, жаратқан иенің жарылқағаны дей беріңіз. Жетегіне ерген жанды қос қолтығынан демеп, алға ұмтылдыруға құмар. Осындай ыждаһаттылығының арқасында Қуаныш Рақымбаев, Хамза Едіге, Айдын Төлепбергенов тәрізді азаматтар ұйымшыл ұжымның, Құндызбек Қажыбекұлының тәлім-тәрбиесінен кейін ұясынан түлеп ұшқан темірқанат балапандай биікті аңсай ұшып, бригадир, шебер болып кетті емес пе?! Тәлімгер еңбегінің зая кетпегеніне қуанады. Қазақ жастары техникалық мамандықты меңгеріп, қаулап өсіп, жетілсе, жақсы емес пе?
–Қазақ баласының маңдайына мал бағуды ғана жазып қойған жоқ шығар, – дейді Құндызбек Қажыбекұлы, – жатпай-тұрмай өркениет өріне шығаратын кез-келген кәсіпті қапысыз меңгерсе, кәнеки. Біздің жастардың қабілеті әбден жетеді. Көзімізбен көріп жүрміз. Бір айтқаныңды қағып алатын қабілетті, қай іске болсын икемді жастарды көргенде көңілім бүрлеп қалады.
Бурабайдың баурайы қазынаға тұнып тұр. Үсті де, асты да. Ел игілігіне жарату үшін еңбек ете білу керек. Біздің кейіпкеріміз дәл осылай пайымдайды. Алтын өндіретін «RG Gold» серіктестігінің осы учаскесінде жұмыс қауырт, қайнап жатады. Тау жынысынан құрамында алтыны бар кенді айырып алу да оңай-оспақ шаруа емес. Жарықтық алтын ат басындай болып кезікпейді ғой. Қазақы ұғыммен айтқанда, бір мая шөптің ішінен жазатайым жоғалған жалғыз инені іздегендей қияпат еңбек. Бұл тұста жұмысшының бойындағы жалығуды білмес еңбекқорлық қана емес, білім мен білік те талап етіледі. Сондықтан ғой, сан қилы ғылыми еңбектерді оқып, білімін жетілдіретіні. Асылында Құндызбек Қажыбекұлы Қазақстанда алтын кенін үймелеп-шаймалау әдісін енгізген санаулы шебердің бірі. Жалғыз осы серіктестікте ғана емес, алтын өндіретін өзге кеніштерде де осы әдістің қолданылуына септігін тигізген. Шетелдік мамандардың озық тәжірибесін ілкімді игере отырып, білім мен еңбекті ұштастыра дамытуда. Осы компанияда 2015 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Бір жақсысы, жоғары кәсіби дағдыларға ие және өз білімін үнемі жетілдіріп отырады. Еңбегі лайықты бағаланып, марапаттарға ие болды. Үздік тәлімгер атанды. Іс-тәжірибесін байыптап, таразы басына тартқан байқауларда топ жарды.
Тәлімгер де құтты бағбан іспетті. Мәселен, бағбан қара жердің төсіне көшет ексе, қашан соның жапырақ жайып, жеміс бергенін ет жүрегі елжіреп тосады емес пе? Өзі тәрбиелеген жастардың қаулап өсіп келе жатқанын көріп, көңілі марқаяды. Демек, жалынды жастардың тәрбиесінен жан аямас жігерлі жан еңбегінің жемісін көріп отыр деген сөз.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бурабай ауданы.