БҰҰ Бас ассамблеясының бастамасымен 1985 жылдан бастап 5 желтоқсанда волонтерлердің халықаралық күні атап өтіледі.
«Бүгін – Халықаралық волонтер күні. Біз өзгеге қол ұшын беретін жандарды әрдайым құрметтейміз. Еріктілер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. «Адал азамат» тұжырымдамасының тірегі – осы мызғымас құндылықтар» — деп Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын.
Шынын да ерікті болу – ерлік. Мұқтаж жандарға қол ұшын тигізіп, жәрдемдесу әрбіреудің ісінен байқалмайтын ерекше қасиет.
Осыған орай, Халықаралық волонтерлер күні аясында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ ұйымдастыруымен аталмыш еріктілермен кездесу өтті.
Аталған шараға Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары С.М.Кенжебаев, жастар ұйымдарының басшылары мен көшбасшылары және волонтерлік ұйымдардың өкілдерінен құралған 50-ден астам қатысушылар қатысты. Волонтерлер өздерінің жыл бойы жасаған жұмыстары жайлы баяндамаларын оқып, келер жылға жоспарларын бекітті.
«Ақмола облысының волонтерлері биыл орасан зор жетістіктерге жетіп биік белестерді бағындырды. Айта кетсек қазіргі таңда, облысымызда волонтерлік қызметте 3,600-ден астам волонтер 89 волонтерлік ұйымда белсенді жұмыс атқаруда. Волонтерлер өз қызметтерін аталмыш 9 бағыт, атап айтсақ, «Bilim», «Sabaqtastyq», «Asylmura», «Qamqor», «TazaÁlem», «Umit», «Saýlyq», «Күміс волонтерлік» және «Корпоративтік волонтерлік» бойынша жүзеге асырып жатыр. Күміс, авто және зоо волонтерлік сияқты бағыттары да қарқынды дамуда.
Аталмыш бағыттар бойынша Ақмола облысында 3696 волонтердің қатысуымен 1282 іс-шара жүзеге асырылды. Волонтерлердің бастамасымен облысымызда мұқтаж жандарға 21 120 000 теңгені құрайтын қаражат жиналды. Облыс волонтерлері 807 отбасыға азық-түлік жиынтығы және демеушілік көмек түрінде көмек көрсетті. «Доброе сердце Lider.kz», «Lider.kz», «Феникс», «Қазақстан студенттері Альянсы» Ақмола облыстық филиалы және «Қызыл ай» қоғамдық бірлестігі өз жобалары бойынша жоғары деңгейде жұмыс атқарды» — дейді өз сөзінде облыстық «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің маманы Дидар Хамзин.
Шара барысында Сабырхан Мейірханұлы, атаулы күнмен барлық волонтерлерді құттықтап, белсенділерін Ақмола облысы әкімі М.М Ахметжанов, Ішкі саясат басқармасының басшысы А.А. Алиннің және «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ атқарушы директоры Т.А. Миранюктың атынан алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапаттады.
Сондай-ақ, атаулы күн шеңберінде өткізілген байқаудың нәтижесі бойынша комиссияның шешімімен «Доброе сердце Lider.KZ» ҚБ басшысы Катухова Ирина Владимировна – «Жыл волонтері — 2023», «Феникс» ВО мүшесі Жағупар Даниал Қуанышбекұлы – «Жас волонтер — 2023» және Атбасар қаласының «Лутошкиндер отбасы» бастамашыл тобының мүшесі Лутошкина Марина Васильевна – «Кәсіби волонтер — 2023» номинацияларының жеңімпаздары болып анықталды. Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Кеш соңында қатысушыларға арнап, арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.