Балаларға жасалған қатыгездік – болашаққа жасалған қатыгездік

Биыл облыста балаларға қатысты 10 қатыгездік дәйегі тіркеліпті. Бұл жөнінде «Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» ақпараттық науқанына байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова мәлімдеді.

Елімізде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясын ратификациялау аясында ағымдағы жылғы 8-20 қараша аралығында «Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» республикалық ақпараттық науқаны өткізілуде. Бұл іс-шараның мақсаты – соңғы уақытта қоғамда жиі орын алатын балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік проблемасын, оның салдарын, сондай-ақ, осы тұрғыдағы халықаралық заңнаманың негіздерін халыққа хабарлап, түсіндіру. Аталмыш науқанда өңірлерде баспасөз конференциялары, семинарлар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен сараптамалық кездесулер, рейдтік іс-шаралар, мектептерде сынып сағаттары өткізіледі. Науқанға ата-аналар, балалар, жастар, мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған балалар мен жасөспірімдерге, қиын отбасыларға қолдау көрсетумен айналысатын қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарқатысады.

– Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде биыл балаларға қатысты 10 қатыгездік оқиғасы тіркелді. Оның 7-еуі облыс орталығында, қалған үшеуі Зеренді, Аршалы, Целиноград аудандарында орын алды. Облыстың білім басқармасы балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін жою мақсатында білім беру ұйымдарымен, ата-аналар қауымымен, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиямен, үкіметтік емес ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Жоғарыда аталған әр дерек бойынша мүдделі органдар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылды. Былтыр облыста бала құқықтары бойынша өңірлік уәкіл бекітілді. Ол лауазымға «Шанс» кәмелетке толмаған балаларды әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау орталығының басшысы Әсем Асайынова тағайындалды, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.

Облыста балаларға зорлық-зомбылық көрсетілгені туралы факті белгілі болған жағдайда өкілетті органдарға міндетті түрде хабарлау жүйесі – «Балалардың зорлық-зомбылық фактілеріне жедел әрекет ету алгоритмі» әзірленіпті. Сонымен бірге, биыл балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысты одан әрі нығайту және оларға көмек көрсету үшін басқарманың әдістемелік орталығы жанынан өңірдің 487 мектебі мен 30 колледжінің психологиялық қызмет бөлімдеріне жетекшілік ететін арнайы қызмет құрылыпты. Бұл психологиялық қызмет бөлімдерінің құрамына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психолог және әлеуметтік педагог кіреді.

– Қазіргі уақытта облыстың білім беру ұйымдарында 520 педагог-психолог және 323 әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Осы оқу жылы енгізілген бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында облыстың 320 мектебінде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды. Орталық балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы бойынша жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту бағытында ұйымдастырылған, – деді Ботагөз Балапайқызы.

Сонымен бірге, білім мекемелерінде балалардың құқықтары мен мүдделерін сақтау бойынша жедел хабарласуғаболатын QR-коды бар «Bala Qorgau» тақтайшалары орналастырылған. Аудандар мен қалалардың білім бөлімдеріндесенім телефондары бар. Облыстық білім басқармасы жанында 90-31-52 нөмірлі сенім телефоны мен 72-29-03 колл-орталығы жұмыс істейді. Биыл сенім телефоны мен колл-орталыққа 128 адам жүгініп, әр арыз-шағым бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, құқықтық көмек көрсетілген. Сондай-ақ, ағымдағы жылғы 16 қазаннан бастап «111 – AMANAT» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы өз жұмысын бастапты. Сөз соңында басқарма өкілі жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық пен буллинг фактілерін анықтауға және ондайдың жолын кесуге ерекше назар аударылатындығын, бұл мәселе білім басқармасының тұрақты бақылауында екендігін атап өтті.

Балаларға қатысты қатыгездік тақырыбына арналған бұл брифингте облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айнагүл Қуандықова да баяндама жасады.

– Бүгінде ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған 366 кәмелетке толмаған балаларға толық бақылау жүргізіледі. «Педофил» санатында есепте тұрған 99 адам ерекше бақылауда. Олардың 38-і бостандықта, 56-сы қамауда, 4-еуі психиатриялық мекемеде, 1-еуі уақытша ұстау изоляторында, – дей келе Айнагүл Асылбекқызы өмірдің қиын жағдайындағы және қолайсыз отбасыларда өмір сүріп жатқан балалардың статистикасы мен сол отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыстар, жасөспірімдердің түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруі, кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын ұсақ бұзақылықтар және ішкі істер органдарының өкілдері тарапынан білім ордаларында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

Полиция өкілінің айтуынша, биылғы 10 айда кәмелетке толмағандар жасайтын заң бұзушылықтары алдыңғы жылмен салыстырғанда 29 пайызға азайған, десе де жаңадан 48 факті анықталған. Сонымен бірге, балаларға қатысты жыныстық қолсұғушылық, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің қатынасқа түсуі, зорлық, кішкентай бүлдіршіндерді зорлау фактілері азайса да, әлі де тыйылар емес.

Бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан мектептердегі бейнебақылау камералары мен жедел басқару орталығына қосылған дабыл түймелерінің жұмысы, білім ордаларына кіре берісте отыратын күзет қызметкерлерінің егде тартып қалған азаматтардан екендігі  туралы сауалдар қойылды. Осы ретте, облыстық полиция департаментінің қызметкерлеріне мектептердегі дабыл түймелерін тексеріп, жедел қимыл жасайтын топтардың қанша уақытта жететіндігі, әрі дабыл тетіктерінің іске қосылған-қосылмағандығы жөнінде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып тұрғандары жөн деп ойлаймын. Құдай бетін аулақ қылсын, дегенмен, қандай да бір шұғыл жағдай болса, кей мектептерде бұл дабыл түймелері істемейтін болып шығуы әбден мүмкін. Мәселен, облыс орталығындағы №1 мектеп-гимназиясына аймақ басшысы осы оқу жылының басында белгілі бір жағдайға байланысты айтпай барып, мектепке емін-еркін кіргені, аталмыш дабыл түймелерін тексергенде, олардың істемегені немесе жедел әрекет ету қызметін 45 минуттан соң әрең дегенде шақыртып алғаны осыған нақты дәлел емес пе?!. Сондықтан, білім ордаларына ата-аналарды, бөгде біреулерді кіре берісте кіргізбегенмен, балаларды турникеттерден өткізгенмен, қауіпсіздік тетіктері жұмыс істемесе, шұғыл оқиға бола қалса, жағдай ауырға соғуы ықтимал. Демек, полиция қызметкерлерінің белгілі бір науқандық іс-шараларда ғана емес, екі-үш айда бір рет болсын, қауіпсіздік тетіктерінің жұмысына рейдтік шаралар өткізіп тұрғандары абзал деген ойдамыз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Рамиль  ДОСУМОВ.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар