10 қарашада Түркияда Түрік Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің қайтыс болғанына 85 жыл толуына арналған шаралар өтуде, деп хабарлайды Каzinform агенттігінің тілшісі.
1938 жылы дәл осы күні Түркия өзінің қаһарманынан айырылған. Түрік Республикасының бірінші президенті және негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік өз резиденциясында қайтыс болды.
Содан бері жыл сайын 10 қарашада Ататүрік қайтыс болған сәтте, таңғы сағат 9:50-де бүкіл елде үнсіздік минуты жарияланады. Осы уақытта жолдармен жүріп келе жатқан жеңіл көліктер, автобустар, пойыздар тоқтайды. Жергілікті тұрғындар теңіздегі кемелер де қозғалысын тоқтатып, ұшақтар ұшуын бір минут кейінге шегеретінін айтады.
Ататүрік – қазіргі түрік мемлекетінің негізін қалаушы ғана емес, сонымен бірге ХХ ғасырдағы көрнекті халықаралық саяси қайраткер. Түркияның халық көсемі тұсындағы басты жетістіктер елдің егемендігін алып, еуропаландыруға бағытталған бірқатар маңызды реформалардың жүргізілуі болды.
Ол латын әліпбиін енгізіп, мұсылмандық мектептерді таратып, әйелдер құқығы үшін күресті. Елді 1923-1938 жылдар басқару кезеңінде Мұстафа Кемал Ататүрік өз міндеттерінен айнымай, түрік қоғамының әлеуметтік, мәдени, экономикалық және саяси құрылымдарына орасан зор өзгерістер әкелді.
Түркия Республикасының негізін қалаушы Гази Мұстафа Кемал Ататүріктің Анкарадағы “Анытбакыр” кесенесінде ұлы мемлекет қайраткерінің қайтыс болғанына 85 жыл толуына арналған ресми шара өтті.
Рәсім сағат 08:50-де Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған бастаған жоғары лауазымды тұлғалардың Ататүрік кесенесіне апаратын “Асланлы Йол” (Арыстан жолы) аллеясы бойымен салтанатты түрде өтуінен басталды.
Ердоған Мұстафа Кемал Ататүріктің қорымына қызыл және ақ қалампыр күлдерін қойды.
Сағат 09.05-те – Ататүрік қайтыс болған уақытта – жиналғандар Түрік Республикасының негізін қалаушыны түлғаны бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін елдің әнұраны шырқалды.
Салтанатты шара соңында Ататүрік кесенесі келушілерге есігін ашты.
Осы күндері ойын-сауық орталықтары, көңіл көтеретін орындар жабылып, мемлекеттік Тулар төмен түсіріледі.
Түрік Республикасының негізін қалаушыға құрмет пен Түрік Республикасының негізін қалаушының рухына құрмет ретінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде де еліміздің тулары төмен түсірілді.