«Құлагер» жас домбырашыларды даярлайды

Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында жұмыс істейтін «Құлагер» үйірмесіне келіп жүрген балалар қазақтың киелі аспабы домбыраны нотамен емес, музыкалық қабілетіне қарай меңгереді.

Үйірме жетекшісі Гүлфруза Абжанованың бұл тәсілді қолданып келе жатқанына 20 жылдың жүзі болды. Бастапқыда бұрынғы облыстық балалар шығармашылығы орталығында «Үкілі домбыра» үйірмесін ашып, осы аспапты меңгергісі келген  балалардың алғашқы легін қабылдаған болатын. Бастапқыда үйірмеге 9 бен 16 жас аралығындағы он бала жазылды. Олардың жас шамасы әр түрлі еді. Оқытушының басты мақсаты – нота үйретумен балалардың басын қатырмай, музыкалық қабілетіне қарай домбыраны  меңгерту  болды. Бұл аспап үйренудің өте жеңіл тәсілі. Оның қаншалықты тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеді. «Баланы қасыңа отырғызып қойып, алдымен қағысты үйретесің.  Қолын жаттықтырып алғаннан кейін, күйді өзің орындап көрсетіп алып, содан кейін тыңдалым арқылы шығарманы үйрете бастайсың. Аспаптың қағысын меңгерген бала, есте сақтау және музыкалық қабілетіне қарай, күйді де орындауға машықтанады», – дейді Гүлфруза Асылбекқызы.

Алдымен шәкіртке  күйдің шығу тарихы баяндалады және негізгі айтар ойы түсіндіріледі. Әр шәкірт өзінің орындап отырған күйінің мәні мен мазмұнын білуі тиіс. Сонда ғана ол шығарманы түсініп орындайды. Бала өзінің қабілет-қарымына байланысты домбыра аспабын меңгереді және күйді өз деңгейінде орындауға үйренеді. Оған аз немесе көп уақыт кетуі мүмкін. Мұның бәрі оқытушының шыдамдылығы мен оқушының табандылығына байланысты. Екеуі үйлесім тапқан кезде ғана іс оңға басады дейді тәжірибелі ұстаз.

Бұрынғы балалар шығармашылығы орталығы «Болашақ» сарайына көшірілген кезде «Үкілі домбыра» үйірмесінің атауы өзгертіліп, «Құлагер» атанды. Осы атаумен домбырашылар ансамблі дүниеге келді. Ондағы мақсат – күмбірлеген күміс күйді үйренуші шәкірттердің атақты Ақан серінің шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрігіндей озық болуын ырымдауы еді. Ұстаз бұл жерде де жаңылыспапты. Алдына келген шәкірттерінің қатары 40-тан асып, бүгінгі күні Көкшетау қаласындағы барлық дерлік мәдени-көпшілік өнер кештерінің көрігін қыздырып, тыңдарман көзайымына айналып үлгерді.

Жүлдеден де құр алақан емес. Талай додаларда топ жарып, ұстазының мерейін үстем етіп келеді. «Құлагер» жас домбырашылар ансамблінің тәрбиеленушілері «Шабыт әлемі – 2021» республикалық таланттар байқауының «Аспаптық жанр» номинациясының жеңімпаздары атанып, Гран-При жүлдесіне қол жеткізгені күні кеше ғана. Сол өнер додасында ансамбль мүшесі Совет Сағыныш 1-ші орынға ие болса, Ильяс Искуженов Елордада өткен 2-ші халықаралық түрлі жанрлық байқауда «Olimpia» бірінші дәрежелі лауреаты атанды. Алматы қаласындағы «Күншуақ» республикалық фестиваль-байқауында «Аспаптық музыка – домбыра» номинациясы бойынша Әлия Жиеналина 3-ші орынды еншіледі. Сондай-ақ, «Құлагер» домбырашылар ансамблі «Жылдың шығармашылық ансамблі» номинациясында «Jas Aqmola – 2021» дәстүрлі облыстық жастар жүлдесіне ие болып, 250 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. «Шабыт» өнер студиясы ұйымдастырған 2-ші республикалық «Spring inspiration – 2022» атты өнер байқауында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, «Аспапта орындау» номинациясы бойынша Гран-При иегері атанды. «Құлагер» жас домбырашылар ансамблінің жетекшісі Гүлфруза Абжанова кәсіби шеберлігімен балалардың таланттарын шыңдап, олардың дамуына ат салысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Бүгінгі күні «Құлагердің» құрамындағы жас таланттар Құрманғазының, Динаның, Нұрғисаның күйлерін нақышына келтіре орындайды. Өнерлі балаларға «Болашақ» сарайында барлық жағдайлар жасалған. Домбыра аспабымен толық қамтылып, қажетті сахналық костюмдері де тіктірілген. Үйірме жетекшісі Гүлфруза Асылбекқызы өз шәкірттеріне Бауыржан Ақтайдың «Алаш аманаты» күйін үйретіп, Қазақ елінің азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен арыстарының рухымен балаларды рухтандырады. Тәжірибелі ұстаздың алға қойған мақсаты үлкен. Ол әр шәкіртінің жүрегіне күмбірлеген күйдің құдіреті арқылы халқымыздың өршіл үнін, асқақарман-мақсаты мен тілегін жеткізгісі келеді. Бұл жолда ұстаз қажырлылықпен өз жұмысын жалғастыра бермек.

Талант ТАҢАТАР.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар