Биылғы жылы 11 қазанда Елордада дүние жүзінен жиналған қазақтар «Отандастар» форумында бас қосты. Осымен екінші рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға қырыққа жуық мемлекеттен 200-ден аса қандас жиналды.
«Бұл халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Ата-бабамыз қашанда елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда, шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен бірге талқылаудың маңызы зор. Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан, біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз. Олардың Атажұртқа қоныс аударуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Басқа да маңызды жұмыстар атқарылуда. Қандастармен қарым-қатынасты дамыта түсуге бағытталған осындай шаралар жалғаса береді», – деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды «Отандастар» форумының ашылуымен құттықтап, аталған басқосуда алыстағы ағайынмен байланысты нығайтуға септігін тигізетін салиқалы ой, салмақты пікірлер айтылатынына сенім білдірді.
Рухани байланысты нығайтудың нық қадамы болған жиынға алыстан ат терлетіп, асыға жеткендердің арасында шетелдегі қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының басшылары мен жанашырлары және саясат, ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа сынды салалардың көрнекті өкілдері мен қайраткерлері бар.
Мемлекет басшысы еліміздің рухани астанасы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда да «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда» деп атап өткен еді. Осы орайда, Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КЕАҚ), шетел қазақтарының кезекті басқосуына ұйытқы болды. Жаңа форматтағы жиын ел Президентінің құттықтау сөзімен басталды. Жан-жақтан «Атажұрт» деп жиналған ағайынға арналған ақ тілекті Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.
– «Отандастар қоры» кейінгі екі жылда Германия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолиядағы қандастарымызбен келелі жүздесулер өткізіп, іргелі мәселелерді талқылауға түрткі болды. Бұл жиын, соның атажұрттағы жалғасы деуге негіз бар. Басқосудың маңызы зор. Әлемнің төрт тарабын мекендеп, ұлттық болмыс пен қазақы қалпын сақтап қана қоймай, терең білімі мен бірегей дарынымен биік белестерді бағындырып, еліміздің атын шығарып жүрген қандастарымыз қандай да болсын құрметке лайық. Әлемнің түкпір-түкпірінен елге түпкілікті оралып, еңбегімен елеулі болып жүрген қандастарымыздың қатары көп. Сондай-ақ, бұған дейін тарихи Отанына оралған отандастарымыздың бірқатары да осы жиынға қатысып отыр. Бұл да қуантарлық жағдай. Бұны қазақ халқының кең пейіліне, байтақ еліміздің қазіргі дамуына тілеулестігі мен ыстық ықыласы деп білеміз, – деді форумда сөз сөйлеген «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы.
Форум аясында қандастардан бөлек, 100-ден аса отандасымыз бас қосты. Жиылғандарға «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» атты панельдік сессиялар ұйымдастырылды.Бейресми мәліметке сүйенсек, шетелде 10 миллионға жуық қандасымыз бар. Форумға осы қазақ диаспорасының үкілеген үмітін арқалап келгендердің бірі – Қытай Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қытай халық жазушысы, Қазақстанның құрметті жазушысы Әкбар Мәжит. Ол аудармашы ретінде 20 жыл бойы еңбектеніп, «Абай ғақлиялары» мен өлеңдерін 2020 жылы «Шыңжаң» әдебиет-көркемөнер баспасынан кітап етіп бастырған. Екі ел арасындағы әдеби байланыстарға тоқталған жазушы «Қытай мен Қазақстан арасындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени байланыстар күшейіп келеді. «Отандастар қоры» шетелдегі қандастарымыздың шығармаларын қазақ тілінде шығаруды қолға алғанын құптаймыз. Себебі, Қытайда белгілі де беделді, қаламының желі бар ақын-жазушылар жеткілікті» деді. Ал, Моңғолиядан келген Моңғолия Ұлттық ғылым академиясының академигі Бәкей Ағыпар мұндай форумдардың маңыздылығына, шетелдегі қазақ ұйымдарымен Қазақстан арасында өзара ынтымақтастық орнату қай уақытта да өзекті екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, ол Өскемен – Өлгей арасында әуе қатынасын жолға қойып, Өлгей қаласында Қазақстан елшілігінің консулдығын ашу секілді ұсыныстарын айтты. Моңғолия үкіметі, ол елдегі қандастарымызға тілін, салт-дәстүрін сақтауына үлкен мүмкіндік жасап келді. Қазір Баян-Өлгей аймағында қазақ тілінде білім беретін 50-ге жуық мектеп бар.
Сонымен бірге, Франциядан келген қандасымыз, Крейл қаласы әкімінің мәдениет саласы бойынша орынбасары Ешим Саваш Еуропадағы қазақ жастарына Парижде немесе басқа қалаларда арнайы форум өткізілсе, «Ата жолы» картасын алу жеңілдетілсе деген пікірін айтты. АҚШ-тың «Google» компаниясында қызмет атқаратын жерлесіміз Арай Сабыржан Қазақстандағы бос жұмыс орындары, инвестициялар және білім беру мүмкіндіктерітуралы өзекті ақпаратты таба алатын ақпараттық платформалар мен ресурстарды құру керек деген ойда. Форумның қорытынды сессиясында Өзбекстан қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов биыл іске қосылған «Ата жолы» картасы алыстағы ағайын көшін жетелейтін алтын бұйда екенін атай келе,«Күллі қазақтың басын қосқан осынау жиынды ұйымдастырған «Отандастар қорына» бар қазақтың атынан шынайы алғыс білдіреміз. Өзбекстанда 1989 жылы 4 миллион қазақ бар еді, 800-ге жуық мектебіміз болды. Қазір бір миллион көлемінде қазақ бар. Атамекенге көшіп келіп жатырмыз. Ендігі жерде «Ата жолы» картасы қазақ көшіне мол септігін тигізеді деп сенеміз» деді. Және де, ата-бабамыздың ғасырлар тереңінен бізге мұра еткен өнері мен мәдениетін әлем халықтары арасында насихаттау мен таратуды шетелдегі отандастармен бірлесе ілгерілетудің жайын «A-studio» музыкалық тобының продюсері Байғали Серкебаев сөз етті. Оның пікірінше, елдің беделін өнер арқылы қолдау қажет. Әрі осы мақсатта ол қазақ жастарымен тәжірибе бөлісуге дайын екенін тілге тиек етті. Оған қоса, Өзбекстан Республикасының Табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Расул Көшербаев Өзбекстандағы жастар мәселесін көтеріп, бірқатар ұсынысын ортаға салды. Айта кетейік, бұл форумда тіл мәселесі де айтылмай қалмады. Шеттегі қазақтардың өзге елде жүрседе тіл құрылымын бұзбай сақтап, арамызға әкелген рухани байлығында айта кеткен жөн. «Тіл қазына» басшысы Мақпал Жұмабай модераторлық еткен «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері» атты сессияда қазақ тілінің жанашырлары өз жұмыстарын таныстырып, ой-пікірлерін ортаға салды. Қазақ-Мажар «Барс қоры» мәдени байланыс бөлімінің меңгерушісі және еліміздің Мажарстандағы елшілігінің жанындағы «Абай» орталығының меңгерушісі Оңайша Мандокидің ұсынысымен қаны қазақ болмаса да, жаны қазақ жас ғалым Дәуіт Шомфаи Қара сөз алып:
– Әр халықтың рухани байлығы – ата-балаларданқалған ана тілі. Мен қазақ тілінің жанашырымын. Тіпті көшеде жүрген кезде орысша сөйлейтін кішкентай балаларға ескерту жасаймын. Жүрегім ауырады. Өйткені, қазақ тілін сақтасаңыздар, қыпшақ тілі де жойылмайды. Бір кездері дүниеге кең таралған қыпшақ тілі қазір Қазақстанда ғана ресми мәртебе алған. Ноғай, қарақалпақтардың жағдайын бүтін жаһан жақсы біледі. Мемлекеті жоқ, сәйкесінше ана тілдері бұрмаланып кеткен. Егер қазақтар ана тілін сақтап қалмаса, қыпшақ тілі жойылып кетер еді, – деді.
Жиын соңында «Отандастар қорының» басшысы Абзал Сапарбекұлы шетелден келген қонақтар мен баяндамашыларға алғысын білдіріп: «Күндердің күнінде жусанның иісі сіңген бауырлар бірге болады. Қандастарымызды 62 тамырдағы қан, атамекен жер, бауырын аңсаған ел тартады, Отанға оралып, тамырын бекітеді. Қиық құралып, құрақ болады. Әр қазақ туған жерге ту тігеді. Мен соған сенемін», деп жиынды қорытындылады.
Сөз соңында айта кетейік, 2023 жылы тамыздағы санақ нәтижесінде тәуелсіздік алған жылдан бері республикамызға 1 миллион 120,7 мың этникалық қазақ көшіп келіп, өсімімен 3 миллионнан аса қандасымыз еліміздің жан санының артуына, мәдениетіне, салт-дәстүріне, оқу-ағарту саласына, экономикасына, дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Елге келген қандастардың 62,7 пайызы – еңбекке қабілетті жастағылар, 30,7 пайызы – жасөспірімдер мен балалар, тек 6,6 пайызы ғана – зейнет жасындағылар деген нақты ақпарат көздері бар.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Көкшетау – Астана – Көкшетау.