Жастайынан дала сырын ұққан

Жерге деген сүйіспеншілік, өз Отанына деген адалдық сияқты қасиеттер әрқашан  қазақ халқының қанында бар. Қазақстан жерінде фермердің жұмысы бертін қалыптасса, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін адамдар ертеден бірдей құрметке ие болды. Олар бүгінгі күнге дейін елдің асыраушылары деп аталатыны бекер емес.   

Себебі, олардың еңбегінің жемісін күн сайын әр адам пайдаланады. Ауыл шаруашылығы өндірісі Отанымыздың әл-ауқаты мен өркендеуі үшін үлкен маңызға ие. Ауыл еңбегі тек қызмет түрі ғана емес, бұл күш-жігер мен ынтаны  қажет ететін өмір салты іспеттес. Заман өзгергеніне қарамастан, ауыл шаруашылығындағы жұмыстың маңыздылығы артуда. Бүгінде бұл сала Қазақстан экономикасының ең тиімді әрі маңызды бөлігі. Ондағы қызметкерлер демалыс және мереке күндерін білмей, таңертеңнен кешке дейін  жұмыс істейді.

Ұлтымызда «Су – ырыстың көзі, еңбек – кірістің көзі» деп бекер айтылмаған.  Адал еңбекке байланысты халқымызда айтылған нақыл сөздер аз емес, олардың барлығы да өз ісіне деген сүйіспеншілікке, жауапкершілікке шақырады. Биылғы жылы туындап жатқан қиындықтарға қарамастан, отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері игілікті істерден тайынбауда. Олар технологияларды өзгертіп, егіс алқабын әртараптандырып, паркін жаңартып, ішкі нарықты қанықтыра отырып, Қазақстанды нан, жарма, ет, көкөніс, жеміс-жидек және басқа да азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мерекесіне орай, Атбасар қаласында туған  Оразалы Орманбековты атап өткен  жөн.  Біздің кейіпкеріміз еңбекке он жеті жасынан араласқан. Мектепті Шуйскіде тәмамдап, ауылдағы шаруашылыққа қатардағы жұмысшы болып кіреді. Жасы 18-ге толып, әскери борышын өтеу алдында денсаулығын тексерген әскери комиссариат Оразалыны Қарулы Күштер қатарына шақырады. Әскери қызметін Балқаштың маңында атқарып, елге қайтып келгеннен соң өзі еңбек жолын бастаған шаруашылыққа қайта келеді. Құрылыста біршама жыл істеп, шаруашылыққа керекті жұмыстар атқарды. Ал, 1992 жылдан механизаторлық курсты бітіріп, дән сеуіп егін жинауға кірісті.

Бұл кездері еліміздің ауыл шаруашылығы құрылымдары қиын болса да, өз парктерін еңбек тиімділігі жоғары  трактор, комбайндармен толықтыруға бет бұрған шақ. «Кейс» кешенімен көктемде дән септі. Шаруашылық ірі қара малмен айналысқандықтан, жаз айларында жемшөп дайындау науқаны қызып жатады. Оразалы әріптестерімен бірге «МТЗ 952» тракторымен шөп шауып, пішендікті мал азығына толтырады. Ал, қоңыр күзде «Холланд» маркалы комбайнымен егінді жинап, бастырады. Биылғы жылы ауа райы бітік егін жинауға мүмкіндік бермеді.  Дегенмен, науқанды ойдағыдай аяқтады.

Бүгінде Оразалы бес баланың әкесі. Жұбайы Перизат екеуі оларға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, еліміздің адал азаматтары қатарынан көруді армандайды. Перизат  та жұмыс істейді, ауылдағы сауда орнында тазалық жұмысшысы. Ол жұмыста болған кезде Оразалының жасы 85-ке жеткен Шұға анасы балаларға бас-көз болады. Ауыл адамдары болғасын қорада сиыр, қой, жылқы, тауықсыз болмайды. Оларға да уақытылы дұрыс күтім жасау  керек. Шаруашылық арзан бағамен жемшөппен қамтып отыр. Сүт, сары май, қаймақ, ет, жұмыртқа, көкөніс өздерінікі болғандықтан, балалары дүкендегі шетелдік сырты жылтыраған тағамдарға онша әуес емес.

Оразалы сынды азаматтар немқұрайлылықты ұнатпайды және әр егін жинау маусымына мұқият дайындалады. Оның және әріптестерінің еселі еңбегінің арқасында еліміздің қамбалары алтын астыққа толып, дастарханымыздан иісі бұрқыраған нан, бауырсақ ешбір үзілмейді. Шаруашылық басшылары да оның  адал еңбегіне дән риза.  Барлық жиын-басқосуларда үнемі  сый-сияпаттарын жасап отырады. «Барша игіліктің негізі – еңбек» демекші, тағдырдың өзі Оразалы ағамызды жермен, техникамен байланыстырса керек. Оның жұмыс тарихында таң атқаннан ерте тұру және түнгі ауысымда жұмыс істеу сынды  қиын сәттер көп болды. Дегенмен, ол мұның бәрі керек екенін түсінеді.  Өйткені, бұл оның  нағыз сүйікті ісі және өмірлік ұстанымы.

Қорытындылай келе, осындай ауыл еңбеккерлерін өздерінің шағын Отанының, яғни, ауылдарының нағыз  патриоттары десе артық болмас.  Бүгінде ауылдық жерлердің ғана емес, үлкен қалалардың да берекелі өмір сүруі осы кісілерге байланысты.  Осыған орай, біз де Оразалы ағамыз сияқты нағыз ауыл еңбеккерлеріне шын жүректен қуанып, алда да еңбектеріңіз жансын дейміз.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар