Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көктайғақ. Басшы жүрсе көпті ойлап... - АРҚА АЖАРЫ

Көктайғақ. Басшы жүрсе көпті ойлап…

Қараша туғалы жаңбырдан көз ашылмады. Кібіртіктеп қар жауғанымен, іле еріп, кеш түсе қатып, түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болып жатыр.

Ауа райы күрт өзгерген. Бұл уақытта аяз күшіне мінбегенімен, сіресіп, сықырлаған ақ қар жатар еді. Қала да, дала да құрғақ. Енді міне, жаз бойы жаумаған жауын елдің берекесін алып тұр. Адам жанын түршіктірер жол апатына байланысты күрт оқиға көбейген. Көлік түгілі жаяу адамға қарға адым жер мұң болған. Абайсызда жол жиегіне құлап, мертіккендердің саны күн сайын көбейіп келеді. Қаладағы коммуналдық кәсіпорындар жаяу жүргіншілер жолына, көлік көп жүретін бұрылыстарға инертті материалдар төккенімен, мардымсыз.

–Орталық көшелерге ғана құм себіліп жатыр, – дейді қала тұрғыны Тілеужан Түлкібаев, – шеткі көшелер назардан тыс қалуда. Көлік жүретін, жаяу жүргіншілердің жолы да сірескен көк мұз.

Келеңсіз жайды көз көріп жүр. Соңғы тәуліктерде облыстық аурухананың қабылдау бөлмесіне барып көмек сұраған адамдардың саны жүзден асып кеткен. Алпыстан астам адам түрлі жарақат алыпты. Әсіресе, егде адамдар мен мектепке баратын балаларға қиын болып тұр. Өзгесін былай қойғанда, білім ошақтарының алдындағы көсенің иегіндей жалтыраған көк мұз қауіп төндіруде.

Күні кеше әлдебір шаруаның ыңғайымен шеткі көшенің бірінде оқыс оқиғаға тап болдық. Жол жиегімен тәлтіректеп келе жатқан елудің үстіндегі бір азамат шалқасынан түсті. Шақпа тасқа қарақұсымен құлады. Кілт тоқтағанымызбен, қысқы доңғалақтың өзі көк мұзда тайғанап, көлденеңдей тоқтадық. Әлгі пақырға көмектессек деген ниетпен. Іле халық жиналып қалды. Жедел жәрдем шақырып жатыр. Бейнет аяқ астында деген осы. Егер уақытылы жол тазаланып, табан астына инертті материалдар төселіп, жағдай жасалса, мүгедектер саны көбеймес еді.

Көпке дейін әлгі көрініс көз алдымнан кетпей қойғаны. Сақтансаң сау қалатының белгілі, әйтсе де, халыққа да жанашырлық жасап, оның өз-өзін сақтауына көмектесу керек қой…

Б.ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар