Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тұрғындар өмірінің жайлы болуы – басты мақсат - АРҚА АЖАРЫ

Тұрғындар өмірінің жайлы болуы – басты мақсат

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Жарқайың ауданы мен Қосшы қалаларында болып, өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйімен танысты.  

Аймақ басшысы Марат Мұратұлы Жарқайың ауданындағы жұмыс сапарын Пятигорск ауылындағы «Мадияр.К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. Серіктестік балансындағы екі қабатты әкімшілік ғимаратында бүгінде ауыл әкімдігі мен учаскелік полиция бекеті орналасыпты. Серіктестік директоры Қасым Қожабеков алдағы уақытта ғимаратты ауылда дәрігерлік амбулатория ашу үшін Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының коммуналдық меншігіне беруді жоспарлап отыр екен.

–Ауылға басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар қажет. Біз ауыл тұрғындары дәрігерлік амбулаторияға бөлінген қаржыға балабақша салып берсе деп ойлаймыз. Бұл жас отбасылардың ауылда жұмыс істеп, өсіп-өнулеріне мүмкіндік берер еді, –дейді кәсіпкер.

Сонымен бірге, өңір басшысы аудан орталығы Державинск қаласындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту жұмыстарымен және жолдардың жөнделу барысымен  танысты. Мердігерлік ұйым – «Қарағанды жолдары» ЖШС  облыстық маңызы бар Жақсы-Державинск автожолының 40 шақырымын жөндемекші.

Аудан орталығында тұрғын үй құрылысы да жалғасуда. «ГрадСтройСервис» серіктестігі 27 пәтерлі үйдің жөндеу жұмыстарын аяқтауға жақын қалыпты. Бүгінде онда сумен жабдықтау мен кәріз жүйелерін тарту бойынша жұмыс аяқталып, ішкі және қасбеттік жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы аудандық ауруханаға да ат басын бұрды. Кейін аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, аудан басшылығына бірқатар тапсырмалар берді. Кездесуде аудан әкімі Жанболат Хамитов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті туралы баяндады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Марат Ахметжанов аудан басшылығының алдына бірқатар міндеттер қойды. Нақты айтқанда, халықтың күнделікті қажеттіліктерін ескере отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін орындау және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жандандыруды, аудан тұрғындарын уақтылы көмірмен және ауыз сумен қамтамасыз етуді, бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар нысандар – білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

–Бүгінде мен үшін ең басты көрсеткіш – халықтың жайлы өмір сүруі. Сіздер келтіріп жатқан әрбір сандық көрсеткіштер өздеріңіз жасаған жұмыстардың шынайы көрінісі болуы тиіс, әрі халықтың өмір сүру  деңгейін жақсарту үшін оның қандай пайдасы бар екендігін ойлауымыз керек, –деп атап өтті облыс басшысы.

Кездесу соңы облыс әкімінің азаматтарды жеке қабылдауымен аяқталды.

***

Марат Ахметжанов Қосшы қаласында құрылысы басталғалы тұрған  жаңа қоғамдық орталықтың алғашқы кірпішін қалады. Бұйырса, 2025 жылдың наурызында орталық іске қосылып, қосшылықтар балаларын спорт секциялары мен музыка сыныптарына беріп, мәдени іс-шараларға қатысатын болады. Орталық құрылысы мен оның ішін құрал-жабдықтармен жабдықтау шығындарын Болат Өтемұратовтың қоры өз мойнына алыпты. Құрылысы аяқталған соң, орталық қаланың коммуналдық меншігіне өтеді.

Қосшы қаласының тұрғындарының саны күн санап өсіп келе жатқандықтан, ересектер мен балалардың бос уақытын қамтамасыз ету үшін мұндай қоғамдық орталық қажет-ақ. Бүгінгі таңда қалада 80 мыңға жуық адам тұрады, әрі бұл көрсеткіш Қосшы қаласының өзі Астанаға іргелес жатқандықтан әлі де өсе түседі.

–Бүгінде Қосшыны заманауи дамыған қалаға айналдыру – біздің басым міндетіміз. Біздің инвесторлар салып бергелі отырған қоғамдық мәдени-спорттық орталық Қосшы тұрғындары үшін тартымды орынға айналады деп сенемін. Бүгінде қалада мәдени және демалыс ұйымдары жоқ. Бұл жобаның ерекшелігі сонда, әртүрлі буын өкілдері өздерінің бос уақыттарын өткізуге, демалуға келетін болады. Мен Болат Өтемұратовтың қорына Ақмола облысының тұрғындарына қамқорлық жасап жатқаны үшін алғысымды білдіремін, – деді Марат Ахметжанов құрылыс іргетасының алғашқы кірпішін қалап жатып.

Қосшыда салынғалы жатқан бұл қоғамдық орталық Қазақстандағы алғашқы осындай көпфункционалды кешен болмақ. Нысан негізгі үш бағыт – білім беру, мәдени және спорттық  салаларды қамтиды. Мұнда жоба бойынша робототехника, бейнелеу, тігін және керамика студиялары, шахмат, информатика және математика сабақтары, балаларға арналған егіншілік сабақтары бар қысқы бақ, мектепке дейінгі білім беру орталықтары болады деп жоспарлануда. Нысанның мәдени блогында ұлттық және классикалық музыкалық аспаптарда ойнауды үйрететін үйірмелер, кітапхана, көрме және дәріс залдары орналастырылмақшы. Спортсүйер қауымға  футбол, волейбол және баскетболмен айналысуға арналған әмбебап зал, хореографиялық зал және далада спорт алаңы қарастырылған. Сонымен қатар, орталық аумағында кинотеатр, террасаға шығатын асхана және коворкинг-аймақтар болады.

– Қордың басты міндеті – инновациялық жобалар негізінде қазақстандықтардың өмір сүру жағдайын жақсарту. Бұл орталық қала тұрғындарының жасына қарамастан, бос уақыттарын тиімді өткізе алатын Қосшыдағы ең тартымды орынға айналады. Біз орталықты жобалау кезінде қала тұрғындарының қажеттіліктері мен әлемдік үздік тәжірибелерді ескердік, – деп атап өтті «Верный капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов.

Сөз соңында айта кетсек, бұл қоғамдық орталық Болат Өтемұратов қорының Қосшы қаласына сыйға тартқан екінші әлеуметтік нысаны. Бұған дейін қор «Жайлы мектеп» жобасының стандарттары бойынша 1500 орындық жалпы білім беретін мектеп салып берген болатын.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Наталья ЯКОВЛЕВА.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар